Таңғы жаңалықтар: Moody’s дефолтты күтуде, Қытайдағы жаңа баж салықтары

Moody’s Ratings агенттігі төмен кредиттік рейтингке ие компаниялар арасындағы дефолттар саны бойынша өз болжамын жоғарылатты; Дональд Трамп әкімшілігі қытайлық өндірістегі кемелерге баж салығын енгізу туралы жариялады, ал Билл Экман мен оның Pershing Square Capital Management қоры Hertz Global Holdings компаниясының акцияларының шамамен 20%-ын сатып алды — автокөлік бағасының өсуінен үміттеніп. Осы және басқа да тақырыптар туралы 18 сәуірдегі әлемдік БАҚ шолуымыздан оқи аласыз.
Moody’s дефолттарға қатысты болжамын арттырды, басты себеп — тыйылма отырған сауда соғысы
Moody’s Ratings агенттігі төмен кредиттік рейтингке ие компаниялар арасындағы дефолттар санына қатысты болжамын арттырды. Бұған жаһандық экономиканың баяулау қаупі мен сауда соғысының күшеюі себеп болуда, деп жазады Bloomberg. Агенттік енді 2025 жылдың соңына қарай дефолт деңгейі 3,1%-ға жетеді деп күтуде (бұрынғы болжам — 2,5%).
Бұл көрсеткіш әлі де былтырғы деңгейден төмен болғанымен, сарапшылар тіпті шамалы күйзеліс жағдайында дефолттар күрт артып, 6%-ға дейін жетуі мүмкін екенін ескертеді.
Moody’s есебін дайындаған Шэрон У бастаған топтың пікірінше жаңа сауда тарифтері АҚШ-тың ЖІӨ өсімін кемінде 1 пайыздық тармаққа қысқартып, басқа елдердің де экономикасына зиян келтіреді. Бұл капитал тарту шарттарын қиындатып, инвесторлардың сақтығын арттырады.
2025 жылдың алғашқы тоқсанында әлемде 27 корпоративтік дефолт тіркелген — бұл өткен жылғы 38 жағдаймен салыстырғанда аз. Ең көп дефолт тіркелген салалар: денсаулық сақтау, бизнес-қызметтер, бөлшек сауда, қонақүй және ойын-сауық, телекоммуникациялар.
Билл Экман Hertz-ке инвестиция құйғанын растады
Миллиардер Билл Экман мен оның Pershing Square Capital Management қоры 2024 жылдың соңынан бастап Hertz Global Holdings автокөлік жалдау компаниясының шамамен 20% акциясын сатып алды. Бұл туралы Экман X әлеуметтік желісінде хабарлады. Оның бұл қадамы сауда баждарының әсерінен автокөлік бағасының өсуі есебінен пайда табуға бағытталған.
Экманның айтуынша қор акцияларды өткен жылдың соңында сатып ала бастаған, қазір олар компанияның 19,8% үлесін иеленіп отыр — тікелей иелік пен жалпы табысты своптар арқылы. Осы жаңалықтар аясында бейсенбі күні Hertz акциялары 44%-ға өсті, ал екі күн ішінде екі еседен аса қымбаттады.
Bloomberg жазуынша Экманның стратегиясы — Tesla электрокарларына жасалған сәтсіз инвестицияларға қарамастан, Hertz автопарк құнынан пайда көре алады деген болжамға негізделген. Дональд Трамп әкімшілігі енгізген 25%-дық импорттық баж салығы жаңа көліктердің бағасын бірнеше мың долларға арттыруы мүмкін. Бұл — тұтынушыларды бұрын қолданылған көліктерге, әсіресе жақында шыққан модельдерге, бағыттайды. Ал нарықта ондай көліктер тапшы.
Экман: «Hertz қазіргі тарифтік ортада ерекше тиімді жағдайда тұр. Компанияның шамамен $12 млрд тұратын 500 мыңнан астам көлігі бар. Егер бұрын қолданылған көліктердің бағасы 10%-ға өссе, автопарктің құны $1,2 млрд-қа артады — бұл Hertz-тің қазіргі нарықтық капитализациясының жартысына тең.», деді.
Экман 2029 жылға қарай Hertz акциялары $30-ға жетуі мүмкін деп есептейді (қазір олар раллиге дейін $5-тан төмен болған). Бұл мақсаттың орындалуы бас директор Гил Уэсттің бірқатар көрсеткіштерге қол жеткізе алуына байланысты, мәселен: бір көлікке шаққандағы табыс: $1500; күнделікті операциялық шығындар: $30; амортизация: $300.
Pershing жоспары автопаркті 85% деңгейінде жүктеу мүмкіндігін болжайды — бұл Hertz-тің тарихи орташа деңгейінен жоғары көрсеткіш.
Трамп енгізген баж салығынан шығарылған соң, алтын АҚШ-тан Швейцарияға қайта жөнелтілуде
АҚШ-тағы импорттық баж салығынан алтынды босату туралы шешімнен кейін, трейдерлердің желтоқсан айынан бастап Нью-Йоркке сақтық мақсатында белсенді түрде тасыған алтыны енді бастапқы келген жері — Швейцарияға қайта орала бастады. Бұл туралы ресми мәліметтерге сілтеме жасап Reuters хабарлайды.
Швейцария кеден қызметінің бейсенбі күні жариялаған деректеріне сәйкес наурызда АҚШ-тан Швейцарияға алтын импорты 13 айдағы максимумға жетіп, 25,5 тоннаны құрады (ақпанда — 12,1 тонна). Сонымен қатар, Швейцариядан АҚШ-қа алтын экспорты бір айда 32%-ға қысқарып, 103,2 тонны құраған.
CME Group құрамына кіретін Comex мәліметтері бойынша АҚШ-тағы сертификатталған қоймалардан қатарынан сегіз сауда күні бойы алтынның сыртқа ағымы тіркелді — бұл соңғы 14 айдағы алғашқы жағдай. Бұл үрдіс америкалық фьючерстік нарықтардағы алтын бағасы үстемесінің төмендеуімен тұспа-тұс келді.
Желтоқсан мен наурыз аралығында Comex қоймаларына құны $80 млрд-тан асатын алтын, күміс және платина жеткізілді. Бұл логистикалық компаниялар мен Швейцариядағы аффинаж зауыттарына үлкен ауыртпалық түсірді.
Алайда екі апта бұрын Вашингтон Дональд Трамп жариялаған «өзара» тарифтер тізімінен осы металдарды алып тастағаннан кейін, Нью-Йоркке алтын мен күмісті жедел жеткізу науқаны тоқтап қалды. Енді жеткізу ағындары біртіндеп кері — Швейцарияға қарай бұрылуда.
Comex деректеріне сәйкес АҚШ-тағы алтын қоры 4 сәуірде рекордтық 45,1 млн унция деңгейінен 43,6 млн унцияға (яғни 1 357 метрлік тоннаға) дейін қысқарған. Бұл — 1,5 млн унция немесе шамамен $4,8 млрд шығын деген сөз. Қорлардағы күрт өсім қарашада, Трамп қайта сайланғаннан кейін басталған.
Швейцариялық аффинаж зауыттарының біріндегі дереккөздің айтуынша қазіргі таңда АҚШ-тағы қоймалардан жіберілген алтынның бір бөлігі қайтадан Швейцарияға бағытталуда — ел әлі де алтынды өңдеу және транзит бойынша әлемдегі ең ірі хаб болып қала бермек. Оның айтуынша АҚШ-тағы алтынның сыртқа ағымы әзірге қалыпты деңгейде болады, себебі қорлар нарықтағы тұрақсыздық жағдайында хедж құралы ретінде маңызды рөл атқарады.
АҚШ Қытайда жасалған кемелерге баж салығын енгізеді
Дональд Трамп әкімшілігі бейсенбі күні Қытайда жасалған кемелерге баж салығын енгізу туралы жариялады, деп хабарлайды CNBC. Бұл шешім Джо Байден әкімшілігі кезінде басталып, Трамп тұсында аяқталған тергеу нәтижесінде қабылданды. Тергеу Қытайдың кеме жасау саласындағы әрекеттері, саясаты мен тәжірибесін «ақылға қонымсыз» және америкалық саудаға кедергі келтіреді деп бағалады.
«Кеме қатынасы мен сауда флоты – АҚШ-тың экономикалық қауіпсіздігі мен тауар айналымының еркіндігі үшін аса маңызды», – деді АҚШ-тың сауда өкілі Джеймисон Грир. «Трамп әкімшілігінің шаралары Қытай үстемдігін әлсіретіп, жеткізу тізбегіне төнген қауіптерді жойып, АҚШ-та кеме жасауға ынталандыру жасайды».
АҚШ Сауда өкілі басқармасының (USTR) мәлімдемесіне сәйкес Қытай бұл салада агрессивті мемлекеттік саясат пен мақсатты қолдау арқылы үстемдікке қол жеткізді. Соның салдарынан америкалық компаниялар мен жұмысшылар бәсекеге қабілетсіз жағдайға түсті. Баж салығы әр рейске бір рет алынады, әр портқа кіру үшін емес, деп нақтыланды.
Бұған дейін Байден әкімшілігі кезінде әзірленген жоба бойынша Қытайлық операторларға тиесілі кемелер үшін бір рейске дейін 1 млн доллар көлемінде баж салу ұсынылған еді (мысалы, Cosco). Ал Қытайға тиесілі емес, бірақ қытайлық кемелерді пайдаланатын операторлар үшін АҚШ портына әр кірген сайын 1,5 млн доллар баж алу ұсынылған.
Бұл түзетулер наурыз айындағы тыңдаулардан кейін енгізілді. Онда 300-ден астам салалық өкілдер мен сауда қауымдастықтары өз пікірлерін білдірді. Көптеген қатысушылардың айтуынша, АҚШ мұндай экономикалық қарсыласуға дайын емес, өйткені алдағы уақытта әлемдік сауда флотының 98%-ын Қытайда жасалған кемелер құрауы мүмкін.
Жеке капитал қысымда: нарықтағы турбуленттілік мәмілелерді тоқтатты
Wall Street Journal жазуынша Уолл-стриттегі ең тұрақты табыс көздерінің бірі – жеке капитал – дағдарыс шегінде тұр. Дональд Трамп енгізген баж хаосы басталмай тұрып-ақ, жеке капитал компаниялары өздерінің портфельдік активтерін сату мен инвесторларға қаражат қайтару жағынан қиындықтарға тап болған. Енді рецессиядан қорқу мен нарықтағы тұрақсыздық мәмілелерді дерлік тоқтатып тастады.
Apollo Global Management, Blackstone, KKR және басқа да қорларды басқаратын компаниялардың акциялары 2025 жылдың басынан бері 20%-дан астамға арзандады — бұл S&P 500 индексінің құлдырауынан әлдеқайда жоғары.
Бұл тоқырау неғұрлым ұзаққа созылса, клиенттерге – зейнетақы қорлары мен университеттік эндаументтерге – қаражат қайтару соғұрлым қиын болады. Moody’s агенттігінің мәліметінше инвестиция құйылмаған, бірақ қайтарылуға тиіс капитал көлемі рекордтық деңгейге жеткен. Бұл жағдай жаңа қаражат тартуды да қиындата түседі.
«Біз рецессияға әлі жеткен жоқпыз, бірақ жағдай қазірдің өзінде өте ауыр», — дейді Bain & Co. компаниясының жеке капитал бойынша серіктесі Хью МакАртур.
Оның айтуынша жеке капитал қорлары портфельдерінде жалпы құны $3,6 трлн болатын 29 мың компанияны ұстап отыр, олардың жартысы қорлар қарамағында бес жылдан астам уақыт болған. Инвесторлар жаңа қаржы құюға құлықсыздық танытуда, ал buyout-секторы бойынша капитал тарту көлемі өткен жылы 25%-ға қысқарған.
Тіпті индустрия алпауыиы Blackstone да қысымды сезінуде. Компанияның мәлімдеуінше нарықтағы құбылмалылық Солтүстік Америкадағы институционалды инвесторлардың шешім қабылдау үдерісін баяулатуы мүмкін, себебі олар дивидендтер азаятынын біліп отыр. Дегенмен, Blackstone жеке несиелеу мен ауқатты клиенттермен жұмыс істеу сияқты бағыттарды дасытып келеді.
Institutional Limited Partners Association ұйымының сарапшысы Нил Пруньенің айтуынша зейнетақы және эндаумент қорлары барған сайын ірі ойыншылардан гөрі шағын әрі мамандандырылған фирмаларға бет бұрып жатыр. «Егер төлемдер келмей жатса және табыс күткендегідей болмаса, [инвесторлар] балама нұсқалар іздей бастайды», — дейді ол.
Жеке капитал Уолл-стриттегі комиссиялық табыстың басты көзі болып қала бермек. Газет атап өткендей, банктер мен кеңесшілер 2025 жылы белсенділік қалпына келеді деп үміттенген еді.








