CoreWeave акцияларын сатып алуға тағы екі сарапшы кеңес берді

Melius Research және Wells Fargo Securities бұлтты провайдер CoreWeave акциялары бойынша «оң» ұстанымға көшті. Melius пікірінше, Nvidia-ның OpenAI-ға миллиардтаған доллар инвестициялау жоспары бүкіл жасанды интеллект (ЖИ) индустриясына үлкен әсер етеді. Ал Nvidia чиптері негізінде серверлерді жалға беретін CoreWeave осы үдерістің басты бенефициарларының бірі болмақ. Wells Fargo да есептік қуат тапшылығы компанияға тиімді болатынын атап өтті.
Неге Melius бағасын көтерді?
Melius Research сарапшысы Бен Рейтзес CoreWeave акцияларының рейтингін бейтараптан «сатып алуға» дейін көтеріп, мақсатты бағасын $128-ден $165-ке өсірді. Бұл 22 қыркүйектегі жабылудан 24% жоғары. Ол Nvidia-ның ChatGPT әзірлеушісі OpenAI-ға $100 млрд салу жоспары ЖИ нарығына ауқымды әсер ететінін айтты. Бұл келісім ЖИ үшін бұлтты есептеулерге сұраныстың артуын көрсетеді, ал CoreWeave бұл сұранысты қанағаттандыруға жақсы орналасқан деп есептейді.
ЖИ саласындағы бум чиптер мен электр энергиясының тапшылығына әкелді. CoreWeave екеуіне де қол жеткізе алады. Сондықтан компания қазірдің өзінде Nvidia, OpenAI, Microsoft, Meta және Google-мен жұмыс істейді. Nvidia CoreWeave-тің инвесторларының қатарында болғандықтан, компания жаңа ЖИ-жүйелерге алғашқылардың бірі болып қол жеткізеді. CoreWeave қуат көздері бойынша 2,65 гигаватт келісімшартқа қол қойған, бірақ әзірге оның бір бөлігі ғана іске қосылған.
«Nvidia-мен жаңа келісімдер мен басқа да бұлтты клиенттерді ескерсек, CoreWeave қолда бар қуатты ақшаға айналдыра бастайды. Сондықтан біз бағалауды көтердік», - деді Рейтзес.
Wells Fargo неге оптимистік көзқараста?
Wells Fargo Securities сарапшысы Майкл Туррин де акция рейтингін бейтараптан «нарықтан жоғары» деңгейге көтеріп, яғни сатып алуға кеңес берді. Мақсатты бағасы $105-тен $170-ке көтерілді. Бұл 28%-ға өсу әлеуетін білдіреді.
Турриннің айтуынша, «ЖИ нарығының ұзақмерзімді келешегі әлі белгісіз, бірақ есептік қуатқа сұраныс ұсыныстан асып тұр. Бұл тапшылық кемінде келесі жылдың басына дейін жалғасады». Оның ойынша, бұл шектеулер CoreWeave-ке пайдалы, себебі компания сұраныс пен ұсыныс теңгерімсіздігіне жақсы бейімделгенін дәлелдеген.
Инвестбанк өткен аптада жарияланған Nvidia-мен $6,3 млрд көлеміндегі қосымша келісімді де сенім факторы ретінде атап өтті. Шарт бойынша Nvidia 2032 жылдың 13 сәуіріне дейін CoreWeave пайдаланылмаған кез келген қуатын сатып алуға міндеттеледі. Турриннің айтуынша, бұл компанияға жаңа қуаттар салуға «ашық чек» береді. Ол қысқа мерзімде CoreWeave ресурстарын сатуда қиындық болмайды деп санайды, ал Nvidia-ның кепілдігі бизнес ауқымын кеңейтуге сенімділік береді.
Инвесторлар келісімнің қосымша егжей-тегжейін қарашада күтіп отыр, сол кезде CoreWeave үшінші тоқсан есебін жариялайды.
Басқа сарапшылар не дейді?
Өткен аптада CoreWeave тағы екі «сатып алу» ұсынымын алды, ол да Nvidia-мен жаңа келісімге байланысты. MarketWatch дерегінше, қазір бұл қағаздарға қатысты 28 сарапшының 11-і «сатып алу» керек дейді. Бір ай бұрын олардың саны сегіз еді, үш ай бұрын алтау болатын.
Дегенмен Уолл-стриттегі көпшілік әлі сақтық танытады: 15 сарапшы «ұстай тұруды» ұсынады, ал екеуі сатуға кеңес береді. Орташа мақсатты баға – $130, бұл қазіргі деңгейге жуық.
23 қыркүйек, сейсенбіде CoreWeave акциялары алғашында 2%-ға өсті, бірақ кейін 0,5%-ға түсіп, $132,5 болды. Наурыздағы IPO-дан бері қағаздар 242%-ға қымбаттады.








