Таңғы шолу: Nvidia чип өндірісін арттырды, DeepSeek-ке жаңа бәсекелес шықты

Nvidia Қытайға жеткізуге АҚШ тарапынан рұқсаттың қайта жандануы аясында TSMC-ке H20 чиптерінің 300 мың данасына тапсырыс берді. Осы арада Қытайлық Z.ai стартапы бар болғаны сегіз H20 чипімен жұмыс істейтін ашық GLM-4.5 атты жаңа жасанды интеллект моделін ұсынды. Бұл модель тиімділік жағынан DeepSeek пен OpenAI-мен бәсекелесе алады. Ал автономды көлік нарығында Alphabet құрамындағы Waymo компаниясы 2026 жылы Даллас қаласында Avis компаниясымен бірлесе отырып роботакси қызметін іске қоспақ. Таңертеңгі 29 шілдедегі жаңалықтар топтамасында осы және өзге де маңызды оқиғалар туралы.
Nvidia Қытайдағы сұраныс өскен тұста TSMC-ке H20 чиптеріне 300 мың данаға тапсырыс берді
Өткен аптада Nvidia TSMC келісімшарттық өндірушісіне H20 чиптерінің 300 мың данасына тапсырыс бергенін Reuters агенттігіне екі дереккөз хабарлады. Олардың бірі Қытай тарапынан туындаған жоғары сұраныс америкалық компанияны бұрынғы жоспарынан – бар қоймамен шектелуінен – бас тартуға мәжбүр еткенін айтты.
Дональд Трамп әкімшілігі шілде айында ұлттық қауіпсіздікке байланысты Қытайға жоғары технологиялы ЖИ-чиптерді экспорттауға тыйым салған сәуір айындағы шешімін жойып, Nvidia-ға H20 графикалық процессорларын Қытайға сатуды қайта жандандыруға рұқсат берді.
Nvidia H20 чипін 2023 жылдың соңында енгізілген экспорттық шектеулерден кейін Қытай нарығына арнайы әзірлеген. Бұл чип есептеу қуаты жағынан H100 және Қытайдан тыс жеткізілетін жаңа Blackwell желісімен салыстырғанда әлсіздеу.
Дереккөздерге сүйенсек, жаңа тапсырыс қазіргі 600-700 мың дана H20 қорының үстінен қосылып отыр. Америкалық SemiAnalysis зерттеу компаниясының мәліметі бойынша 2024 жылы Nvidia шамамен 1 млн осындай чип сатқан.
Nvidia бас директоры Дженсен Хуанг осы айда Бейжіңге сапары барысында H20 чипіне келіп түскен тапсырыстар көлемі компанияның өндірісті қайта жандандыру-жандандармауын анықтайтынын айтқан. Сонымен қатар, ол толық жеткізу тізбегінің іске қосылуына тоғыз ай кететінін мәлімдеген.
Firefly Aerospace IPO арқылы $5,5 млрд бағаланды
CNBC-дің мәліметінше Firefly Aerospace ғарыштық компаниясы алдағы IPO аясында акцияларын бір дана үшін $35-39 аралығында бағалап отыр. Осы бағалауға сәйкес зымыран өндіруші компания шамамен $5,5 млрд-қа бағалануда.
Техаста орналасқан компания дүйсенбі күнгі жаңартылған проспектісінде шамамен 16,2 млн акция сатуды жоспарлап отырғанын хабарлады. Тартылатын қаражат көлемі $631,8 млн-ға жетуі мүмкін.
Firefly шілде басында Nasdaq биржасына FLY тикерімен листингке өтінім берді. Бұл IPO ғарыштық технологиялар жарысы күшейіп жатқан тұста өтуде – CNBC атап өткендей, Ілон Масктың SpaceX сияқты алыптар ғарыш саласына инвестицияларын ұлғайтып жатқанда, стартаптар биржаға шығуға талпынуда.
Маусым айында тағы бір ғарыштық технологиялар компаниясы Voyager биржаға шықты. Ал Innovative Rocket Technologies қайта пайдаланылатын зымыран жасаушы компания $400 млн көлеміндегі SPAC бірігу арқылы листингке шығу жоспарын жариялады.
Firefly зымырандар, буксирлер және Айға қону модульдерін, соның ішінде спутниктерді орбитаға шығаратын Alpha зымыранын өндіреді. Наурыз айының соңында компанияның табысы бір жыл бұрынғы $8,3 млн-нан $55,9 млн-ға дейін алты есе өскен. Алайда таза шығын да өсті — $52,8 млн-нан $60,1 млн-ға дейін. Компанияның тапсырыстар портфелі $1,1 млрд шамасында.
Қытайлық стартап DeepSeek пен ChatGPT-ге арзан балама шығарды
CNBC-дің хабарлауынша бұрынғы атауы Zhipu болған Z.ai стартапы жаңа GLM-4.5 ИИ моделін іске қосқанын мәлімдеді. Компания бұл шешімнің DeepSeek өнімдеріне қарағанда арзанырақ болатынын айтады. Қазіргі ЖИ модельдерге тән логикадан өзгеше түрде, GLM-4.5 агенттік архитектураға негізделген: модель тапсырманы кішігірім міндеттерге бөліп, дәл орындауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, бұл модель ашық көзі бар — әзірлеушілер оны тегін жүктеп алып, пайдалана алады.
Z.ai бас директоры Чжан Пэннің айтуынша, GLM-4.5 моделі DeepSeek-тен шамамен екі есе кіші және жұмыс істеу үшін небары сегіз Nvidia H20 чипі қажет.
Чжан Z.ai қосымша чип сатып алуды жоспарлап отырмағанын, қазіргі ресурстары жеткілікті екенін айтты. Модельді оқытуға кеткен шығын көлемі кейінірек жарияланатынын жеткізді.
Қаңтар айында DeepSeek санкцияларға қарамастан, OpenAI-дің ChatGPT моделімен салыстыруға болатын ЖИ моделін жасап, оны әлдеқайда арзан оқыту және пайдалануға болатынын көрсетіп, жаһандық нарықты таңғалдырған. Компанияның мәлімдеуінше, оның V3 моделін оқыту шығыны $6 млн-нан аз болған, алайда сарапшылар бұл көрсеткішке жабдыққа салынған жалпы $500 млн-нан астам инвестиция есепке алынбағанын ескерткен.
Waymo 2026 жылы Далласта Avis көмегімен роботакси қызметін іске қосады
Alphabet құрамындағы Waymo компаниясы келесі жылы Далласта роботакси қызметін іске қоспақ, деп хабарлайды CNBC. Бұл 2026 жылы іске қосылатын америкалық қалалар тізімін кеңейтеді. Оған Майами мен Вашингтон (Колумбия округі) да кіреді.
Waymo автопаркін Далласта Avis Budget Group жалға беру компаниясы басқарады. Бұл серіктестік аясында жарияланды.
Avis бас директоры Брайан Чой бұл келісімді компанияның автопаркті басқару, инфрақұрылым және мобильділік операциялары бойынша жетекші қызмет провайдері болуға бағытталған маңызды кезең деп атады.
Waymo қазірдің өзінде Jaguar I-PACE электромобильдерін пайдаланып, Даллас орталығында роботакси тестілеуін жүргізуде. Бұл көліктер Waymo Driver жүйесімен — бағдарламалық жасақтама, сенсорлар және басқа құрылғылардың жиынтығымен — жабдықталған. Жүйе төртінші деңгейлі автономдылықты (жүргізушісіз) қамтамасыз етеді.
Даллас тұрғындары Waymo қосымшасы арқылы сапарларға тапсырыс бере алады. Басқа қалаларда компания Uber платформасымен әріптестік орнатқан.
Waymo роботакси сегментінде бәсекелестерінен едәуір алда келеді. Tesla, Amazon-ға тиесілі Zoox және Nuro, May Mobility, Wayve стартаптары әлі коммерциялық іске қосылуға талпынып жатқанда, Waymo Атланта, Остин, Лос-Анджелес, Финикс және Сан-Франциско қалаларында аптасына 250 мыңнан астам ақылы сапарларды жүзеге асырып отыр.
Нарықтағы жағдай
— Жапондық кең Topix индексі 0,8%-ға төмендеді.
— Оңтүстік Кореяда Kospi индексі 0,5%-ға өсті, ал шағын компаниялар индексі Kosdaq 0,2%-ға төмендеді.
— Nikkei 225 индексі 1%-ға құлады.
— Австралиялық S&P/ASX 200 индексі айтарлықтай өзгерген жоқ.
— S&P 500 және Dow Jones Industrial Average фьючерстері 0,1%-ға, Nasdaq 100 — 0,2%-ға өсті.








