БастыЖаңалықтар
Бөлісу

Meta табысының 10%-ы алаяқтық жарнамадан түсуі мүмкін — Reuters. Акциясы құлдырады

Венера  Сайфутдинова

Венера Сайфутдинова

Oninvest тілшісі
Meta табысының 10%-ы алаяқтық жарнамадан түсуі мүмкін — Reuters. Акциясы құлдырады

Reuters агенттігіне түскен ішкі құжаттарға сәйкес, Meta 2024 жылы алаяқтық схемалар мен тыйым салынған тауарларды жарнамалаудан табысының 10%-ына дейін пайда түседі деп күткен. Құжатта былтыр компания мұндай жарнамалардан $16 млрд табыс болады деп болжағаны жазылған.

Meta-ның 2024 жылға арналған есебінде жалпы табыс $153,04 млрд болғаны көрсетілген, оның 98%-ы жарнамадан түскен.

6 қарашадағы саудада Meta акциялары 2,5%-ға арзандады. Жыл басынан бері компанияның нарықтық құны шамамен 6%-ға өсті

Егжей-тегжейі

Reuters агенттігінің қолына түскен ішкі құжаттар бойынша, кейінгі үш жылда Facebook, Instagram және WhatsApp әлеуметтік желілері қолданушыларға алаяқтықпен байланысты жарнамаларды көптеп көрсеткен. Бұл жарнамалар онлайн сауда, инвестициялық схемалар, заңсыз казинолар мен тыйым салынған медициналық өнімдерге қатысты болған. 2024 жылғы желтоқсандағы бір құжатта қолданушылар күн сайын алаяқтық белгілері бар 15 миллиардқа жуық «тәуекелі жоғары» жарнама көретіні жазылған. Reuters мәліметінше, Meta осы санаттағы жарнамалардан жылына шамамен 7 миллиард доллар табыс тапқан болуы мүмкін.

Агенттіктің жазуынша, мұндай жарнамалардың көп бөлігі Meta ішкі алгоритмдері «күмәнді» деп белгілеген жарнама берушілерден шыққан. Алайда Meta оларды тек алаяқтықтың ықтималдығы 95%-дан асқанда ғана бұғаттайды. Егер қауіп жоғары болғанымен, сенімділік деңгейі төмен болса, компания ондай жарнама берушілер үшін бағаны қымбаттатады — осылайша жарнама беруден бас тартуға итермелейді.

Reuters-тің дерегінше, реттеуші органдардың әлеуметтік желілердегі алаяқтыққа байланысты қысымы артқан шақта, Meta басшылығы 2024 жылдың қазанында Марк Цукербергке «жұмсақ тәсіл» жоспарын ұсынған. Құжат бойынша, компания нақты шараларды тек тексерістер мен айыппұл қаупі жоғары елдерде ғана қолға алмақ болған. Осы кездесуден кейін Meta басшылығы 2024 жылы мұндай жарнамалардан түсетін табыстың үлесін 10,1%-дан 2025 жылдың соңына дейін 7,3%-ға, ал 2026 жылдың соңына дейін 6%-ға дейін азайту мақсатын қойған.

Компания мұндай жарнама үшін айыппұлдар болатынын мойындап отыр. Reuters келтірген бір материалда бұл санкциялардың мөлшері 1 миллиард долларға дейін жетуі мүмкін делінген. Алайда 2024 жылғы қарашадағы тағы бір құжатта бұл айыппұлдар тәуекелі жоғары жарнамадан түсетін табыстан айтарлықтай аз екені жазылған.

Meta өкілі Reuters-ке бұл материалдар компанияның алаяқтықпен күресу тәсілін бұрмалап көрсететін іріктелген ақпарат екенін айтты. Оның сөзінше, күмәнді жарнамадан түскен табыс туралы ішкі есеп «шамамен алынған және тым кең болжам» болған. Кейінірек Meta бұл сома шын мәнінде аз екенін анықтаған, өйткені бастапқы есепке көптеген заңды жарнама түрлері де кіріп кеткен. Өкілдің айтуынша, бұл есеп тек алаяқтықпен күреске бөлінетін инвестицияларды жоспарлау үшін жасалған. Компания бұл бағыттағы қаржыны игергенін де атап өтті.

АҚШ-тың Бағалы қағаздар және биржалар жөніндегі комиссиясы мен Ұлыбритания реттеушісі Reuters сұрауына жауап бермеген.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары