Ресей АҚШ-қа Украинадағы шабуылды тоқтату үшін фронт желісі бойынша келісім ұсынды

Ресей Президенті Владимир Путин АҚШ Президенті Дональд Трамппен бейбіт келісімге жету үшін Украинаға жасаған шабуылды ағымдағы майдан сызығында тоқтатуды ұсынды, деп хабарлайды Financial Times ақпарат көзіне сілтеме жасап. Бұған дейін Трамп Ресей немесе Украина бейбіт келіссөздерді қиындатса, келіссөздерден шығатынын ескерткен еді. Украина Президенті Владимир Зеленский сейсенбі күні Киевтің екіжақты толық атысты тоқтату келісіміне дайын екенін мәлімдеді.
Толығырақ
Владимир Путин сәуір айында Санкт-Петербургте өткен кездесуде АҚШ-тың арнайы өкілі Стив Уиткоффқа Ресейдің төрт ішінара бақылауындағы украин аймақтарындағы, бірақ Киевтің қолында қалған аудандарға қатысты талаптардан бас тартуға дайын екенін айтқан, деп хабарлады FT-ға үш дереккөз. Газет мәліметінше, бұл ұсыныс – Ресейдің бұрынғы «максималистік» шарттарынан бас тартуға әзір екенін көрсететін алғашқы белгі.
Осыдан кейін АҚШ мәселені шешудің бірнеше нұсқасын ұсынған, соның ішінде Вашингтонның Қырымды Ресейдің бір бөлігі ретінде тануы және бұл төрт аймақтың басқа бөліктеріндегі Мәскеудің бақылауын мойындауы секілді ұсыныстар бар, деп мәлімдейді FT ақпарат көздері. Олардың айтуынша, Трамп «жеңіс жариялау үшін» Киевке «үлкен қысым көрсетіп жатыр».
Украина Президенті Владимир Зеленский 22 сәуірде Украина атысты «шартсыз тоқтатуға» дайын екенін айтты, тек Ресей де солай жасауы керек. «Егер бұл атысты тоқтату ішінара болса, біз бұл туралы бұған дейін де айтқанбыз, онда біз де айна-қатесіз шараларға дайынбыз. Егер энергетика нысандарына соққы жасалмаса, біз де жауап ретінде соққы жасамаймыз. Егер Ресей алыс қашықтықтағы қару қолданбаса, Украина да қолданбайды», – деді ол.
Тараптардың пікірі
Financial Times-қа аты-жөні аталмаған жоғары лауазымды украин шенеуніктері Трамп пен оның командасының кейбір ұсыныстарына ашық екенін айтқанымен, нақты қандай ұсыныстар екенін нақтыламады. FT-ның хабарлауынша АҚШ ұсыныстарының арасында Украинаға Еуропалық бітімгерлерді және атысты тоқтату режимін бақылайтын НАТО-ға жатпайтын әскери күштерді орналастыру туралы идеялар бар. Мүмкін болатын келісімнің аясында Украина басып алынған аумақтарды күшпен қайтармауға міндеттеледі, ал Ресей өз армиясының алға жылжуын тоқтатуға келіседі.
АҚШ Мемлекеттік департаментінің өкілі Financial Times-қа келіссөздердің мазмұнына түсініктеме бере алмайтынын айтты.
Ресей НАТО елдерінің Украинадағы әскери қатысуын қамтитын кейбір АҚШ ұсыныстарын қабылдамады, деп жазады FT. Бірақ ақпарат көздері Путин АҚШ Қырымды мойындап, Украинаның НАТО-ға кіруіне тыйым салу сияқты геосаяси жеңілдіктер жасаса, Донецк, Луганск, Херсон және Запорожье облыстарындағы толық бақылау талабынан бас тартуға дайын болатынын айтты.
Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Financial Times-қа америкалықтармен келіссөздер жүріп жатқанын, бірақ бұл күрделі жұмыс көп уақытты қажет ететінін және жария түрде жүзеге асырылмайтынын айтты.
Контекст
Путин өткен демалыс күндері Украинада 30 сағаттық «пасха кезінде бітім» жариялады – 19 сәуірде Мәскеу уақытымен 18:00-ден 20 сәуірдің аяғына дейін. Қарсыласушы тараптар бір-бірін бітімді бұзды деп айыптағанымен, Путин мен Зеленский қақтығыстың белсенділігі төмендегенін мойындады.
Путиннің уақытша бітімді жариялауы, The New York Times жазуынша Ақ үйге Мәскеудің келіссөздерге ашық екенін көрсету мақсатында жасалған. Путиннің мәлімдемесінен бір күн бұрын Вашингтон егер бейбітшілікке қол жеткізу әрекеттерінде прогресс болмаса, соғысты тоқтатуға күш салудан бас тартатынын ескерткен еді.
20 сәуірде Дональд Трамп Truth Social әлеуметтік желісінде Ресей мен Украина осы аптада «келісімге келеді» деп «үміттенетінін» жазды. Бұдан кейін екі тарап «АҚШ-пен үлкен бизнес жүргізіп, байлыққа кенеледі» деп мәлімдеді АҚШ президенті.








