Palantir акциялары әскери байланыс жүйесіндегі осалдық туралы хабардан кейін құлады

Әскери жасанды интеллект әзірлеуші Palantir Technologies акциялары 3 қазандағы саудада 7,5%-ға төмендеді. Бұған Reuters-тің NGC2 (Next Generation Command and Control) әскери байланыс жүйесінде осалдық анықталғаны туралы хабарламасы себеп болды. Бұл бөлімшелер арасындағы байланысты ЖИ және бұлттық есептеулер арқылы қамтамасыз ететін жүйені Anduril компаниясы Қорғаныс министрлігімен келісімшарт бойынша жасап жатқан. Жобада Palantir мен Microsoft қосалқы мердігер ретінде қатысуда.
Reuters материалы 5 қыркүйектегі АҚШ армиясының ішкі меморандумына негізделген. Онда киберқолбасшылық мамандары NGC2 байланыс жүйесінің қауіпсіздігіне алаңдаған. Құжатқа сәйкес, жүйе ішкі қатерлерге, сыртқы шабуылдарға және деректердің таралуына бейім болған. Сондай-ақ қауіпсіздік негіздері, рәсімдер мен басқаруда «елеулі кемшіліктер» болған.
Reuters жариялағаннан кейін Palantir Bloomberg-ке берген жауабында мақалада аталған мәселелердің түзетілгенін айтты. Компания «Palantir платформасында ешқандай осалдық анықталмағанын» нақтылады. Anduril де түсініктеме берді: «Жарияланым жобаның ескі жағдайын сипаттайды, қазіргі жағдайды емес. NGC2 кезең-кезеңімен қалыпты әзірленіп жатыр: біз тәуекелдерді ерте анықтап, жылдам жоямыз және жүйені пайдалануға бермес бұрын нығайтамыз», — деп келтірді Bloomberg компания сөзін. АҚШ армиясы да жүйенің сыналған нұсқасындағы негізгі осалдықтар жойылғанын растады.
Palantir акцияларының жұмадағы құлдырауы тамыздан бергі ең ірісі болды. Bloomberg мәліметінше, компания қағаздары сол күні S&P 500 индексінде ең нашар көрсеткішке ие болды. Жұма күні сонымен қатар басқа технологиялық компаниялардың бағасы да төмендеді. Агенттік мұны Ақ үй бастамасымен мемлекеттік қызметкерлерді қысқарту мүмкіндігі туралы хабарламалармен байланыстырды.








