Ұлттық қауіпсіздік: Дональд Трамп мемлекеттік капитализмнің өз нұсқасын қалай құруда

АҚШ президенті Дональд Трамптың әкімшілігі Intel компаниясымен бұрын-соңды болмаған келісім жасады — үкімет компания акцияларының шамамен 10%-ына иелік етеді. Бұған дейін де америкалық билік қиын жағдайға тап болған компаниялардың капиталына кірген, бірақ бұл жолы елде экономикалық дағдарыс жоқ кезде жүзеге асты.
Субсидияны бақылауға айналдыру
Трамп әкімшілігі іс жүзінде Intel компаниясының 9,9% акциясын алды да, оның ең ірі акционері атанды. Бұл үшін бір цент те төленген жоқ — үлес мемлекетке CHIPS and Science Act аясында берілген субсидиялар арқылы өтті. Осылайша гранттар компания капиталына үлеске айналды. Мемлекеттік көмек акцияға 20,47 $ бағамен конвертацияланды, бұл 22 тамыздағы сауда жабылғандағы нарықтық бағадан 17,5% төмен.
CHIPS Act 2022 жылы қабылданған, мақсаты — АҚШ-та чип өндірісін дамыту. Заң аясында 52,7 $ млрд көлемінде субсидия бөлініп, отандық және шетелдік өндірушілерге зауыт салу, жаңғырту, зерттеу және технологиялық даму үшін қолдау көрсетілді. Сонымен бірге америкалық чип өндірісіне инвестиция салған компанияларға салықтық жеңілдіктер берілді.
Intel Secure Enclave бағдарламасына да кірді. Бұл — қорғаныс технологиялары мен әскери жүйелердің қауіпсіз жұмысын қамтамасыз ететін стратегиялық маңызы бар кәсіпорындарға мемлекет тарапынан инвестиция. Яғни ұлттық қауіпсіздікке тікелей қатысты. Компания АҚШ-ты ішкі өндірістен шыққан микросхемалармен қамтуы тиіс.
Intel үшін жалпы қолдау көлемі 11,1 $ млрд болды. Оның 8,9 млрд доллары үлеске айналдырылды, ал 2,2 млрд $ грант түрінде қалды.
Қарапайым тілмен айтқанда, бастапқыда Intel тек зауыт салуға уәде етіп, субсидияны тегін алған еді. Бірақ келісімнен кейін мемлекет үлес иесі болып, компанияға әсер ету және пайда табу құқығын алды. Дегенмен, директорлар кеңесіне кірмейді әрі ішкі ақпаратқа қол жеткізе алмайды.
Бір жағынан, компания миллиардтаған доллар алып, ұлттық қауіпсіздік үшін өнім шығарады. Екінші жағынан, АҚШ билігі стратегиялық кәсіпорынды бақылауға алып, Қытай сияқты қарсыластарға тәуелділікті азайтады.
Бәрі ұтқандай көрінгенімен, бір ерекшелік бар: Intel жағдайына дейін АҚШ мемлекеті нарыққа сирек араласатын. Енді алғаш рет дағдарыссыз және соғыссыз кезеңде субсидия акцияға айналды.
Әуелі сына, сосын сатып ал
Бұл оқиға Трамптың өмірлік ұстанымдарының бірімен басталды — «Шабуылда, шабуылда, шабуылда».
Бұл жолы ол «сыннан» бастады.
Тамыз ортасында президент Intel компаниясының бас директоры Лип-Бу Танның Қытаймен байланысына байланысты отставкасын талап етті.
Оған ҚХР билігімен және әскери секторымен байланыс орнатты деген айып тағылды. Сондай-ақ ол басқа чип өндірушілерге инвестиция құйған. Бұған қоса, ол басқарған Cadence Design Systems компаниясы Қытайдың Ұлттық қорғаныс технологиялары университетіне жабдық жеткізгені үшін АҚШ санкцияларын бұзды деп, 140,6 млн $ айыппұл төледі.
Сенатор-республикалық Тим Коттон Intel директорлар кеңесіне хат жолдап, түсініктеме талап етті. Оған тағы бірнеше саясаткер қосылды. Осылайша Вашингтоннан қысым басталды.
Кейін Трамп пен Тан Ақ үйде кездесіп, президент бұл кездесуді «өте қызық» деп сипаттады. Біршама уақыттан соң мемлекет компанияның үлесін алатыны белгілі болды.
Бұл тәсіл АҚШ үшін бұрыннан қолданыста. Мысалы, Nippon Steel компаниясының U.S. Steel-ді сатып алу жоспары кезінде үкімет «алтын акция» арқылы бақылау талап еткен еді. Сондай-ақ Трамп Nvidia мен AMD-ден Қытайға жасанды интеллект чиптерін сатудан 15% төлем алуды қамтамасыз етті.
Мемлекет араласуының тарихы
Intel оқиғасы АҚШ-тағы алдыңғы тәжірибелерден өзгеше.
1970-жылдары жолаушы тасымалы дағдарысқа ұшырағанда, мемлекет Amtrak компаниясын құрды. 1976 жылы Conrail де дәл солай пайда болды.
2008 жылғы дағдарыста ипотекалық алпауыттар Fannie Mae мен Freddie Mac мемлекет бақылауына өтті. Олар әлі күнге дейін бюджетке табыс әкеледі.
2009 жылы General Motors пен Chrysler құлдыраудың алдында тұрды. GM 50 млрд $ көмек алып, мемлекет оның 61% акциясына иелік етті. Chrysler 12,5 млрд $ алды, ал қазынашылық 6% үлеске ие болды. Кейін мемлекет бұл компаниялардан толық шықты.
GM-ге бөлінген қаржыдан 11 млрд $ шығын болса да, 1,4 млн жұмыс орны сақталды. Егер көмек болмаса, жұмыссыздар саны екі есе артатын еді.
AIG сақтандыру алпауытына 182 млрд $ бөлініп, мемлекет 80% үлесті иеленді. Кейіннен пайдамен шықты. Citigroup банкі де 45 млрд $ алды, ал қазынашылық оның 27% акциясына иелік етті. 2011 жылы мемлекет бұл үлесті сатты.
Жаңа мемлекеттік капитализм әлде социализмге қадам ба?
Мемлекет әдетте дағдарыс кезінде компанияны құтқару үшін үлеске кіреді. Кейін реформа жүргізіп, акцияны қайта сатады.
Intel жағдайы бұл алгоритмге сәйкес келмейді. Қаржылық күйреу қаупі жоқ, дағдарыс жоқ. Бұл — Қытаймен технологиялық бәсекеге дайындық.
Келісімге сәйкес, егер Intel контракттық бизнес үлесін 51%-дан төмендетсе, мемлекет тағы 5% акцияны 20 $ бағамен сатып ала алады. Бұл құқық 5 жылға жарамды.
Бұл саясатты Конгресстегі Рэнд Пол қатты сынға алды. Оның ойынша, егер социализм — мемлекеттің өндіріс құралдарына иелік етуі болса, онда Intel акциясының 10%-ын алу социализмге қарай қадам.
Intel үлгісі басқа компанияларға да қолданылуы мүмкін. Ақ үй өкілдері мұны жанама түрде растады. Яғни CHIPS Act аясында қаржыландырылған компанияларға үлес алу мүмкіндігі қарастырылуда.
Демек, Трамп әкімшілігі қауіпсіздік мүдделерін алға тартып, компанияларға мемлекетпен «ынтымақтастықтың» бірнеше нұсқасын ұсынады.
Мысалы, Apple-ге — 500 млрд $ көлемінде зауыт құрғызу. Intel-ге — стратегиялық қателіктер мен технологиялық артта қалудан кейін көмек беру.
Нұсқалар көп.








