Target тағы да сүрінді: ритейлер «бағытынан адасты»

Америкалық Target сауда желісі 2025 қаржылық жылына арналған табыс пен пайда бойынша болжамын төмендетті. Өткен тоқсан қорытындысы бойынша компания Уолл-стрит күткен нәтижеге жете алмады — бұл үшін сарапшылар тарапынан сынға ұшырады. Кейбірінің пікірінше, ритейлердің нәтижесі төмен қойылған күтулердің өзіне де жетпеді. Ал жаңа нарықтық жағдайға бейімделу оған оңайға соқпайды. Биылғы жылдың басынан бері компанияның нарықтық құны үштен бірге қысқарды. Ал жылдық табысы қатарынан төртінші жыл өсім көрсетпей отыр.
Егжей-тегжейлі
Target жылдық табыс бойынша болжамын төмендетті: бұрын шамамен 1% өсім күткен компания, енді бірнеше пайызға төмендеуі мүмкін екенін болжап отыр. Ритейлердің бағалауынша, түзетілген жылдық пайда бір акцияға шаққанда $7–$9 аралығында болады — бұл алдыңғы $8,8–$9,8 аралығынан төмен. Сарапшылар орта есеппен $8,4 деңгейінде нәтиже күткен, деп жазады Reuters. Компания болжамды қайта қарауды азық-түлік емес тауарларға тұтынушылық шығынның азаюымен, баж салығына қатысты алаңдаушылықпен және әртүрлілік, теңдік пен инклюзияны қолдау бағдарламаларынан бас тартуға байланысты қоғамдағы наразылықпен түсіндірді. Басшылықтың айтуынша, аталған факторлар бизнеске теріс әсер етті.
2025 жылдың бірінші тоқсанында Target-тің табысы мен пайдасы Уолл-стриттің күткеніне жетпеді. CNBC LSEG деректеріне сілтеме жасай отырып, компания сатылымы 3%-ға жуық азайып, $24,2 млрд орнына $23,8 млрд болғанын хабарлайды. Түзетілген пайда бір акцияға $1,3 құрады, ал сарапшылар $1,6 болады деп болжаған. Reuters мәліметінше, салыстырмалы сатылым 3,8%-ға төмендеген — бұл Уолл-стрит күткеннен төрт есе көбірек. Дәстүрлі дүкендердегі сатылым төмендегенімен, онлайн сауда көлемі артқан. Компания басшысы Брайан Корнелл Target алғашқы тоқсанда өз алдына қойған мақсаттарға жете алмағанын мойындап, «жақсы жұмыс істеуге ниетті» екенін айтты.
Баж салығынан келетін шығындарға қарамастан, Target бағаны көтеруді жоспарламайды — бұл тек төтенше шара ретінде қарастырылуда, деді компанияның коммерциялық директоры Рик Гомес. Ал бас директор Брайан Корнелдің айтуынша, оның орнына компания тауар ассортиментін қайта қарап, Қытайдың орнына АҚШ-тан көбірек өнім сатып алуды және жеткізу мерзімдерін қайта қарауды жоспарлап отыр.
Сарапшылар қалай қабылдады?
Уолл-стрит компаниясының 2025 жылдың бірінші тоқсанындағы нәтижелерін қатты сынға алды. D.A. Davidson сарапшысы Майкл Бейкер Reuters агенттігіне берген пікірінде: «Target-тің бірінші тоқсанға қатысты күтілімдері өте төмен еді. Соған қарамастан, компания сол деңгейге жете алмады», — деді.
GlobalData сарапшысы Нил Сондерс өз кезегінде: «Target-тің нәтижелері компанияға деген сенімді қайтара алған жоқ. Керісінше, бұл есеп бизнес көптеген қателікке жол бергенін және бірнеше бағыт бойынша бағытынан адасқанын көрсетеді», — деді. Ол әсіресе ассортимент пен қорларды басқарудағы мәселелерге назар аударды.
Jefferies сарапшысы Кори Тарлоу Bloomberg-ке берген пікірінде: «Біз Target компаниясына қазіргі жағдайда бейімделу қиынырақ болады деп санаймыз, әсіресе баж салығы мен басты бәсекелесі Walmart-тың нарықтағы үлесі артып келе жатқанын ескерсек», — деді. Айта кетейік, мамырдың ортасында Walmart, Target-тен айырмашылығы ретінде, жылдық табыс пен пайда бойынша болжамын төмендеткен жоқ.
MarketWatch дерегінше, Target акцияларының қозғалысын бақылап отырған 39 сарапшының 23-і бейтарап ұстанымда — олар инвесторларға акцияларды портфельде ұстауға кеңес береді. Тағы 14 сарапшы «сатып алуға» (Buy және Overweight), ал қалған екеуі «сатуға» (Sell және Underweight) кеңес берген.
Акциялардың жай-күйі
21 мамырдағы сауда барысында Target акциялары бірден 7,6% құлдырап, $90,6-ға дейін түсті — бұл соңғы бір айдағы ең төменгі баға. 2025 жылдың басынан бері компанияның нарықтық құны шамамен үштен бірге қысқарды. Салыстырмалы түрде алғанда, Walmart акциялары дәл осы кезеңде 7% өскен.
Target әлі де қысымда қалып отыр: желінің жылдық табысы қатарынан төрт жыл бойы өсім көрсеткен жоқ. Бұған инфляцияның өсуі аясында тұтынушылардың киім-кешек, үйге арналған тауарлар және бірінші қажеттілікке жатпайтын басқа да өнімдерге шығынын азайтуы себеп. Мұндай үрдіс бүкіл ритейл саласын қамтығанымен, Target-тің жағдайы күрделірек, өйткені оның сатылымының шамамен 65%-ын дәл осы санаттар құрайды, деп жазады Bloomberg.








