БастыЖаңалықтар
Бөлісу

Таңғы шолу: АҚШ-тың ФРЖ мөлшерлемені өзгертпеді, OpenAI табысын екі есеге арттырды

Ангелина Клейменова

Ангелина Клейменова

Таңғы шолу: АҚШ-тың ФРЖ мөлшерлемені өзгертпеді, OpenAI табысын екі есеге арттырды

Microsoft пен Meta акциялары тоқсандық күшті есептерден кейін күрт өсті. Генеративті жасанды интеллект саласындағы басты ойыншы OpenAI жылдық табысын $12 млрд-қа дейін екі есеге арттырып, $30 млрд көлеміндегі жаңа инвестициялық раундқа дайындалып жатыр. Осы уақытта АҚШ-тың Федералды резерв жүйесі (ФРЖ) бесінші рет қатарынан мөлшерлемені 4,25–4,5% деңгейінде қалдырды, бұл Дональд Трамптың несиелендіруді қолдау үшін мөлшерлемені дереу төмендету талабына қарамастан орын алды. Таңертеңгі 31 шілде шолуы — осы және басқа да маңызды тақырыптар жайында.

ФРЖ Трамптың қысымына және ішкі келіспеушіліктерге қарамастан мөлшерлемені сақтап қалды

АҚШ-тың Федералды резерв жүйесі сәрсенбі күні қатарынан бесінші рет негізгі пайыздық мөлшерлемені өзгеріссіз — 4,25–4,5% аралығында қалдырды. Бұл шешім реттеуші орган ішіндегі келіспеушіліктердің күшеюі мен Дональд Трамп тарапынан мөлшерлемені күрт төмендетуге шақырған қысым аясында қабылданды, деп хабарлайды Yahoo Finance.

Соңғы 30 жылдан астам уақыт ішінде алғаш рет ФРЖ Басқарушылар кеңесінің екі мүшесі — Кристофер Уоллер мен Мишель Боуман — көпшілік шешіміне қарсы дауыс беріп, мөлшерлемені 0,25 пайыздық тармаққа төмендетуді қолдады.

ФРЖ төрағасы Джером Пауэлл баспасөз мәслихатында қыркүйек айындағы отырыста мөлшерлеме бойынша қандай да бір шешім әлі қабылданбағанын айтты. Ол реттеуші тарапынан алдағы қадамдарды анықтау үшін әлі де көптеген деректерді талдау қажет екенін атап өтті.

Пауэлл екі қарсы дауыс берген мүшелер туралы сұрақтарға жауап бере отырып: «Әркім өзінің ұстанымын анық әрі ашық жеткізуі маңызды — және бүгін дәл солай болды. Жалпы, бұл жақсы отырыс болды», — деді.

ФРЖ тағы да Трамп пен Ақ үйдің мөлшерлемені дереу төмендету туралы талаптарын елемеді. Президент Truth Social платформасында мөлшерлемені үш пайыздық тармаққа дейін түсіруді тағы талап етіп, бұл мемлекеттік қарызды өтеу құнын төмендетіп, ипотеканы қолжетімді етеді деп мәлімдеді. Ол: «Тым кеш! МӨЛШЕРЛЕМЕНІ ҚАЗІР ТӨМЕНДЕТУ КЕРЕК! Инфляция жоқ! Адамдарға үй сатып алып, қайта қаржыландыруға мүмкіндік беріңдер!» — деп жазды.

Дегенмен, Пауэлл өз ұстанымынан таймады. Оның айтуынша Трамптың баж салығы инфляция мен АҚШ экономикасына қалай әсер ететінін әлі де толық бағалау мүмкін емес. «Бұл әлі ерте кезең», — деді ол.

Пауэлл инфляцияның әлі де алаңдаушылық тудыратынын айтты. Оның пікірінше мөлшерлемені тым ерте төмендету инфляцияны толықтай тежеуге мүмкіндік бермейді, ал тым кеш әрекет ету еңбек нарығына зиян келтіруі мүмкін.

Figma IPO өткізді. Компания $19,3 млрд-қа бағаланды

Figma, дизайнға арналған бағдарламалық жасақтама жасаушы компания, IPO кезінде акция бағасын бір акцияға $33 деңгейінде белгіледі — бұл күтілген $30–32 диапазонынан жоғары, деп хабарлайды CNBC. Компанияның акциялары бейсенбі күні Нью-Йорк қор биржасында FIG тикерімен саудалана бастайды. Орналастыру нәтижесінде $1,2 млрд тартылды, оның басым бөлігі қазіргі акционерлерге тиесілі болады. IPO-дан кейін Figma компаниясы $19,3 млрд-қа бағаланды.

Figma жаңартылған проспектісінде маусым айында аяқталған тоқсандағы табыс $247–250 млн-ға дейін өскенін хабарлады. Бұл өткен жылғы $177,2 млн-мен салыстырғанда 40%-дық өсім. Figma-ның болжамынша, тоқсан ішіндегі операциялық пайдасы $500 мың шығын мен $2,5 млн пайда аралығында болады. Өткен жылы бұл кезеңдегі шығын $894,3 млн болған, негізінен акциялармен өтелетін сыйақылар есебінен. Наурызда аяқталған тоқсанда табыс 46% өсіп, $228,2 млн-ға жетті, ал таза пайда үш есе артып, $44,9 млн болды.

Microsoft бұлттық табыстардың рекордтық өсуінен кейін $4 трлн-дық шекке жетті

Нарықтық капиталы $4 трлн-нан асатын компаниялар клубына кем дегенде сауда-саттықтан тыс мәмілелер қорытындысы бойынша екінші қатысушы қосылды. Күтулерден асып түскен есептен кейін Microsoft акциялары 8%-ға өсті, бұл софтверлік алыптың нарықтық құнын $4,1 трлн шамасына жеткізді, деп хабарлайды CNBC. Егер бейсенбіде негізгі саудада өсу жалғасса, Microsoft ресми түрде осы айда $4 трлн капитализацияға алғаш болып жеткен Nvidia компаниясына қосылады.

Microsoft табысы 18%-ға өсті — бұл соңғы үш жылдағы ең жоғары көрсеткіш. Бұл бұлттық Azure қызметінің қарқынды өсуінің арқасында. Microsoft алғаш рет Azure табысын нақты ақшалай мәнде көрсетті: Azure және басқа да бұлттық қызметтерден 2025 қаржы жылы ішінде түскен жиынтық табыс $75 млрд-тан асып, өткен жылмен салыстырғанда 34%-ға артты.

Сәрсенбі күнгі сауда жабылу кезінде Microsoft акциялары жыл басынан бері 22%-ға өсті, бұл S&P 500 индексінен (8%) әлдеқайда жоғары. 25 шілдеде акция бағасы рекордтық $513,71-ге жетіп, постмаркетте $553-тан асты.

ЖИ-дың қарқынды дамуы нәтижесінде Microsoft пен Nvidia Apple-ден озып кетті. Қазір Apple $3,2 трлн нарықтық құнымен үшінші орында, ал оның акциялары жыл басынан бері 17%-ға төмендеді — инвесторлар компанияның ЖИ жарысында артта қалуынан қауіптеніп отыр. Apple тоқсандық есебін бейсенбіде сауда жабылғаннан кейін жариялайды.

Технологиялық алыптар арасында Nvidia — 2025 жылдың көшбасшысы: акциялар 33%-ға өсті. Компанияның графикалық процессорлары Microsoft, OpenAI, Google, Meta және басқалары дамытып жатқан ірі тілдік модельдердің негізін құрайды және сол компаниялардың деректер орталықтарында белсенді қолданылады.

Nvidia нәтижелерін тамыз айының соңында жариялауы мүмкін.

Meta ЖИ мен жарнамадан түскен табыс арқасында шығындарын арттырып жатыр

Meta Platforms жасанды интеллектке жарнама бизнесінен түсетін тұрақты табысқа сүйене отырып инвестицияларын белсенді түрде арттырып жатыр. Компания басшылығы Bloomberg-тің мәліметінше қазір технология болашағына инвестиция салуға қолайлы уақыт екенін мәлімдеді. Тоқсандық есеп срапшылардың күтулерінен асып түскеннен кейін Meta акциялары постмаркетте 10%-дан астам өсті.

Meta-ның қаржы директоры Сьюзан Ли мәлімдегендей, ЖИ инвестициялары алғашқы нақты нәтижелерін беруде: жарнама өнімдеріне ендірілген жаңа ЖИ функциялары «маңызды» табыс әкеле бастады. Ағымдағы тоқсанда Meta $47,5–50,5 млрд аралығындағы табыс күтуде — бұл аналитиктердің орташа болжамы ($46,2 млрд) көрсеткішінен жоғары.

Компания 2025 жылға арналған күрделі шығындар болжамының төменгі шегін көтерді және 2026 жылға алдын ала болжамдарын жариялады — шығындар ЖИ инфрақұрылымына және тапшылықтағы техникалық мамандарға байланысты үдей түседі. Meta бұлттық есептеулерге, деректер орталықтарына және генеративті ЖИ мамандарына басымдық беріп отыр.

Бас директор Марк Цукерберг ЖИ жарнамалық алгоритмдердің тиімділігін едәуір арттырғанын, бұл компанияға бір көрсетілімнің орташа бағасын ұлғайтуға мүмкіндік бергенін айтты. Hargreaves Lansdown аналитигі Мэтт Бритцман бұл тоқсанды «айқын табыс» деп бағалады, шығындардың арту қаупіне қарамастан.

Meta есебін жариялау кезінде компания акциялары жыл басынан бері 19%-ға өскен.

Сонымен қатар, Meta ішкі ЖИ бөлімшесін Meta Superintelligence Labs деп өзгерткені белгілі болды. Оны енді бұрынғы Scale AI компаниясының CEO-сы Александр Ван басқарады. Ван Meta-ға Цукерберг Scale AI-дің 49%-ын $14,3 млрд-қа сатып алғаннан кейін қосылды.

Бұрын Уолл-стрит Meta-ның виртуалды әлем және шығынды Reality Labs бөліміне (екінші тоқсанда $4,5 млрд шығын, $370 млн табыс) ставкасынан күмәнданған болса, енді Microsoft пен Alphabet те ЖИ-ға белсенді инвестиция салып жатқандықтан, бұл қадамдарға оң баға беруде.

Forrester аналитигі Майк Прю қазіргі ЖИ бәсекесін өткендегі ДК, браузер, іздеу жүйесі және смартфон жарыстарымен салыстырып, бірақ мұнда жылдамдық анағұрлым жоғары екенін айтты: «ЖИ өз эволюциясын өзі жеделдетіп жатыр — жеңіс терең қалталы ойыншыларда болады».

OpenAI табысы $12 млрд-қа жетті, инвесторлар жаңа миллиардтар құюда

The Information мәліметінше ChatGPT жасаушысы OpenAI 2025 жылдың алғашқы жеті айында жылдық табысын екі есеге арттырып, $12 млрд-қа жеткізді. Бұл компания айына шамамен $1 млрд табыс тауып отыр дегенді білдіреді. Reuters бұл ақпаратты әзірше растай алмады, ал OpenAI түсініктеме беруден бас тартты.

Microsoft қолдайтын компанияны аптасына 700 млн-ға жуық адам тұтынушылық және бизнес өнімдерінде пайдаланады.

Сондай-ақ OpenAI 2025 жылға арналған қаржылық «шығын» болжамын $8 млрд-қа дейін көтерді — бұл бұрынғы болжамнан $1 млрд-қа артық.

Компания $30 млрд көлеміндегі инвестициялық раундтың екінші кезеңінде қаржы тартуда. Sequoia Capital мен Tiger Global Management жүздеген миллион доллар құюда деп хабарланады. Сонымен қатар, жапондық SoftBank концерні мәмілені аяқтауға жақын. SoftBank-тың OpenAI-ға салған жалпы инвестициясы 2024 жылдың күзінен бері $32 млрд-қа жеткен.

Нарықтағы ахуал

— Жапонияның кең қамтитын Topix индексі ашылу кезінде 0,28%-ға өсті.

— Nikkei 225 бенчмаркі 0,21%-ға көтерілді.

— Оңтүстік Кореяда Kospi индексі 0,14%-ға төмендеді, ал шағын компаниялар индексі Kosdaq өзгерген жоқ.

— Австралиялық S&P/ASX 200 0,53%-ға төмендеді.

— S&P 500 фьючерстері 0,95%-ға, Nasdaq 100 — 1,35%-ға, Dow Jones Industrial Average фьючерстері 0,30%-ға өсті.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары