БастыSmall Caps
Бөлісу

Трамп ұлдарының тегеуріні: Gryphon майнері 350%-ға қымбаттады

Мария Дранишникова

Мария Дранишникова

Oninvest тілшісі
Трамп ұлдарының тегеуріні: Gryphon майнері  350%-ға қымбаттады

Биткойн өндірумен айналысатын, өзін көміртек бейтарап майнер ретінде таныстыратын Gryphon Digital Mining шағын компаниясының акциялары 300%-дан аса өсті. Компания American Bitcoin платформасымен бірігу жөнінде келісімге келгенін хабарлады. Бұл платформаның негізін қалаушылардың қатарында АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамптың ұлдары бар. Мәміле Gryphon-ды биржадан шығарылу қаупінен құтқарса, American Bitcoin-ға биржаға шығуға мүмкіндік береді.

Егжей-тегжейі

Gryphon акциялары 12 мамырдағы пре-маркетте бірден 350%-ға өсіп, 2,34 долларға жетті. Бір сәтте бағасы тіпті 4,9 доллардан асты. Бұл алдыңғы жабылу деңгейінен шамамен 9,5 есе жоғары. Негізгі сауда сессиясында да сауда бағамы күрт көтерілді. Алғашқы минуттарда 320%-дан астам өсті. Дегенмен кейін біршама төмендеп, осы мәтін жарияланған сәтте шамамен 250% өсіммен тұр.

Инвесторларды Gryphon компаниясының American Bitcoin-мен бірігетіні туралы жаңалық жігерлендірді. Бұл платформаны 2025 жылы криптовалюта саласындағы Hut 8 Corp пен American Data Centers бірігіп құрған. Соңғысының инвесторларының қатарында АҚШ президенті Дональд Трамптың ұлдары — кіші Дональд Трамп мен Эрик бар екенін New York Times хабарлады.

American Bitcoin — жабық компания. Аталған мәміле оның биржаға шығуына жол ашады. Біріккен компания дәл осы брендпен және American Bitcoin-нің қазіргі басшылығының басқаруымен жұмыс істемек. Сондай-ақ Nasdaq биржасында жаңа тикер — «ABTC» иеленеді.

Келісім бойынша, жаңа компаниядағы үлестің 2%-ы Gryphon-ның қазіргі акционерлеріне тиесілі болады, ал қалған 98%-ы American Bitcoin-ның иелеріне өтеді. Бұл мәміле Gryphon акционерлерінің мақұлдауына тәуелді және оны 2025 жылдың үшінші тоқсанында аяқтау жоспарланып отыр.

Келісімге қатысушы тараптар туралы не белгілі?

Gryphon өзін көмірқышқыл газы бойынша бейтарап биткоин майнері ретінде таныстырады. Компания майнинг процесінде жаңғыртылатын энергия көздерін пайдаланатынын айтады. Өткен жылдың соңында Gryphon жасанды интеллект нарығына шығатынын хабарлаған. Осы мақсатта ол канадалық Erikson National Energy компаниясының энергетикалық активтерін сатып алу туралы келісімге қол қойған, бірақ кейіннен бұл мәміле бұзылған. Кейінірек Gryphon Captus Energy компаниясынан Канададағы өндірістік нысанды сатып алғанын жария етті. Бұл нысан табиғи газ секілді арзан энергия көздеріне қол жеткізуді қамтамасыз етеді. Компанияның түсіндіруінше, мұндай арзан энергия бір жағынан биткоин майнингі саласында бәсекелік артықшылық береді, екінші жағынан Gryphon бұл энергияны жасанды интеллект технологияларын дамытып жатқан ірі технологиялық компанияларға сата алады.

Сәуір айында Gryphon биржа талабын, яғни акциялардың нарықтық құны кемінде 1 $ болуы керек деген шартын орындай алмағанын хабарлады. Бұл талаптың бұзылуы компанияны биржадан шығарып тастау қаупіне ұшыратуы мүмкін.

Ал American Bitcoin өздерін әлемдегі ең ірі әрі тиімді жұмыс істейтін таза биткоин майнері ретінде көрсеткісі келеді және бұл компания биткоин валютасы үшін стратегиялық қор қалыптастыруды көздейді, делінген Gryphon хабарламасында. The New York Times басылымының жазуынша, бұл — Трамптар әулетінің соңғы бір жылда іске асырған үшінші ірі крипто жобасы. 2024 жылғы президент сайлауы кезінде Дональд Трамп пен оның ұлдары World Liberty Financial компаниясын құрған. Ол екі түрлі цифрлық валютаны ұсынады. Ал инаугурация қарсаңында Трамп пен жұбайы Мелания өздерінің мемкойндарын іске қосқан.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары