БастыReview
Бөлісу

LVMH есебі қарсаңында: инвесторлар компания менеджментіне қоюы тиіс 7 сұрақ

Едіге  Қасымжан

Едіге Қасымжан

LVMH есебі қарсаңында: инвесторлар компания менеджментіне қоюы тиіс 7 сұрақ

14 қазанда люкс индустриясының алыбы — LVMH компаниясы үшінші тоқсан бойынша қаржылық есебін жариялайды. Банктердің болжамынша компания баяу болса да, бизнесінің біртіндеп қалпына келе бастағанын хабарлауы мүмкін.

Жыл басынан бері LVMH акциялары шамамен 15% арзандады, ал бірінші жартыжылдықта олардың құны үштен бірге түскен еді — бағамдар 2020 жылғы деңгейге дейін төмендеді. Шілдеден бастап акциялар біртіндеп өсім көрсете бастады.

LSEG деректері бойынша үшінші тоқсанда компанияның түсімі €18,2 млрд болады деп күтілуде — бұл өткен жылғы көрсеткіштен 4,5% төмен.

Екінші тоқсан қорытындысы бойынша LVMH түсімі 4%-ға азайып, €19,5 млрд-қа түскен. Ал жартыжылдықтағы таза пайда 22%-ға төмендеп, €5,7 млрд болды (LVMH таза пайда туралы есепті жылына екі рет жариялайды). Компанияның басты бағыты — мода мен былғары бұйымдары сегментіндегі органикалық сатылымдар 9%-ға қысқарып, €9 млрд болды. Бұл аналитиктердің күткенінен де (–7%) нашар нәтиже. LVMH мұны Жапониядағы сұраныстың әлсіреуімен байланыстырды — былтыр елге туристер ағыны жоғары болған еді, биыл бұл белсенділік бәсеңдеді.

Аналитиктерден аздаған оптимизм

Citi сарапшысы Томас Шове үшінші тоқсанда компания негізгі бағыттарында аз да болса жақсарған нәтижелер көрсетуі мүмкін деп санайды. Citi-дің бағалауынша күтілетін түсім €17,99 млрд, яғни жылдық салыстырмалы өсім бойынша –1%, ал валюта айырмасын ескергенде –6%. Мода мен былғары сегментіндегі органикалық сатылымдар 4%-ға азаяды деп күтіледі — бұл екінші тоқсандағы күрт құлдыраумен салыстырғанда жақсару саналады.

Kepler Cheuvreux 1 қазандағы есебінде LVMH акциялары бойынша «сатып алу» ұсынымын сақтап, мақсатты бағасын €580-нен €600-ге көтерді — бұл сол күнгі жабылу бағасынан 14,5% жоғары. Компанияның болжамы бойынша, үшінші тоқсанда түсім €18,1 млрд болады.

Kepler сарапшылары екінші тоқсандағы әлсіз көрсеткіштен кейін сатылым динамикасында аздаған оң өзгеріс күтеді — жылдық көрсеткіш бойынша –1% (бұрын –4%). Ал мода мен былғары сегментіндегі сатылымның –4% болуы ықтимал.

LVMH-тің негізгі табыс көзі — Louis Vuitton бренді. Ал Fendi, Celine және Dior маркалары, керісінше, компанияның жалпы нәтижелерін төмендетіп отыр.

Ұзақ мерзімде Kepler Cheuvreux компанияның ең қиын кезеңі артта қалды деп есептейді. 2026 жылы органикалық өсімнің 4% деңгейінде қалпына келуі және маржаның жақсаруы күтілуде. Бұған жаңа дизайнерлік коллекциялар циклі мен Қытайдағы тұтынушылық сұраныстың тұрақтануы әсер етеді.

Аналитиктердің ескертуі

Kepler Cheuvreux ескертеді: үшінші тоқсандағы сатылымның жақсаруы нақты сұраныстың артуынан емес, өткен жылғы төмен база әсерінен болуы мүмкін. Ерекше жағдай — АҚШ нарығы. Онда салыстырмалы сатылымдар үшінші тоқсанда 3%-ға өсуі мүмкін, ал екінші тоқсанда өсім болмаған.

Дегенмен, сарапшылар төртінші тоқсанда компаниядан жағымсыз жаңалықтар күтілуі мүмкін дейді: сатылым тағы 2%-ға төмендеуі ықтимал. Бұл жолы да салыстыру базасы әсер етеді — өткен жылы АҚШ пен Еуропада осы кезеңде сатылым жоғары болған. Ең әлсіз сұраныс — Азияда, әсіресе Қытайда. Ал Жапонияда жағдайдың біртіндеп жақсаруы күтіледі.

UBS сарапшылары да ең қиын кезең артта қалды деп санайды, бірақ жақын уақытта айтарлықтай серпін болмайды деп болжайды. 29 қыркүйекте UBS «бейтарап» рейтингін сақтап, мақсатты бағасын €487-ден €513-ке көтерді. Алайда бұл 13 қазандағы жабылу бағасынан 5,3% төмен.

UBS 2025 жылға арналған акцияға шаққандағы пайда болжамын 1,5%-ға төмендетіп, €2,14 деп белгілеген. Сондай-ақ мода мен былғары сегментінің органикалық сатылымы бойынша болжамды –6% (бұрын –5%) деп, ал сағат пен зергерлік бұйымдар сегменті бойынша –1% төмендеді деп жаңартқан.

Barclays те LVMH акцияларына «бейтарап» (Equal Weight) рейтинг беріп отыр: банк алдағы кезеңде компанияның өсуіне түрткі болатын айқын факторлар аз дейді. АҚШ нарығында өсімнің баяулауы — негізгі тәуекелдердің бірі. Сол себепті 2025 жылы мода бағыты минус аймақта қала береді, бұл LVMH-тің жалпы табысына қысым түсіреді.

Инвесторлар қандай сұрақ қоюы керек?

UBS сарапшыларының пікірінше, алдағы есеп кезінде инвесторлар төмендегі жеті негізгі сұраққа назар аударады:

— LVMH баға саясатын қалай өзгертеді? АҚШ баж салығы бизнеске әсер етіп жатқан тұста бұл шешуші мәселе болмақ.

— Мода мен былғары сегментінің маржасы қандай болады? Сатылымның төмендеуімен бірге қандай болжам ұсынбақ?

— Қытай тұтынушыларының белсенділігіне қарай әр сегментте сатылым қалай өзгереді?

— Доллардың әлсіреуінен (жыл басынан бері 9%-ға түсті) компания маржасына қандай әсер болады?

— Компания сән бутиктерінің желісін оңтайландыруды жоспарлап отыр ма?

— Алтын бағасының қымбаттауына байланысты (7 қазанда унциясы $4000-нан асты, жыл басынан бері +50%) зергерлік бөлім қандай шаралар қабылдап жатыр?

— Коньяк нарығындағы жағдай қалай өзгеріп жатыр, әсіресе АҚШ-та? 2025 жылдың алғашқы жартысында алкоголь сегментінің операциялық пайдасы 33%-ға төмендеп, €524 млн болды — бұл LVMH бизнесіндегі ең қатты құлдырау.

LSEG мәліметінше LVMH бойынша талдау жүргізетін 29 аналитиктің ішінде:

17-сі «сатып алу»,

10-ы «ұстап тұру»,

2-і «сату» ұсынымын берген.

Орташа мақсатты баға — €560,7, бұл 13 қазандағы жабылу бағасынан 3,8% жоғары.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары