Claude чат-ботының әзірлеушісі Anthropic IPO-ға дайындалу үшін заңгерлерді жалдады

Financial Times дереккөздеріне сүйенсек, Claude чат-ботын жасаған жасанды интеллект саласындағы стартап Anthropic IPO-ға дайындалу үшін Wilson Sonsini заң фирмасын тартты. Бұл IPO қор нарығы тарихындағы ең ірілердің бірі болуы мүмкін. Листингтің нақты мерзімі белгісіз болғанымен, Anthropic-тің соңғы қадамдары компанияның бұл бағыттағы жұмысын жеделдеткенін көрсетеді, деп жазады басылым.
Егжей-тегжейлі
FT сұхбат берген дереккөздердің айтуынша корпоративтік сегментке бағытталған Claude чат-ботының әзірлеушісі жақында Wilson Sonsini фирмасына биржаға шығу дайындығын бастауға тапсырма берген. Сондай-ақ стартап басшылығы ірі инвестициялық банктермен алдын ала сөйлесулер жүргізді. Бұл келіссөздер әзірге бейресми форматта өтіп жатыр, ал андеррайтерлерді таңдау кезеңіне әлі ерте. Соған қарамастан, бұл әрекеттер Anthropic-тің IPO дайындығының қарқын алғанын көрсетеді.
Anthropic өкілі: «Мұндай деңгейдегі компания үшін іс жүзінде жария компания стандарттарымен жұмыс істеу — қалыпты тәжірибе. Біз биржаға қашан шығатынымыз немесе мүлде шығамыз ба — бұл туралы нақты шешім қабылдаған жоқпыз», — деп мәлімдеді.
FT дереккөздерінің IPO мерзіміне қатысты пікірлері әртүрлі. Бір адамның айтуынша, Anthropic 2026 жылға қарай листингке дайын болуы мүмкін. Алайда компанияға жақын басқа дереккөз мұндай ерте IPO-ның екіталай екенін айтады. Осы уақытта стартап инвесторлары Anthropic OpenAI-ден озып, нарыққа бірінші болып шығуы мүмкін деп үміттенеді.
Контекст
Wilson Sonsini 2022 жылдан бері Anthropic-ке кеңес беріп келеді. Сол уақыттан бері ол Amazon-нан келген миллиардтаған инвестициялық мәмілелерді де сүйемелдеген. Бұл заң фирмасы бұған дейін Alphabet, LinkedIn және Lyft IPO-ларымен жұмыс істеген.
Anthropic-тің жария компанияға дайындалуы кадрлық өзгерістерді де қамтиды: өткен жылы стартаптың қаржы директоры болып Airbnb IPO-сына маңызды үлес қосқан Кришна Рао тағайындалды, деп атап өтеді FT.
OpenAI да IPO-ға алдын ала дайындалып жатыр, бірақ дереккөздер нақты мерзім туралы айтуға әлі ерте екенін айтады. Қазан айында OpenAI бағалауы $500 млрд-қа жетті. Ал Anthropic қарашада Microsoft пен Nvidia-дан $15 млрд инвестиция алуға келісім алды — бұл қаражат компанияны $350 млрд бағалауы мүмкін жаңа раундтың бір бөлігі болады.
Бұған қоса, Anthropic пайдаға OpenAI-ге қарағанда әлдеқайда ертерек шыға алады, деп жазды The Wall Street Journal қараша айында. WSJ деректеріне сәйкес, Anthropic 2028 жылы шығынсыз жұмыс деңгейіне жетуді жоспарлап отыр, ал OpenAI алғашқы пайдасын 2030 жылға дейін күтпейді.








