Таңғы шолу: Трамптың баж салығы, Oracle раллиі және Klarna IPO-сы

Дональд Трамп ЕО-ны Ресей мұнайын сатып алып отырған Қытай мен Үндістанға қарсы 100%-ға дейін баж салығын енгізуге шақырды. Бұған дейін Вашингтон үнді тауарларына импорттық бажды көтерген болатын. Швециялық финтех-стартап Klarna Нью-Йоркте IPO өткізіп, $15 млрд деп бағаланды. Oracle акциялары ірі бұлттық келісімшарттар мен OpenAI-мен интеграция аясында 28%-ға өсті.Осы және басқа да маңызды жаңалықтар — 10 қыркүйек таңына арналған шолуымызда.
Трамп Ресей мұнайын сатып алғаны үшін Қытай мен Үндістанға баж салығын талап етті
Financial Times-тың дерегінше АҚШ президенті Дональд Трамп Еуропалық одаққа Ресей мұнайын сатып алатын Қытай мен Үндістанға қарсы 100%-ға дейінгі баж салығын енгізуді ұсынды. Ақпарат көздерінің айтуынша Вашингтон ЕО қадамдарын айна-қатесіз қайталауға дайын.
АҚШ үнді тауарларына бажды 50%-ға дейін көтерді. Нью-Дели бұл шешімді «әділетсіз әрі негізсіз» деп атады.
Ресей мұнайының ең ірі сатып алушысы Қытай әзірге «екінші реттік» тарифтерден құтылып отыр. Қытайдың өнімдеріне салынатын жаңа баждар 30%-ға дейін төмендетілді. Сонымен қатар Ресейдің Үндістан және Қытаймен саудасы рекордтық деңгейге жетті. Ал Трамп пен Путиннің Аляскадағы келіссөздері Украина мәселесі бойынша нәтиже бермеді.
Трамп Үндістан премьер-министрі Нарендра Модимен «өте достық қатынаста» екенін айтып, жақын арада сауда келісіміне қол жеткізетініне сенім білдірді. Дегенмен Қытаймен келіссөздер тұйыққа тіреліп тұр: тамыз айында Вашингтонға келген Қытай өкілі Ли Чэнганның сапары да айтарлықтай нәтижеге жеткізген жоқ.
Oracle акциялары бұлттық келісімшарттар мен OpenAI интеграциясы аясында көтерілді
CNBC-дің мәліметінше Oracle акциялары постмаркетте 28%-ға қымбаттады. Компания жаңа бұлттық келісімшарттардың есебінен болашақ табыстың күрт өсетінін мәлімдеді. Бұл ретте тоқсандық табыс ($14,93 млрд) пен пайда ($1,47 акцияға) болжамнан сәл төмен болды.
Компанияның келісімшарттық міндеттемелері 359%-ға өсіп, $455 млрд-қа жетті. Бұлттық табыс 55%-ға өсіп, $3,3 млрд болды.
Oracle төрт ірі келісімге қол қойды. Соның ішінде OpenAI-мен 4,5 ГВт қуаттылықтағы деректер орталықтарын дамыту бойынша серіктестік бар. Сондай-ақ Google Gemini модельдерін өз инфрақұрылымына орналастыруға келісім жасалды.
Құрылтайшы Ларри Эллисон қазанда Oracle AI Database өнімін іске қосуды жариялады. Бұл база клиенттердің деректерін пайдалана отырып, OpenAI және басқа әзірлеушілердің модельдерін қолдануға мүмкіндік береді.
Компания 2026 қаржы жылында бұлттық табысты $18 млрд-қа жеткізуді (+77% 2025 жылмен салыстырғанда) және 2030 жылға қарай $144 млрд-қа дейін өсіруді болжап отыр. Жыл басынан бері акциялар 45%-ға қымбаттады, ал сәрсенбі күнгі секіріс 1999 жылдан бергі ең ірі серпіліс болуы мүмкін. Бұл Oracle капитализациясын $800 млрд-тан жоғары көтермек.
Klarna Нью-Йоркте IPO өткізіп, $15 млрд-қа бағаланды
CNBC-дің дерегінше Швециялық финтех-стартап Klarna Нью-Йорк қор биржасында IPO өткізді. Орналастыру бағасы бір акцияға $40 болып бекітілді, бұл болжанған диапазоннан жоғары. Компания $1,37 млрд тартты, оның $1,17 млрд-ы бар акционерлерге тиесілі болады, ал $200 млн-ы тек компанияның өзіне қалады.
Компанияның нарықтық құны шамамен $15 млрд болып есептелді.
«Қазір сатып ал — кейін төле» сервисімен танымал Klarna соңғы айларда цифрлық бөлшек банктің мәртебесін нығайтуға тырысуда. Екінші тоқсандағы шығындары $53 млн-ға дейін өсті (өткен жылы — $18 млн), алайда табыс 20%-ға артып, $823 млн-ға жетті. Негізгі кіріс көздері — сатушылардан алынатын комиссиялар, ұзақмерзімді қарыздардан пайыздар және төлемді кешіктіргені үшін айыппұлдар.
Klarna-ның IPO-сы технологиялық компаниялар үшін нарықтағы сұраныстың тағы бір сынағы болды. Соңғы айларда Circle мен Figma сәтті орналастырулар өткізген еді. Енді инвесторлар компанияның әрі қарай өсімі мен бизнес-моделін өзгерту қабілетіне жіті назар аударады.
Сот Трамптың ФРЖ мүшесін қызметтен босату әрекетін тоқтатты
Bloomberg-тің хабарлауынша сейсенбі күні федералды судья Джиа Кобб АҚШ президенті Дональд Трамптың Федералды резерв жүйесі басқарушылар кеңесінің мүшесі Лиза Кукты қызметінен босату туралы шешімін уақытша тоқтатты.
Сот шешімінде Кукты қызметтен алу ФРЖ туралы заңға қайшы екені айтылды. Заңға сәйкес басқарушылар тек қызметтік міндеттерді орындаудағы заңбұзушылықтар үшін ғана босатылуы мүмкін. Трамп Кукке ипотекалық алаяқтық фактілерін теліген, алайда олар оның ФРЖ-ға келмей тұрып болған.
ФРЖ-дағы алғашқы қара нәсілді әйел Лиза Кук айыптауларды жоққа шығарып отыр. Енді ол 16–17 қыркүйектегі отырысқа қатыса алады, онда мөлшерлемені төмендету күтілуде. Бұл — тарихта алғаш рет президенттің ФРЖ басқарушы мүшесін қызметтен босатуға тырысқан оқиғасы.
Соңғы шешімді Жоғарғы сот шығарады. Куктың адвокаты мұны «ФРЖ тәуелсіздігінің жеңісі» деп бағалап, саяси араласу қаржы жүйесінің тұрақтылығына қатер төндіретінін атап өтті. Егер босату жүзеге асса, Трамп жаңа үміткерді ұсынып, басқарушылар кеңесіндегі ықпалын арттыра алады.
Нарықтағы жағдай
• Жапонияда Topix индексі +0,57%.
• Nikkei 225 +0,79%.
• Оңтүстік Кореяда Kospi +1,61%, ал шағын компаниялар индексі Kosdaq +0,70%.
• Австралияда S&P/ASX 200 +0,3%.
• S&P 500 фьючерстері +0,26%, Nasdaq 100 +0,19%, ал Dow Jones -0,07%.








