Инвесторлардың көңіл-күйінің өзгеруі және АҚШ қорғаныс компаниялары үшін жаңа тәуекел

Осы аптада АҚШ-тың қорғаныс және аэроғарыш саласындағы компаниялары қаржылық есептерін жариялай бастайды. 21 қазанда үшінші тоқсандағы нәтижелерін жариялайтындардың қатарында Lockheed Martin, Northrop Grumman және RTX Corporation бар. Бұл үш компания да Deutsche Bank және Morgan Stanley-дің ұсыныстары тізімінде тұр. Осы секторға инвестиция жасағанда нені ескеру керек?
Құндық акциялардан өсім акцияларына қарай бетбұрыс
Deutsche Bank есеп беру маусымы басталардан екі апта бұрын инвесторлардың қорғаныс секторын қабылдауы өзгергенін жазды: бұрынырақта олар бұл компаниялардың акцияларын «құндық» деп қараса, қазір «өсім беретін» акциялар деп санайды.
Бұл өзгеріске Lockheed Martin компаниясының екінші тоқсанда ескі келісімшарттар бойынша бір реттік 1,6 млрд доллар шығын жазуы да әсер етті. Инвесторлардың ойынша ірі компаниялар мүмкін болатын шығындардан өтіп, енді өсімге назар аудара бастады. Оған қосымша жаңа әскери бюджет заңы қолдау көрсетеді: келесі жылы қорғанысқа 156 млрд доллар бөлінеді. Сонымен бірге әскери техника экспортына сұраныс та жоғары (Foreign Military Sales бағдарламасы).
Deutsche Bank коммерциялық авиация секторындағы үшінші тоқсан есептері бойынша төрт негізгі тақырыпты атап өтті: қайта қарау (Revise), жеделдету (Reaccelerate), төзімділік (Resist) және позицияларды қалпына келтіру (Reclaim). «Біз секторға оптимизммен қараймыз, әсіресе жабдық жеткізушілер мен қозғалтқыштарды жөндеу қызметін бөліп көрсетеміз», — делінген банктің материалында.
Morgan Stanley де аэроғарыштық компаниялардың бағалары үшінші тоқсан есебінің алдында теңгерімді бола түсті деп атап өтті. Екінші тоқсан алдында олардың акциялары S&P 500 индексіне қарағанда шамамен 50% премиямен саудаланса, қазір бұл айырмашылық 38%-ға дейін төмендеді. Бұл — соңғы үш жылдағы орташа деңгейге (39%) жақын.
Сектор үшін тәуекелдер
Morgan Stanley сектор үшін негізгі тәуекелдердің бірі ретінде 1 қазанда басталған АҚШ-тағы үкіметтік шатдаунды (мемлекеттік жұмыстың тоқтауы) атайды. Оның салдары шатдаунның қанша уақытқа созылатынына байланысты.
«Әзірге жағдай қолайсыз болғанымен, аса қауіпті емес. Үкімет жұмысының қысқамерзімді тоқтауы ірі қорғаныс компаниялары үшін басқаруға болады. Бірақ ол ұзаққа созылса, тәуекелдер өседі», — дейді банк 15 қазандағы баяндамасында.
1976 жылдан бері АҚШ-та мемлекеттік қаржыландыру 20 рет тоқтаған. Morgan Stanley сарапшылары қазіргі жағдай 2013 жылғы шатдаунға ұқсайды дейді. Ол кезде бюджет келісімдері бекітілмей, үкімет 16 күн жұмыс істемеген, соның ішінде қорғаныс саласын қаржыландыру да толығымен тоқтаған. Сол уақытта қорғаныс компанияларының акциялары S&P 500 индексінен 3%-ға артта қалды, бірақ үкімет жұмысы қайта басталған соң 60 күн ішінде S&P 500-ден 10%-ға жоғары нәтиже көрсетті.
Morgan Stanley сондай-ақ үшінші тоқсан есептері кезіндегі конференц-қоңырауларда қорғаныс мердігерлері алғаш рет 2026 жылға болжам жасай бастайды деп күтеді. «Үлкен әсем заң» аясында қорғанысқа 150 млрд доллар бөлінген, оның ішінде 24,4 млрд доллар «Алтын күмбез» зымыранға қарсы қорғаныс бағдарламасына арналған. Бірақ шатдаун нақты келісімшарттарға қаржы бөлу процесін баяулатуы мүмкін. Сондықтан көп компаниялар келесі жылға арналған болжамдарында шығындардың өсуін толық ескермейді деп санайды Morgan Stanley.
Банк: «Сақ болжамдардан кейін акциялардың әлсіреуін сатып алу мүмкіндігі деп қарастырар едік», дейді. Аналитиктер болашақта қаржыландыру жағдайы айқындалғанда компаниялар болжамдарын қайта қарайды деп күтеді.
Сектор үшін тағы бір тәуекел — сирек жер металдары нарығындағы жағдайдың ушығуы. Қытай осы айда АҚШ-қа экспортқа қосымша шектеулер енгізді. Ал бұл металдар АҚШ әскери техникасы үшін өте маңызды. Банктің мәліметінше: Lockheed F-35 жойғышында — 920 фунт сирек металл бар, Arleigh Burke эсминецінде — 5200 фунт, Virginia сүңгуір қайығында — 9200 фунт бар.
Пентагон 2027 жылға дейін толықтай ішкі нарыққа сүйенетін жеткізу тізбегін құруды жоспарлап отыр.
Банктер қай компанияларға назар аударуды ұсынып отыр?
Morgan Stanley мен Deutsche Bank ең алдымен Northrop Grumman компаниясын ерекше бөліп көрсетеді.
Morgan Stanley бұл компанияны өздерінің негізгі инвестициялық таңдауы (top pick) қатарында қалдырды және акцияның мақсатты бағасын $625-тен $720-ға көтерді. Бұл 20 қазан күнгі жабылу бағасынан 19,6% жоғары. Банк компания сектордан озық нәтиже көрсетеді деп есептейді, себебі оның жобалар портфелі мықты және ақша ағыны өсіп келеді. Northrop Grumman қазіргі уақытта Boeing-пен бірге жаңа буын жойғыш ұшағы F/A-XX жобасын жасау үшін бәсекеге түсіп жатыр. Бұл жобаны ұтып алса, компанияның АҚШ авиация өнеркәсібіндегі позициясы күшейе түспек.
Deutsche Bank те Northrop Grumman бойынша болжамын жақсартты: компания акцияларының рейтингін «ұстап тұрудан» «сатып алуға» көтерді, ал мақсатты бағаны $575-тен $700-ға өсірді. Бұл 20 қазан күнгі бағадан 16,3% өсу әлеуетін білдіреді. Банк сарапшылары компания B-21 бомбалаушысын 2025 жылдың соңына дейін өндірісті жылдамдата алады деп күтеді. Сонымен қатар F/A-XX жобасы бойынша келісімшарт алу мүмкіндігін де жоғары бағалайды.
LSEG Workspace мәліметінше компанияның үшінші тоқсандағы түсімі $10,7 млрд болады деп күтілуде, бұл былтырғыдан 7% жоғары. Бірақ акцияға шаққандағы пайда $7,02-ден $6,46-ға төмендеуі мүмкін.
RTX Corporation. Morgan Stanley таңдауларындағы тағы бір компания — RTX Corporation. Банктің пікірінше компанияның акцияларын ықтимал түзетулер кезінде сатып алу тиімді. RTX корпорациясының артықшылығы — бизнесінің кең әртараптандырылғаны: азаматтық авиация, қозғалтқыштар, қорғаныс технологиялары.
Morgan Stanley 23 шілдеде компания бойынша «нарықтан жоғары» рейтинг берді және мақсатты бағаны $165-тен $180-ға көтерді, бұл 20 қазан күнгі жабылу бағасынан 12% жоғары.
Deutsche Bank те RTX Corporation бойынша оң көзқарас танытып отыр. 8 қазанда олар компанияға «сатып алу» рейтингін сақтап, мақсатты бағаны $172-ден $195-ке көтерді. Бұл 21,3% өсім әлеуетін білдіреді. Банк сарапшылары RTX қысқа және ұзақ мерзімде тұрақты пайда көрсете алады деп санайды.
LSEG-тің мәліметінше үшінші тоқсанда компанияның акцияға шаққандағы пайдасы 8% төмендеп, $1,41 болады деп күтіледі, ал түсімі 6% өсіп, $21,3 млрд болуы мүмкін.
Howmet Aerospace. Бұл компанияны да екі банк бірдей қарастырып отыр. Howmet Aerospace үшінші тоқсан есебін 30 қазанда жариялайды. Morgan Stanley оны «компоненттер жеткізушілері арасындағы ең күшті компания» деп санайды. Екінші тоқсанда компания жақсы нәтиже көрсеткендіктен, инвесторлар пайдасын қысқа мерзімде бекітіп сатуы мүмкін, сондықтан банк мұндай жағдайда акцияны төмендеген кезде сатып алуға кеңес береді.
Deutsche Bank Howmet Aerospace бойынша «сатып алу» рейтингін сақтап қалды, ал мақсатты бағаны $220 деңгейінде қалдырды, бұл 14,3% өсу әлеуетін білдіреді. Банк сарапшылары компанияның EBITDA көрсеткіші нарық күтулерінен 1–5% жоғары болады деп болжап отыр. Олар Howmet компаниясын Boeing және Airbus өндіріс қарқынының қалпына келуінен негізгі пайда алатын компания деп санайды.
LSEG-тің мәліметінше үшінші тоқсанда компанияның түсімі $2 млрд, ал акцияға шаққандағы пайдасы $0,91 болады деп күтілуде.
Lockheed Martin. Morgan Stanley Lockheed Martin акцияларының мақсатты бағасын $530-дан $630-ға көтеріп, компанияға «нарықтан жоғары» (outperform) рейтингін сақтады. Бұл 20 қазан күнгі жабылу бағасынан 24,5% өсу әлеуетін білдіреді. Банк пікірінше, Lockheed Martin — «Алтын күмбез» (Golden Dome) зымыранға қарсы қорғаныс бағдарламасының және АҚШ әскери бюджетінің өсуінің негізгі бенефициарларының бірі.
Сарапшылар компанияның үшінші тоқсанда book-to-bill көрсеткіші (жаңа тапсырыстар көлемінің орындалған жұмыстарға қатынасы) күшті болады деп күтеді. Себебі жақында 296 дана F-35 жойғыш ұшағын жеткізу туралы $24,3 млрд көлеміндегі үлкен келісімшарт бекітілді. Бұл келісім жалпы компания кірісінің шамамен 30%-ын құрайды.
Бұдан бөлек, банк тағы екі ірі келісімшартты атап өтті: 99 дана CH-53K тікұшағын жеткізу — $10,9 млрд, Patriot жүйесіне арналған зымыран-тосқауылдағыштар өндірісі — $9,8 млрд.
Morgan Stanley Lockheed Martin-нің еркін қаржалай ағыны (free cash flow) бойынша болжамын $3,11 млрд деп берді. Бұл нарық күткен $2,89 млрд көрсеткішінен жоғары.
LSEG Workspace дерегіне сай, компанияның үшінші тоқсандағы акцияға шаққандағы пайдасы 6,9%-ға төмендеп, $6,36 болуы мүмкін, түсімі 8,8%-ға өсіп, $18,6 млрд деңгейіне жетеді деп күтілуде.








