Канцлерлікке үміткер Мерц жеңілді, DAX индексі құлдырады

2025 жылғы 6 мамыр, сейсенбі күні Германия парламентінде өткен алғашқы дауыс беру кезінде консерваторлар көшбасшысы Фридрих Мерц канцлер болуға қажетті қолдауға ие бола алмады. Бұл – Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін алғаш рет болып отырған жағдай. Оған 316 дауыс қажет болса, бар болғаны 310 депутат қолдау көрсетті. Бұған дейін сарапшылар Мерц еш қиындықсыз канцлер атанады деп болжаған еді. Бұл жаңалық неміс нарығын дүрліктіріп, DAX индексінің құлдырауына себеп болды.
Толығырақ
CNBC мәліметінше дауыс беру нәтижесі жарияланған соң Бундестаг отырысы уақытша тоқтатылып, келесі қадамдарды талқылауға уақыт берілді. Канцлер сайлана алмауы DAX индексінің төмендеуіне әсер етті: дауыс беру соңында индекс 0,4%-ға түсіп, кейін 1,6%-ға дейін құлдырады. Индекс құрамындағы 40 компанияның 35-і теріс аймаққа өтті. Ал еуро мен мемлекеттік облигациялар айтарлықтай өзгеріске ұшыраған жоқ.
Не болады?
Енді Бундестагтың төменгі палатасында үміткерді абсолютті көпшілікпен сайлау үшін 14 күн бар. Дауыс берулер санына шектеу қойылмаған. Bloomberg дереккөздеріне сүйенсек, келесі раунд сейсенбіде өтуі екіталай. Бұл кезеңде Мерц өз кандидатурасын қайта ұсынуы мүмкін. Сонымен қатар басқа депутаттар да додаға қатыса алады.
Егер бұл уақыт ішінде жеңімпаз анықталмаса, келесі кезең басталады, онда екі нұсқа бар: президент ең көп дауыс жинаған үміткерді азшылық үкіметінің басшысы ретінде канцлер етіп тағайындай алады немесе парламентті таратып, жаңа сайлау жариялайды, деп түсіндіреді Bloomberg.
Контекст
Германияның консервативті блогы мен Социал-демократиялық партиясы жаңа коалициялық үкімет құруы тиіс. Наурыз соңында олар мемлекеттік қарызды ЖІӨ-нің 0,35%-мен шектейтін «қарыз тежегіш» ережесін реформалауға келіскен. Бұл өзгеріс қорғаныс пен инфрақұрылымға миллиардтаған инвестиция тартуға жол ашуы тиіс. Инвесторлар ақпандағы парламент сайлауынан кейін дәл осыны үміт еткен еді.








