БастыЖаңалықтар
Бөлісу

Нью-Йорктегі таң: Трамп биржада дауыл көтерді

Михаил Денисламов

Михаил Денисламов

Freedom Capital Markets Research директорының орынбасары
Нью-Йорктегі таң: Трамп биржада дауыл көтерді

Freedom Capital Markets Research ұйымының директорының орынбасары Михаил Денисламовтың АҚШ қор нарығына күнделікті шолуы және болжамы. 

Кешегі нарық динамикасы

2 сәуір күнгі негізгі сауда сессиясы АҚШ қор биржаларында оң нәтижемен аяқталды. S&P 500 индексі +0,67%, Nasdaq 100 — +0,73%, Dow Jones — +0,56%, Russell 2000 — +1,65% өсті. Өсімге үміт арттырған негізгі секторлар: бөлшек сауда, банктер және әуе тасымалдаушылары. Tesla (TSLA) мен Amazon (AMZN) сияқты технологиялық алпауыттар да оң қарқын көрсетті. Сессия негізінен жаңа импорттық шарттар жарияланбас бұрын тыныш өтті.

Алайда, сессиядан кейін АҚШ президенті Дональд Трамп елге әкелінетін тауарларға кең ауқымды жаңа баж салығын енгізетінін мәлімдеді. Оның тарифтік саясаты нарық күткеннен әлдеқайда қатаң болды. Бұл жаңалық АҚШ-та да, әлемдік нарықтарда да фьючерстік индекстердің жаппай сатылуына әкелді.

5 сәуірден бастап Вашингтон барлық сауда серіктестері үшін 10% базалық мөлшерлеме енгізеді. Бұдан да қатаң шектеулер «ең нашар бұзушылар» деп танылған елдерге 9 сәуірден бастап күшіне енеді. Қытайдан келетін импортқа жалпы 54% тариф (бұрын 20% болатын) салынады. ЕО елдерінен келетін тауарларға да баж 20%-ға өседі. Алдын ала есеп бойынша, орташа тиімді тариф мөлшерлемесі 10%-дан 20%-дан жоғары деңгейге көтеріледі. Көптеген елдер қазірдің өзінде жауап шараларын дайындап жатқанын хабарлады — бұл инвесторлар үшін қолайсыз орта қалыптастырады. Қытай өз мүддесін қорғау үшін қарсы әрекетке баратынын мәлімдеді. Енді нарықтың болашағы АҚШ-тың сауда серіктестері жағдайды жұмсартуға қаншалықты тез келісетініне байланысты болмақ.

Позитив ретінде Канада мен Мексика үшін тарифтердің кейінге қалдырылғанын, сондай-ақ болат, алюминий және мысқа өзара баж салығының жойылғанын атап өтуге болады. Сонымен қатар, фармацевтикалық өнімдерге де жаңа баж енгізу кейінге шегерілді.

ADP жариялаған мәліметтер наурыз айында жұмыс ауыстырған қызметкерлердің жалақы өсімі 6,5%-ға дейін, ал тұрақты жұмысшылар үшін — 4,6%-ға дейін баяулағанын көрсетті. Жеке секторда 155 мың жаңа жұмыс орны құрылған (консенсус — 120 мың), бірақ бұл өсім негізінен кәсіби және іскерлік қызмет, қаржы және өндіріс салаларында байқалды.

Компания жаңалықтары

— Tesla (TSLA: +5,33%) акциялары Илон Масктың Ақ үйдегі қызметінен кетуі мүмкін деген хабардан кейін өсті. Бұл жағдай электромобиль жеткізілімдері бірінші тоқсанда жылдық көрсеткіш бойынша 13%-ға азайғанына қарамастан болды. Нәтиже консенсус болжамнан әлдеқайда төмен болды.

— Rivian (RIVN: −5,95%) сатылымдары ағымдағы жылдың алғашқы үш айында 36%-ға төмендеді. Бұл динамика сарапшылар күткендей болды және менеджмент жылдық жоспарды растағанымен, нарық теріс реакция танытты.

— Amazon (AMZN: +2%) АҚШ президенті белгілеген дедлайн алдында TikTok-ты сатып алуды ұсынды.

— BlackBerry (BB: −9,12%) төртінші тоқсан бойынша болжамнан жақсы есеп бергенімен, 2026 жылға арналған болжамы сарапшылар үмітінен әлсіз болды. Компания смартфон өндірісінен киберқауіпсіздік пен IoT (заттар интернеті) қызметтеріне ауысу процесін жалғастыруда.

— Meta (META: −0,35%) UFC (аралас жекпе-жек ұйымы) ұйымымен көпжылдық серіктестікке қол қойды. Бұл келісім компания платформалары арқылы контент көру мүмкіндіктерін кеңейтуді көздейді.

Күтілетін оқиғалар

3 сәуірде S&P Global-дан қызмет көрсету саласындағы PMI индексі (консенсус: 54,3, алдыңғы мәні: 54,3) және ISM индексі (консенсус: 53,2, алдыңғы мәні: 53,5) жарияланады. Егер көрсеткіш 52-ден төмен болса, бұл нарық үшін жағымсыз тосынсый болады. Сонымен қатар, жұмыссыздық бойынша апта сайынғы өтініштер саны шығады (консенсус: 226 мың, алдыңғы мәні: 224 мың). 250 мыңға дейінгі мәндер әлі де қалыпты деп есептеледі, одан жоғарысы — теріс реакция тудыруы мүмкін.

Тәуекел балансы келесі сессияда теріс бағаланып отыр, S&P 500 индексінің 5440–5570 пункт (сәрсенбі жабылу деңгейінен −4% — −1,8%) аралығында құбылуына болжам жасалуда.

Нарық назарында 

— RH (RH) төртінші тоқсанда көңіл көншітпейтін есеп жариялады. Салдарынан оның акциялары постмаркете 25%-дан астамға құлдырады. Компания жоғары санаттағы тұрғын үй нарығына және сәнді заттарға сұранысқа әсер ететін макроэкономикалық қиындықтарға тап болуда.

— Apple (AAPL) акциялары премаркетте 6%-дан астамға арзандауда, себебі Трамп жариялаған импорттық тарифтер компанияның Қытайға тәуелді жеткізу тізбегін бұзуы мүмкін. Бұл тарифтер Apple-дің өндірістік нысандарына тікелей әсер етіп, әртараптандыру стратегиясын жүзеге асыруға кедергі келтіреді.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары