БастыЖаңалықтар
Бөлісу

Netflix акциясы 20%-ға өсуі мүмкін. Бұл өсімге корпоративтік мәдениет себеп пе?

Виктория Сирота

Виктория Сирота

Oninvest тілшісі
Netflix акциясы 20%-ға өсуі мүмкін. Бұл өсімге корпоративтік мәдениет себеп пе?

Needham сарапшысы стриминг алпауыты Netflix акцияларының мақсатты бағасын көтеріп, олардың тағы 20%-ға өсуін күтетінін мәлімдеді. Инвестициялық банктің пікірінше, Netflix акцияларының бағасы компания қызметкерлерінің тиімділігімен тығыз байланысты: Netflix персоналға контентке қарағанда көбірек қаржы жұмсайды, ал бір қызметкерге шаққандағы табыс пен бос ақшалай ағын басқа ірі IT-компаниялардан әлдеқайда жоғары. Алайда Уолл-стриттегі кейбір сарапшылар Netflix акцияларының биыл 40%-ға қымбаттағанын ескеріп, қазіргі бағасы орынды деген пікірде. Енді компания бұл үмітті ақтауы керек. Netflix екінші тоқсан бойынша есебін 17 шілдеде ұсынады.

Егжей-тегжейі

Needham сарапшысы Лора Мартин Netflix акцияларының мақсатты бағасын 1126 доллардан 1500 долларға көтеріп, «сатып алуға болады» деген ұсынысты растады, деп хабарлайды CNBC. Жаңа баға Netflix-тің нарықтық құны тағы 20%-ға өсуі мүмкін екенін көрсетеді. Мартиннің айтуынша, Netflix акцияларының қымбаттауына еңбек өнімділігінің жақсы көрсеткіштері түрткі болады.

«Біз қызметкерлердің сапасы мен корпоративтік мәдениет компанияның қаржылық нәтижесіне тікелей әсер етеді деп санаймыз. Бұл орайда негізгі сандық көрсеткіштер – абсолютті табыстылық, оның өзгерісі және бір қызметкерге шаққандағы табыс. Осылар персоналдың компанияға шынайы құн қосып жатқанын көрсетеді», – деді Мартин жазбасында.

Оның айтуынша, Netflix-тің персоналға жылдық шығыны 17 миллиард доллардан асып кеткен. Бұл контент өндіруге кететін қаржыдан да көп. Сондықтан еңбек өнімділігі акция бағасының негізгі көрсеткішіне айналып отыр. Сарапшының мәліметінше, 2024 қаржы жылында Netflix бір қызметкерге шаққанда 2,78 миллиард доллар табыс тапқан. Бұл оның бақылауындағы ірі капитализациялы тоғыз компанияның орташа көрсеткішінен екі есе көп. Netflix еңбек өнімділігі бойынша Apple, Meta және Alphabet компанияларынан да озып тұр.

Needham-нің есебі бойынша, Netflix-тің бір қызметкерге шаққандағы бос ақшалай ағымы 2021 жылы теріс көрсеткіштен 2024 жылы +506 мың долларға дейін өскен. «Бұл үрдіс жалғасады деп күтеміз, өйткені Netflix табысы қызметкерлер санының өсімінен тезірек артып келеді. Бұған жазылым бағасының көтерілуі мен жарнамалық табыстың артуы әсер етіп отыр», – деді сарапшы.

Акциялардың жағдайы

11 шілде күнгі саудада Netflix акциялары 1%-дан артық құлдырап, бір акция құны 1236 долларға дейін төмендеді. Бұл – соңғы үш аптадағы ең төменгі көрсеткіш. Ал 30 маусымда Netflix акциялары тарихи рекорд орнатып, 1341,15 долларға жеткен болатын. Barron’s мәліметінше, инвесторлар Netflix-ті экономикалық тұрақсыздық кезінде сенімді актив деп қарастырады, әсіресе Дональд Трамптың сауда соғысы аясында. 2025 жылдың басынан бері компанияның нарықтық құны 40%-ға өсті. Ал АҚШ-тың негізгі S&P 500 индексі дәл сол кезеңде тек 6,5%-ға көтерілді.

Уолл-стриттегі пікірлер

Жұма күні тағы екі инвестбанк – Piper Sandler мен JPMorgan – Netflix акцияларының мақсатты бағасын көтерді. Piper Sandler сарапшысы Томас Чемпион таргетті 1150 доллардан 1400 долларға көтеріп, «сатып ал» деген ұсынысты растады. Бұл – акциялардың соңғы жабылу бағасынан 12%-ға жоғары.

JPMorgan мақсатты бағаны небәрі 10 долларға – 1230 долларға дейін көтерді, бұл акциялардың 10 шілдедегі жабылу бағасынан 1,5%-ға төмен. Сонымен қатар, сарапшы Netflix акцияларына «бейтарап (Hold)» деген бағаны қалдырды.

Ал Seaport Research сарапшысы Дэвид Джойс осы аптада Netflix акцияларын сатып алуға берген ұсыныстан бас тартып, бағасын Hold деңгейіне дейін түсіріп, 1230 долларлық мақсатты бағаны жойды. Оның айтуынша, қазіргі бағада болашақ өсімге қатысты барлық үміт ескерілген. «Компанияға инвесторлар күткен нәтижелерге жету үшін біраз уақыт қажет», – деді ол Barron’s басылымына берген жазбасында.

Netflix акцияларына рейтинг берген сарапшылардың шамамен 65%-ы оларды сатып алуды ұсынады (Buy және Overweight). Қалған бөлігі бейтарап пікірде (Hold), ал тек 2% ғана сатуды ұсынады. Уолл-стриттегі орташа мақсатты баға – 1240 доллар, бұл 10 шілдедегі жабылу бағасынан 1%-ға төмен.

Netflix-тің жағдайы

2025 жылдың бірінші тоқсанында Netflix рекордтық табыс жариялап, сарапшылар күткен нәтижеден асып түсті. Бұл табысқа жаңа жарнамамен бірге жүретін жазылым тарифі ықпал етті: бұл тариф ұсынылған елдерде жаңа жазылымдардың 55%-ын құрады.

Сонымен қатар, Netflix 2025 жылға арналған табыс болжамын растады және компания сауда-саттықтағы шиеленістерге қарамастан, ықтимал экономикалық дағдарысқа төтеп бере алады деп мәлімдеді. The Wall Street Journal дерегінше, компания ішінде 2030 жылға дейін табысты екі еселеу және нарықтық капитализацияны 1 трлн долларға жеткізу мақсаты талқыланып жатыр (қазіргі көлемі – шамамен 531 млрд доллар). Дегенмен Netflix бұл – мақсат, ал нақты болжам емес екенін ерекше атап өтеді.

Инвесторлар үшін келесі маңызды күн – 17 шілде. Осы күні Netflix екінші тоқсан бойынша қаржылық есебін жариялайды.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары