Демалыс жоқ: тамыз — тарихи ең әлсіз айдың бірі, акцияларды не күтіп тұр?

2025 жылы тамыздың бірінші күні америкалық акциялар үшін мамырдан бергі ең нашар күн болды. Өйткені, АҚШ-тың кең нарық индексі саналатын S&P 500 1,6 пайызға төмендеді. Уолл-стриттегі қорқыныш индексі 20 пункттік психологиялық шектен асты.
Бұл құлдырауға Дональд Трамптың жаңа баж салығы және еңбек нарығына қатысты әлсіз статистика себеп болды. Салдарынан инвесторлар арасында рецессия қаупі қайта күшейді.
Дегенмен келесі сауда күні инвесторлар бағаның төмендегенін пайдаланып сатып алу процесін көбейте бастады. Соған қарамастан, кейбір сарапшылар тамыз айы әлі де күтпеген тосынсыйлар әкелуі мүмкін деген тұжырым жасап отыр.
Инвесторлар бұл айды неліктен ұнатпайды және мамандар жаңадан бастаушыларға не ұсынады — осы материалда баяндамақпыз.
Тарих нені үйретеді?
Тарихқа сүйенсек, тамыз — америкалық акциялар табыстылығы бойынша ең әлсіз екі айдың бірі. 1988 жылдан 2024 жылға дейінгі аралықта S&P 500 индексі тамыз айында орта есеппен 0,6 пайызға төмендеген. Мұндай деректерді Stock Trader's Almanac журналы ұсынады. Журнал сарапшылары индекстерді 1967 жылдан бері бақылап келеді.
АҚШ-тағы сайлаудан кейінгі жылдары (2025 жыл да сондай) тамыз — ақпан айынан кейінгі ең әлсіз ай болған. Бұл туралы Carson Group сарапшылары жазады.
1997 жылғы Азия дағдарысы, 1998 жылғы Ресейдегі дефолт, 2010 жылғы Еуропа банк дағдарысы және 2011 жылғы АҚШ мемлекеттік қарыз рейтингінің төмендеуі сияқты оқиғалар тамызда болған. Олар S&P 500 индексінің бір ай ішінде 4,7 пайыздан 14,6 пайызға дейін төмендеуіне әкелді.
Өткен жылы да тамызда күтпеген жерден Жапония банкі мөлшерлемені көтерді. Сол кезде АҚШ-та әлсіз экономикалық деректер шықты. Сол бір күннің ішінде S&P 500 индексі 3 пайызға төмендеді. Ал құбылмалылық индексі VIX 180 пайызға бір- ақ секірді.
Дегенмен бұл дүрбелең тез басылып, тамыз айын АҚШ қор нарығы оң нәтиже көрсетіп аяқтады.
Неліктен тамыз туралы ой бөлек?
Carson Group компаниясының бас нарық стратегы Райан Дитрих бұл жайды былайша түсіндіреді: «Менің ойымша, бұл кезде ірі басқарушылардың көбісі демалыста болады. Маңызды жаңалықтар шыққан сәтте нарық оларды тым эмоционалды қабылдайды. Өйткені сауда командалары асығыстық танытады, ал негізгі ойыншылардың болмауы жағдайды ушықтырады».
Оның пікірінше, бұған техникалық факторлар да әсер етеді. Сауда көлемі азайған кезде тіпті кішігірім ордерлер де бағаға әсер етеді. Бұл — волатильдікті күшейтетін жағдай. Өйткені өтімділік төмен болған кезде нарықта қарсы ұсыныстар аз болады. Сол себепті баға қозғалысы бірден күрт секіруге ұласады.
Stock Trader’s Almanac журналының бас редакторы Джеффри Хирш бұл пікірмен келіседі. Ол тамызда сауда көлемінің маусымдық төмендеуі инвестиция үшін қолайсыз екенін айтады. 4 шілдедегі мерекелік демалыстан кейін нарықтағы белсенділік біртіндеп әлсірей бастайды. Көптеген қатысушы сауда алаңдарынан кетеді, өтімділік азаяды. Бұл нарықты әлсіз етеді.
Инвесторлардың сенімі болмаған жағдайда, жазғы ралли ұзаққа созылмай, кері шегінуге немесе түзетуге ұласып жатады.
2025 жылдан не күтеміз?
Reuters жазуынша, ірі инвесторлар тамыздағы былтырғыдай құлдыраудан сақтанып, алдын ала портфельдерін қорғай бастады. Бұл жолы себеп — жаңа баж салықтары мен Таяу Шығыстағы шиеленіс.
UBS компаниясының Еуропа нарығына жауапты стратегия бөлімінің басшысы Джерри Фаулердің пікірінше, «Бұл жаз — нарықтық катализаторларға толы. Сондықтан демалысқа шығатындар аз болады».
IG компаниясының бас сарапшысы Крис Бошамның айтуынша, қазіргі тамыз былтырғыдан ерекшеленеді. Ірі технологиялық компаниялар мықты есептер жариялады. Carry trade тәуекелдері де бірінші орында тұрған жоқ. Алайда нарық әлі де осал күйде. Инвесторлар экономикалық тосынсыйларға әлі де сезімтал. Мысалы, инфляция деректері ФРЖ мөлшерлемесіне қатысты күтулерді өзгертуі мүмкін.
Егер тамызда тұтыну бағалары индексі (CPI) болжамнан жоғары шықса, бұл пайыздық мөлшерлеменің төмендеуі жайлы үміттерді жоя алады. Дәл осындай жағдай 2024 жылы болды. Күтпеген жоғары инфляция күтулерді күрт өзгертті, нәтижесінде нарықта жаппай сату толқыны басталды. Қазір фон салыстырмалы түрде тұрақты болғанымен, мұндай сценарийдің қайталану қаупі сақталып отыр.
Инвесторлар не істеуі керек?
Zacks Investment Research сарапшыларының пікірінше, тамыз бірден бірнеше бағыт бойынша тұрақсыздық әкелуі мүмкін.
Біріншіден, «жаңалық шыққанда сат» феномені жұмыс істейді. Яғни Трамп әкімшілігінің сауда келісімдері сияқты жағымды жаңалықтардан кейін инвесторлар пайдасын тіркеп, нарық төмендей бастайды. Екіншіден, «Баффет индикаторы» жаңа шекке жетті. Бұл қор нарығының шамадан тыс қызғанын көрсетеді. Осы факторлар жоғары тәуекелге меңзейді. Zacks сарапшылары соншалықты алға ұмтылудың қажеті жоқ деген пікірде.
Apollon Wealth Management инвестициялық директоры Эрик Стернер де осындай, бірақ макроэкономикалық бағыттағы көзқарас білдіреді.
Ол да соңғы ынталандыруларға қарамастан нарық қыза түсті деген ойда. Бұған ол мысал ретінде Трамптың бюджеттік заң жобасын Конгресстің мақұлдауы, сауда келіссөздерінің аяқталуын келтірген.
«Ралли орынды, бірақ тәуекелге деген құштарлық шектен тыс. Менің ойымша, біз төмен сапалы акцияларда кері шегінуді байқаймыз. Еңбек нарығы бәсеңдеп келеді, ал ЖІӨ деректері экономиканың баяулап жатқанын көрсетуде. Сондықтан мен инвесторларға ескерту жасаймын: қазір — тәуекелдерді толық елемей жүретін уақыт емес», — дейді Стернер.
Қарсы бағыттағы сигналдарға қарамастан, IG сарапшысы Крис Бошам инвесторлық тәртіп стратегиясына мән беру керек деп есептейді. «Негізгі кеңес өзгермейді — құбылмалылыққа алдын ала дайындалу керек, оған тек болған кезде әрекет етудің қажеті жоқ. Өткен жылғы сценарийдің қайталануын күтудің қажеті жоқ. Әр нарықтық цикл ерекше және жеке стратегияны қажет етеді», - дейді ол.
Оның пікірінше, әсіресе, тәуекелдерді басқару маңызды.
«Инвестиция көлемін дұрыс белгілеу, өтімділік қорын сақтау және нақты шығу стратегиясы арқылы сіз кез келген құбылмалылықты жеңе аласыз», — дейді Бошам.








