Трамп: АҚШ пен Қытай TikTok бойынша келісімге жақындады

Дональд Трамп жұма күні ҚХР төрағасы Си Цзиньпинмен телефон арқылы сөйлескенін және осы әңгімеде TikTok-тың АҚШ-тағы бизнесін америкалық инвесторлар тобына сату жөніндегі келісімге жақындай түскендерін айтты. «Мен Симен өте нәтижелі әңгіме жүргіздім. Көптеген маңызды мәселе бойынша ілгерілеушілік бар, соның ішінде TikTok келісімін мақұлдау да бар. Әңгіме өте жақсы өтті, біз тағы да сөйлесеміз. TikTok-ты мақұлдағаны үшін рақмет, екеуміз де АТЭС форумындағы кездесуді асыға күтіп отырмыз!», — деп жазды Трамп Truth Social желісінде.
Bloomberg атап өткендей, бұл — Трамптың Ақ үйге қайта оралғаннан кейін АҚШ пен Қытай көшбасшыларының алғашқы бетпе-бет кездесуі болмақ. Азия-Тынық мұхиты экономикалық ынтымақтастық (АТЭС) саммиті келесі айда Оңтүстік Кореяда өтеді.
The Wall Street Journal жазғандай, Ақ үй өкілдері телефон әңгімесінен кейін келісімнің егжей-тегжейі әлі де талқыланып жатқанын мәлімдеді. Дереккөздерге сүйенсек, заңдық мәселелерді шешу бірнеше аптаға созылуы мүмкін.
Bloomberg атап өткендей, Бейжің бұл келісімге қатысты сақтық танытты. Си Цзиньпин TikTok мәселесін коммерциялық жолмен шешуді қолдағанымен, Қытай қолданбаның негізгі технологияларына заңды бақылауды сақтайтынын да растады, деп хабарлады «Синьхуа» агенттігі. «Қытай үкіметі компанияның еркін таңдауын құрметтейді және барлық тараптың мүддесін ескеретін, Қытай заңдарына сәйкес шешім қабылдау үшін нарық қағидаларына негізделген келіссөздерді қолдайды», — деп келтіреді агенттік Сидің сөзін. Сонымен бірге ол Трампты шектеуші сауда шараларынан бас тартуға және елдер арасындағы шиеленісті азайту жөніндегі алдыңғы келіссөздерде қол жеткізілген прогресті бұзбауға шақырды. Сондай-ақ АҚШ-қа қытай бизнесіне «ашық, әділ және кемсітусіз орта» құруды ұсынды.
Қазір TikTok Қытайдың ByteDance компаниясына тиесілі. Алайда Вашингтон ұлттық қауіпсіздікке сілтеме жасап, оның АҚШ-тағы бизнесін сатуды талап етті. Егер бұл талап орындалмаса, әлеуметтік желіні бұғаттайтынын ескертті.








