«Келісімсіз тәуекел: АҚШ-та «экспорт салығы» немен аяқталуы мүмкін

АҚШ президенті Дональд Трамп жұма күні, 15 тамызда Анкориджге жолда келе жатып, журналистерге АҚШ-тағы жартылай өткізгіштер импортына баж салығы 300%-ға дейін жетуі мүмкін екенін айтты. Ал өткен апта басында ол Nvidia мен Advanced Micro Devices (AMD) компанияларына бұрын шектелген жасанды интеллект чиптерін Қытайға сатуға рұқсат берді. Шарт – мұндай сатылымнан компаниялар табыстың 15%-ын бюджетке аударады.
Bloomberg-ке пікір білдірген АҚШ-тың бұрынғы сауда өкілі, қазір Сингапурдағы Оңтүстік-Шығыс Азияны зерттеу институтында (ISEAS – Yusof Ishak Institute) жұмыс істейтін Стивен Олсон мұны былай сипаттады: «Мұны әдеттен тыс немесе бұрын-соңды болмаған жағдай деу – тым жұмсақ айту. Бұл іс жүзінде АҚШ сауда саясатын ақшаға айналдыру. Америкалық компаниялар экспортқа рұқсат алу үшін үкіметке ақша төлеуге мәжбүр. Егер солай болса, біз жаңа әрі қауіпті кезеңге қадам бастық».
Мұндай «келісім», Трамптың сөзімен айтқанда, мүлде конституцияға қайшы болуы мүмкін, дейді заңгерлер. Бірақ олар бұған нақты баға бере алмайды, себебі мұндай тәжірибе бұрын-соңды болмаған. Сарапшылардың ойынша бұл қадам АҚШ экономикасын мемлекеттік капитализмге жақындатуы ықтимал.
«Кішкентай келісім»
Трамптың айтуынша Nvidia Қытайға H20 процессорын сатудан түсетін табысының 15%-ын бөліседі. Алдымен ол 20% төлеуді ұсынған, бірақ ақыры тараптар «кіші келісімге» келіп, 15%-ға тоқтаған. Дәл осылай, AMD де Қытайға MI308 процессорын сатудан түскен табысының бір бөлігін бюджетке береді.
Nvidia H20 моделін Қытай нарығына арнайы жасап шығарды. Өйткені 2023 жылдың соңында Джо Байден әкімшілігі компанияның дамыған ЖИ-чиптерін экспорттауға шектеу қойған. H20 қуаты төменірек болғанымен, деректерді өңдеу қабілеті жасанды интеллектке заңдылықтарды тануға жеткілікті. Қытайлық чип өндірушілер алдыңғы қатарлы үлгілерден артта қалып отыр және нарық сұранысын қамтамасыз ете алмайды.
2024 жылдың сәуірінде Трамп әкімшілігі экспорттық бақылауды күшейтіп, Қытайға чиптерді тек арнайы рұқсатпен сатуға мәжбүрледі. Nvidia басшысы Дженсен Хуанг мұның салдарынан Қытай нарығы «толық жабылды» деді. Бірақ шілдеде Вашингтон компанияларға Қытайға арнайы үлгілерді сатуды қайта бастауға рұқсат етті.
Шекара бұзылды
Fuller Treacy Money инвестициялық бюллетенінің баспагері Йон Триси пікірінше бұл келісім – лоббистердің «жұмысының айқын нәтижесі». Алайда тәуекелдер де көп. Конгресс мүшелері ұлттық қауіпсіздік мәселесін «ақшамен шешу» тәжірибесі қауіпті прецедентке айналатынын ескертті.
Республикалық Джон Муленар: «Экспорттық бақылау – ұлттық қауіпсіздігіміздің алдыңғы шебі. Біз Қытайға жасанды интеллект мүмкіндіктерін күшейтетін технологияларды сату үшін лицензияны ақылы негізде бермеуіміз керек» деді. Оның әріптесі, демократ Раджа Кришнамурти қосып айтты: «Бұл әрекетпен біз Қытайға да, одақтастарымызға да ұлттық қауіпсіздік қағидаттарын сатып алуға болатынын көрсетеміз».
Сарапшылардың айтуынша бұл шешім АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысында «бейбіт мәміле» жасауға ұқсайды.
«Тайғақ жол»
Bernstein талдаушыларының пікірінше мұндай тәжірибе – «қауіпті соқпақ». Nvidia мен AMD-нің Қытайдан түсетін жалпы табысы 5–15 пайыздық тармаққа азаюы мүмкін. Бірақ кей сарапшылар үшін бұл – нарыққа қайта жол ашатын «құтқарушы келісім».
Бірақ мәселенің ауқымы кең. Бұл АҚШ-тың стратегиялық экспорттық тауарларын «салыққа байлау» прецедентін тудырады. Сауда саясаты сарапшысы Дебора Элмс атап өткендей, «Қазір шектеу жоқ. Нақты компания мен нақты ел үшін кез келген комбинация ойлап табуға болады: «басқасы сата алмайды, бірақ сіз бізге төлесеңіз – сата аласыз».
АҚШ қаржы министрі Скотт Бессент мұндай келісімді болашақта басқа салаларға да қолдануға болатынын айтты. Оның пікірінше, «салық төлеушілер өз үлесін алады», ал түскен қаржы қарызды азайтуға жұмсалады.
Мемлекеттік капитализмге бетбұрыс
Сарапшылардың айтуынша мемлекет пен бизнестің мұндай араласуы АҚШ-та «мемлекеттік капитализмнің америкалық нұсқасына» жол ашуы мүмкін.
Bloomberg-ке пікір білдірген Скотт Кеннеди: «Бұл – АҚШ экономикасының жұмыс істеу тәсіліндегі үлкен өзгеріс. Одан пайда көретін бірден-бір тарап – Қытай» деді.
The Wall Street Journal экономикалық шолушысы Грег Ип те Трамптың саясаты «Қытай компартиясының тәсілін қайталауға» ұқсайтынын жазады.
Соңғы мысалдардың қатарында – Трамптың Intel басшысын Қытаймен байланысы үшін қызметінен кетіруді талап етуі, Nippon Steel-дің U.S. Steel-ді сатып алуына тек «алтын акция» шартымен рұқсат берілуі және одақтастардан $1,5 трлн инвестиция талап етуі бар.
Сара Крепс, Корнелл университетінің профессоры: «Қазіргі әкімшілік үшін кез келген мәселе саудаласу нысанына айналуы мүмкін. Nvidia мен AMD келісімі – соңы емес» деді.








