Нью-Йорктағы таң: нарықтар тұтынушылардан сигнал күтуде

Freedom Capital Markets Research директорының орынбасары Михаил Денисламовтың АҚШ қор нарығына арналған күнделікті шолуы мен болжамы.
Бүгіннен не күтеміз
Бүгінгі негізгі макроэкономикалық оқиға — Мичиган университетінің қазан айына арналған тұтынушылар көңіл-күйі индексінің алдын ала деректері (консенсус: 54,3, алдыңғы мәні: 55,1). Бұл есеп Шығыс уақытымен (ET) сағат 10:00-де жарияланады. Үкіметтің жұмысы уақытша тоқтап, ресми статистика қолжетімсіз жағдайда бұл көрсеткіш экономиканың жай-күйін бағалауға болатын санаулы индикаторлардың бірі болмақ. Біз индекс бұрынғы диапазонда сақталады деп күтеміз. Инвесторлар әсіресе инфляциялық күтулер компонентіне назар аударады. Егер бұл көрсеткіш төмендесе — нарық оны ФРЖ-ның «көгершіндік» бағытын жалғастыру мүмкіндігінің айқын белгісі ретінде қабылдар еді, ал өсім керісінше, реттеушіге қысым түсіріп, бағамдарға теріс әсер етуі мүмкін.
АҚШ президенті Дональд Трамп кеше кешке үкімет жұмысының тоқтауын демократтар арасында танымал мемлекеттік бағдарламаларды тұрақты түрде қысқарту үшін пайдаланатынын тағы ескертті. Мұндай мәлімдемелер саяси поляризацияны күшейтіп, компромиске қол жеткізу мүмкіндігін төмендетеді, бұл нарықтық көңіл-күйге теріс әсер етеді.
АҚШ қор индекстерінің фьючерстері таңертең бейтарап қозғалыс көрсетіп тұр. Тәуекел теңгерімі бейтарап, құбылмалылық орташа деп бағаланады. Біз S&P 500 индексінің 6690–6770 тармақ аралығында (алдыңғы жабылу деңгейінен -0,7% – +0,5%) ауытқуын күтеміз.
Назарда
— Elastic (ESTC) акциялары премаркетте 10%-дан астамға өсті. Компания Jina AI платформасын сатып алғанын, $500 млн көлемінде акцияларды кері сатып алу бағдарламасын бастағанын және жылдық болжамды оң бағытта жаңартқанын жариялады.
— Applied Digital (APLD) акциялары тоқсандық есептен кейін 23%-дан астамға өсті. EPS болжамнан жоғары шықты, ал кіріс бір жылда 84%-ға артты. Бұл цифрлық инфрақұрылым мен деректер орталықтары сегментіндегі оң трендті күшейтті.
— Apogee Enterprises (APOG) қағаздары 2%-дан астам өсті. Компанияның тоқсандық пайдасы мен кірісі болжамнан жоғары болды. Басшылық негізгі шығындардың азайғанын және маржиналдықтың артқанын атап өтті. Инвесторлар компанияның ұқыпты қаржы саясатын және сұраныстың тұрақтылығын жоғары бағалауда.
— Levi Strauss (LEVI) негізгі сауда басталар алдында 7%-ға жуық төмендеді. Соңғы тоқсанда кіріс пен таза пайда өскеніне қарамастан, менеджменттің сақ болжамдары мен маржа қысымы (импорттық тарифтердің әсерінен) теріс реакция туғызды.
— Clover Health (CLOV) акциялары 7%-дан астамға арзандады. Компания басшылығы Medicare Advantage Star рейтингтерінің төмендеуі мүмкін екенін айтты, бұл болашақта мемлекеттік төлемдердің азаюына әкелуі ықтимал.
— Tilray Brands (TLRY) акциялары 4%-ға түсті. Компания $51,6 млн-ға дейін акция орналастыру туралы жаңа келісім жариялады. Бұл хабар акционерлер үлестерінің сұйылуына алаңдаушылық тудырды.
Кешегі сауда нарығы
9 қазанда АҚШ қор нарығы жеңіл төмендеумен аяқталды. S&P 500 және Nasdaq 100 тарихи максимумдарға жеткеннен кейін тиісінше 0,28% және 0,15%-ға түзетілді. Dow Jones 0,52%-ға, ал шағын капитализациялы Russell 2000 0,61%-ға төмендеді. Сауда динамикасына айқын драйверлердің болмауы және белгісіздік жағдайында пайданы бекіту себеп болды.
«Ғажайып жетілікке» кіретін компаниялардың акциялары әртүрлі бағытта қозғалды. Meta (META: +2,2%) мен Nvidia (NVDA: +1,8%) қағаздары өскенмен, Apple (AAPL: -1,6%) төмендеуі жалпы индекстерді ұстап тұра алмады. Күннің үздік секторларының бірі — тұтыну тауарлары (XLP: +0,32%), оған PepsiCo (PEP) компаниясының мықты есебі қолдау көрсетті. Ең әлсіз сектор — өнеркәсіптік компаниялар (XLI: -1,48%).
Инвесторлардың көңіл-күйіне басты әсер еткен фактор — бюджет жөніндегі келіссөздердегі прогрестің болмауы. Үкімет жұмысының тоқтағанына он күн болды. Алғашында нарық бұл жағдайға бейжай қарағанымен, енді ұзаққа созылған тоқтау экономикалық салдарға (жалақы төлемдерінің кешігуі, ресми деректердің шықпауы) байланысты алаңдаушылық тудырып отыр. Осы факторлар пайда фиксациясының басты себебі болды.
Қосымша белгісіздік ФРЖ өкілдерінің қарама-қайшы пікірлерінен туындады. Нью-Йорктегі ФРБ басшысы Джон Уильямс еңбек нарығын қолдау үшін мөлшерлемелерді төмендетуді қолдаса, басқарушылар кеңесінің мүшесі Майкл Барр тарифтердің инфляциялық тәуекелдеріне алаңдаушылық білдірді. Нарық ФРЖ төрағасы Джером Пауэллден түсініктеме күтті, бірақ ол банк қауымдастығына арналған конференцияда тек ресми сөз сөйлеп, ақша-несие саясатына қатысты нақты белгі берген жоқ.
Қарыз нарығындағы ахуал да оптимизмге себеп болмады. 30 жылдық қазынашылық облигацияларды орналастырудың тағы бір әлсіз аукционы сұраныстың төмендігін және мемлекеттік қарыз көлемінің шамадан тыс екенін көрсетті. Бұл котировкаларға қысым түсірді.
Компания жаңалықтары
— PepsiCo (PEP: +4,2%) үшінші тоқсан нәтижелерін күткеннен жоғары жариялап, жылдық болжамды аздап көтерді. Компания Солтүстік Америкадағы сусын сегментіндегі жақсарған динамиканы атап өтті.
— Novo Nordisk (NVO) фармацевтикалық алыбы Akero Therapeutics (AKRO) компаниясын $4,7 млрд қолма-қол ақшаға, жабылу бағасына 16% үстеме қосып сатып алатынын хабарлады. Соның нәтижесінде Akero акциялары 16,3%-ға өсті.
— Delta Air Lines (DAL: +4,3%) акцияларының өсуіне табысты есеп пен оптимистік болжам түрткі болды. Премиум сегменттегі кірістің артуы негізгі класстағы төмендеуді өтеді. Бас директордың шатдаун үкімет жұмысына әсер етпеді деген пікірі де нарыққа оң әсер етті.
— Helen of Troy (HELE: -25%) компаниясының жылдық және келесі тоқсанға арналған әлсіз болжамы акциялардың күрт құлдырауына әкелді. Басшылық маржаға тарифтік қысым мен жарнама шығындарының өсуі әсер еткенін айтты.
— Ferrari (RACE: -15%) инвесторларды көңілін қалдырды. Компания 3,5 млрд еуроға акцияларды кері сатып алу бағдарламасын және дивидендтердің артуын жариялағанымен, кіріс болжамы нарық күтулерінен төмен болды. Сонымен қатар, 2030 жылға қарай электромобильдердің үлесін 40%-дан 20%-ға дейін төмендетті.








