Сарапшылар Klarna компаниясының үнсіздігінен соң инвесторларға қандай кеңес берді?

Еуропадағы ең қымбат финтех-стартаптардың бірі Klarna акциясын бірнеше ірі инвестбанк 25 күндік үнсіздік кезеңінен кейін бағалай бастады. 6 қазанда листингтен кейін ұйымдастырушыларға алғашқы апталарда акция бағасына әсер етпеу және мүдделер қақтығысын болдырмау мақсатында есеп пен ұсыныс жариялауға тыйым салған мерзім аяқталды. Жалпы, инвестбанктер «қазір сатып ал, кейін төле» үлгісімен жұмыс істейтін стартаптың перспективасын оң бағалап отыр, алайда, кей сарапшылар шығынның өсуі компанияның қысқа мерзімді пайда көрсеткішіне қысым жасауы мүмкін екенін ескертеді.
Егжей-тегжейлі
— UBS банкi Klarna акциясын «сатып алу» ұсынысымен қамти бастады, ал мақсатты баға — $48, соңғы жабылудан 18% жоғары, дейді CNBC. Банк сарапшысының айтуынша, компания акциясының ағымдағы бағасы инвесторлар үшін тиімді кіру нүктесі және «қазір сатып ал — кейін төле» (BNPL) секторының бөлшек саудадағы үлесі артқан сайын өсу әлеуеті де жоғары.
— Deutsche Bank те «сатып алу» ұсынысын беріп, ұқсас мақсатты баға орнатты. Банк сарапшысы өзінің инвестициялық көзқарасын үш негізгі факторға сүйендірді: біріншіден, BNPL қызметтеріне тұтынушылық сұраныстың тұрақты өсуі; екіншіден, компанияның АҚШ нарығына белсенді экспансиясы есебінен табыстың артуы; үшіншіден, 2026 қаржы жылынан бастап күтілетін маржиналдылықтың өсуі.
— JPMorgan компанияға Overweight рейтингін («сатып алу» ұсынысына тең) берді, ал мақсатты баға — $50, соңғы жабылудан 23% жоғары. Сарапшының пікірінше, Klarna — финтех саласының пионері, бүгінде қаржыландыру мен сауда бағытында халықаралық көшбасшыға айналды. Қазір компания АҚШ нарығындағы қатысуын кеңейтіп, фокусын ұзақ мерзімді төлем мерзімі бар, пайда әкелетін кредиттік өнімдерге бағыттап отыр. Сонымен қатар, Klarna акциясы негізгі бәсекелесі Affirm-мен салыстырғанда айтарлықтай арзанда саудалануда, бұл ұзақ мерзімде тартымды өсу мүмкіндігін туғызады. Алайда, бұл айырмашылықты жою үшін компанияға бірнеше тоқсан бойы тұрақты операциялық нәтижелер көрсету қажет, — деп жазды JPMorgan сарапшысы CNBC-ге берген жазбасында.
— Bank of America да компания акциясын сатып алуды ұсынып, мақсатты бағаны $51 деп белгіледі. Банк сарапшысы Klarna тұтынушыларға сатып алуды қаржыландырудың ыңғайлы әрі ашық тәсілін ұсынатынын атап өтті. Оның айтуынша, компанияның басты инвестициялық артықшылықтарына мыналар жатады: 2030 жылға қарай $2,9 трлн көлемінде бағаланатын зор нарық әлеуеті (негізінен АҚШ-тағы қатысудың артуы есебінен), кеңейіп жатқан сауда серіктестері желісі, тұрақты несие көрсеткіштері, тиімді қаржыландыру құрылымы және әртараптандырылған өнім портфелі.
— Morgan Stanley компания акциясын бейтарап рейтингпен (Equalweight — «нарық деңгейінде») бағалады, ал мақсатты баға — $43, соңғы жабылудан 5% жоғары. Инвестбанк Klarna табыс пен маржиналдылықты тұрақты өсіруге ұтымды позицияда тұрғанын мойындады: компания жоғары пайда әкелетін өнімдерге біртіндеп ауысып, мықты бренд пен халықаралық қатысуға сүйеніп отыр. Дегенмен, Morgan Stanley компанияның бизнес-моделін түрлендіру стратегиясын жүзеге асыруда тәуекелдер бар екенін атап өтті. Яғни қысқа мерзімді BNPL форматынан күрделірек әрі табысты қаржылық экожүйеге көшу процесі бірқатар қауіптермен байланысты — капитал нарықтарына қолжетімділік, несие тәуекелдерін басқару және ауқатты клиенттер үшін ұзақ мерзімде бәсекелестік арту қаупі.
— Rothschild & Co Redburn де Klarna акциясына бейтарап рейтинг (Neutral) беріп, мақсатты бағаны $46 деп белгіледі. Сарапшының пікірінше, компанияның өсуі АҚШ-тағы бизнесін сәтті кеңейту мен жаңа өнімдерді нарыққа шығаруға байланысты. Ол да Morgan Stanley сияқты, Klarna стратегиясын жүзеге асырудағы тәуекелдерге назар аудартты, әсіресе ірі сатып алулар мен ұзақ төлем мерзімдеріне арналған Fair Financing өнім желісін кеңейту аясында, америкалық тұтынушылардың көңіл-күйіне қатысты алаңдаушылық туындап тұрған тұста.
Акция ахуалы
Негізінен оң ұсыныстар аясында 6 қазандағы саудада Klarna акциясы 6,6% шарықтап, $43,4-ға жетті. Компания 10 қыркүйекте IPO өткізген болатын. NYSE биржасындағы алғашқы саудада акция 15% өсіп, $45,82 деңгейінде жабылды. Алайда, содан бері компанияның нарықтық құны 6,5% төмендеді.








