БастыReview
Бөлісу

P&G: қайта құрылымдау және қысқарту инвесторларға қалай әсер етеді?

Едіге  Қасымжан

Едіге Қасымжан

P&G: қайта құрылымдау және қысқарту инвесторларға қалай әсер етеді?

2025 жылдың 24 маусымындағы деректерге сәйкес Procter & Gamble (P&G) маусым басында екі жылға созылатын ауқымды реструктуризация бағдарламасын жариялады. Бұл бағдарламаның аясында ол өндірiске қатысы жоқ  қызметкерлердiң 15% немесе 7000 адамға дейін қысқартуды жоспарлап отыр. Бұл туралы компания Deutsche Bank Global Consumer Conference-те хабарлады.

Алдағы екi жыл iшiнде компания қаржылық есепке $1 млрд-тан $1,6 млрд-қа дейін қайта құрылымдау шығындарын енгізуді жоспарлауда.

P&G бұл жоспарын жариялағаннан берi оның акциялары 3%-ға төмендеді (24 маусымдағы дерек бойынша). Қазір компания акциялары жылдың басымен салыстырғанда шамамен 4%-ға арзандады. Салыстыру үшін S&P 500 индексі осы кезеңде шамамен 2,5%-ға өсті.

P&G компанияны не үшін қайта құрылымдауда 

Компания басшылығы бұл шешімді нарықтағы белгісіздіктің өсуімен түсіндіреді, оған АҚШ-тың сауда соғысы да себеп болды. Бұл өндірушілердің шығындарына және тұтынушылардың мінез-құлқына айтарлықтай әсер етеді.

Reuters деректері бойынша сауда соғысы салдарынан америкалық компаниялардың жалпы шығындары $34 млрд-ты құрайды — бұл жіберіп алған табыс пен артқан шығындар.

P&G болжамынша 2026 қаржы жылы барысында АҚШ-тың қолданыстағы сауда баждарының теріс әсері $600 млн-ға дейін шығын әкеледі, атап айтқанда, акцияға жылдық табыс шамамен $0,48-ге қысқарады. Компания бұл әсерді азайту үшін бағаны көтеру мен шығындарды жылдам қысқарту сияқты барлық қолжетімді «тетіктерді» қолдануға дайын, деді P&G-дің қаржы директоры Андре Шультен конференцияда.

«Басты басымдығымыз — теңгерімді өсім мен құндылықты қалыптастыру, тұтынушыларды, клиенттердi, қызметкерлерді, қоғам мен акционерлердi қанағаттандыру», — делінген P&G хабарламасында.

Реструктуризацияның мақсаты — шешім қабылдау жылдамдығын арттыру және операциялық тиімділікті көтеру. Ол үшін P&G штат құрылымын оңтайландырып, басым емес санаттардан шығып, ресурстарды Tide, Pampers және Old Spice сияқты флагмандық брендтерге қайта бөлуді көздейді.

Дегенмен, сатылатын немесе жабылатын брендтертің атауы әлі аталған жоқ — компания бұл туралы шілде айында, қаржы жылының қорытындысынан кейін хабарлауға уәде етті. Сонымен қатар, P&G басты назар аударатын брендтердің тізімін ұсынды: онда Comet, Wella, Aussie, Ivory, Dreft, Sebastian Professional, Fixodent және Align жоқ. Компания басымдық берілген санаттарда – денсаулық сақтау, сұлулық, үйге арналған тауарлар, шаш күтімі және балалар өнімдері – өз позицияларын сақтап, сұранысты қамтамасыз етпек.

Соңғы жылдары P&G Аргентина нарығынан шықты және Нигериядағы бизнесін макроэкономикалық тұрақсыздық пен валюта бағамының өзгергіштігіне байланысты қайта құрды. Сонымен қатар, 2024 жылы компания Қытайда Vidal Sassoon брендін Henkel-ге, сондай-ақ Латын Америкасы мен Еуропадағы бірқатар жергілікті маркаларды сатты.

P&G стратегиясы қалай өзгерді

1982 жылға дейін P&G тұрмыстық өнімдер өндірісіне ғана шоғырланған. Алайда сол жылы ол асқорыту жүйесі бұзылғанда қолданылатын Pepto-Bismol препаратын шығаратын Norwich-Eaton Pharmaceuticals компаниясын сатып алып, фармацевтика саласына кірді. Бұл бренд бүгінге дейін P&G-дің ірі брендтерінің бірі болып саналады. 1995 жылы P&G фармацевтикалық бөлімшесін ашып, рецепт бойынша берілетін дәрілерді жасап шығара бастады.

1997 жылдан 2006 жылға дейінгі кезеңде бұл бағыттың компания табысындағы үлесі 8%-дан 17,3%-ға дейін өсті, алайда бұл бизнестің табыстылығы төмен болды және негізгі бизнеспен синергия болмады. 2009 жылы P&G бұл бөлімшені Warner Chilcott компаниясына $3,1 млрд-қа сатып, Пуэрто-Рико мен Германиядағы өндірістік қуаттар мен 2300-ден астам қызметкерді берді.

Қазір P&G тек рецептсіз дәрілерді әзірлеумен және өндірумен айналысады, себебі компания Walmart секілді бөлшек сауда желілері арқылы сату үлесін арттыруға ден қойды. Бұл оның тұтынушылық денсаулық сақтау секторындағы негізгі табыс көзі болып табылады.

2018 жылы P&G неміс фармацевтикалық алыбы Merck-тің тұтынушылық денсаулық сақтау бөлімшесін $4,2 млрд-қа сатып алды. Бұл мәміле P&G портфелін Neurobion, Femibion, Nasivin, Seven Seas брендтерімен кеңейтуге және рецептсіз дәрілер секторында позициясын нығайтуға мүмкіндік берді. Нәтижесінде, бұл бағыттың үлесі 2024 жылы 11,8%-дан 14%-ға өсті.

Қазіргі қайта құрылымдау — ұзақмерзімді стратегияның бір бөлігі. P&G он жылдан астам бұрын азық-түлік бизнесінен шыққан және ресурстарын Pampers жаялықтары мен Old Spice ерлерге арналған өнімдеріне бағыттады. Бұл стратегия жемісті болды: 2010-жылдардың басындағы артта қалушылықтан кейін компания басты бәсекелесі Unilever-ді басып озды. Соңғы 10 жылда P&G акциялары екі есе қымбаттады, ал Unilever акциялары тек 40%-ға өсті.

Қазіргі жағдай

2025 қаржы жылының үшінші тоқсанында (қаңтар-наурыз) P&G өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда сатылымды 2%-ға азайтып, $19,8 млрд-қа дейін төмендетті. Бір акцияға түзетілген табыс 1%-ға өсіп, $1,54-ті құрады — бұл нарық күткеннен жоғары. Алайда компания 2025 жылға арналған табыс болжамын төмендетті: бұрынғы $6,91-$7,05 диапазонынан $6,72-$6,82-ге дейін. Бұл сауда соғысы мен АҚШ-та наурыз айында тұтыну өсу қарқынының 3%-дан 1%-ға дейін баяулауына байланысты болды.

Colgate-Palmolive бас директоры Ноэль Уоллес: «Тұтынушылар қоймаларындағы артық өнімдерді пайдалануда, сондықтан олар тіс пастасы мен душқа арналған гельді артық алуға асықпайды, әсіресе мұндай тұрақсыз сыртқы жағдайда» деп мәлімдеді.

Уолл-стрит не дейді

— JP Morgan талдаушылары 5 маусымдағы есебінде P&G акцияларына «нарықтан жоғары» рейтингін сақтап, мақсатты бағаны $169-дан $178-ға дейін көтерді (2025 желтоқсанға дейін). Бұл 23 маусымдағы жабылу бағасынан 10,5%-ға өсу әлеуетін білдіреді.

Инвестбанк P&G-дің реструктуризациясы мен шығындарды азайтуын стандартты тәсіл деп санайды: соңғы сегіз жылда компания жыл сайын $1,8 млрд үнемдеді. Олар Қытайдағы баяу қалпына келу, геосаяси тұрақсыздық пен баж салығы жағдайында бұл шешімдерді орынды деп санайды. JP Morgan P&G-дің нарықтағы позициясын сақтап қана қоймай, оны нығайта алады деп есептейді.

JP Morgan компанияның мықты брендтері мен маркетингтік артықшылығын атап өтеді. Тұтынушылық шығындар баяулаған жағдайда да, негізгі тауарлар санаттарына сұраныс тұрақты болып қалуда.

Олар 2025 жылы түзетілген табыс акцияға шаққанда $6,59-дан $6,80-ге, 2026 жылы $7,13-ке, ал 2027 жылы $7,63-ке дейін өседі деп болжайды. P&G — тұтыну тауарлары секторының ең сапалы өкілдерінің бірі.

P&G үшін негізгі тәуекелдер: Қытай нарығының баяу қалпына келуі, сату көлемінің төмендеуі кезінде бағаның өсуі, бәсекенің күшеюі, валюта бағамының құбылуы мен шикізат және логистика шығындарының тұрақсыздығы.

— TD Cowen сарапшылары маусым басында General Mills компаниясы да реструктуризация жариялағанын атап өтті. Cheerios, Nature Valley, Betty Crocker брендтерін өндіруші компания 4-6% қызметкерлерін қысқартып, кейбір брендтерін сатуды жоспарлап отыр. Бағдарламаға $130 млн жұмсалмақ.

Бұл шешім де тұтыну тауарлары секторының жалпы қысымға ұшырауын көрсетеді: сатылымдардың өсу қарқыны баяулауда, ал шығындар өсіп жатыр. Сарапшылардың пікірінше мұндай шараларды Clorox, Conagra, Kraft Heinz және PepsiCo секілді компаниялар да қабылдауы мүмкін.

TD Cowen қадағалап отырған тұтыну тауарлары секторының он компаниясы арасында тек P&G акцияларын сатып алуға кеңес береді. Мақсатты баға — $175, яғни 8,7% өсу әлеуеті бар.

— Evercore есебі P&G-дің реструктуризацияны жариялауынан бірнеше күн бұрын шықты. Инвестбанк мақсатты бағаны 12%-ға жуық көтеріп, келесі 12 айда $190-ға жеткізді — бұл акциялар үшін 18% өсу әлеуетін білдіреді.

Evercore сарапшылары P&G акцияларының бағаланбай отырғанын атап өтеді: операциялық жетістіктерге қарамастан, компанияның P/E (баға/табыс) көрсеткіші соңғы 20 жылдағы ең төмен деңгейде. Бұл SPDR Consumer Staples ETF (XLP) қорымен салыстырғанда.

Evercore мәліметінше P&G — АҚШ-тағы тұрмыстық және жеке гигиена өнімдері саласындағы ең тұрақты өндіруші. 2023 жылдың бірінші тоқсанынан бастап Walmart, Costco және Amazon арқылы P&G-дің АҚШ-тағы сатылым үлесі 50%-дан 52%-ға өсті. Бұл үш компания P&G сатылым өсімінің 86%-ын қамтамасыз етіп отыр.

Сарапшылар Walmart-тың ерекше үлесін атап өтуде: жыл сайын үлесі 0,5–1 тармаққа тұрақты өсуде. 2019 жылдан бері P&G Walmart-пен жұмыс әдісін өзгертіп, бренд-менеджерлер енді делдалдарсыз тікелей сатылым командасымен жұмыс істейді. Бұл тауарларды тиімді жылжытуға көмектесіп жатыр.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары