60/40 портфелі танымалдығын жоғалтып жатыр. Енді сарапшылар қандай стратегия ұсынады?

Уолл-стриттегі сарапшылардың пікірінше, активтерді акцияларға, облигацияларға, алтынға және қолма-қол ақшаға тең бөлген әртараптандырылған портфель классикалық үлгіден, яғни тек акциялар мен облигациялардан құралған 60/40 портфелінен тиімдірек болуы мүмкін.
Соңғы уақытта инвесторлардың 60% акция мен 40% облигациядан тұратын дәстүрлі стратегияға көңілі толмай отыр. Оның орнына активтер төрт түрлі құралға тең бөлінетін «тұрақты портфель» (permanent portfolio) стратегиясы соңғы бір жылда жақсы нәтиже көрсетіп, инвесторлар үшін баламаға айналуы мүмкін.
Егжей-тегжейі
Barron’s басылымының жазуынша, активтерді акциялар, облигациялар, алтын және қолма-қол ақша арасында тең етіп бөлетін «тұрақты» портфель (25/25/25/25 стратегиясы) классикалық 60/40 инвестициялық үлгінің орнын басуы мүмкін.
Barron’s сұранысы бойынша Morningstar зерттеу жүргізіп, төрт активке тең үлеспен салынған портфельдің табыстылығын есептеді. Ол үшін Vanguard Total World Stock ETF (акциялар), iShares Core U.S. Aggregate Bond ETF (облигациялар), SPDR Gold Shares (алтын) және қолма-қол қаражат пайдаланылды. Салыстыру үшін дәл осы акциялар мен облигациялар қорларынан құралған дәстүрлі 60/40 портфелінің де көрсеткіштері есептелді.
Barron’s дерегінше, соңғы бір жылда «тұрақты» портфель 17% шамасында табыс әкелсе, классикалық 60/40 үлгісі небәрі 10% көрсеткен. Ал 5 және 10 жылдық кезеңдерде екі стратегия да бір-біріне шамалас нәтиже көрсеткен. Тек соңғы 15 жыл ішінде ғана дәстүрлі үлгі орта есеппен 6,5% жылдық табыстылықпен «тұрақты» портфельден (5,2%) басым түскен.
Сондай-ақ Barron’s Майкл Куджино басқаратын, актив көлемі 4,3 млрд доллар болатын Permanent Portfolio қорына назар аударады. Бұл қор облигациялар, алтын мен акцияларға (мысалы, Palantir, Nvidia, Costco) шамамен үштен бір үлеспен инвестиция жасайды. Соңғы бір жылда қор 22% табыс әкелген, ал соңғы 15 жылдағы орташа жылдық табысы — 6,9%. Алайда қордың нәтижесі тұрақты емес — бірде алға шықса, бірде айтарлықтай қалып қойып отырған.
Сарапшылар не дейді?
BofA Securities компаниясының инвестициялық стратегы Майкл Хартнеттің айтуынша, қазіргі кезде шикізат нарығында (әсіресе алтын бағасында) өсім байқалады, ал АҚШ-тың акциялар нарығында, керісінше, құлдырау жүріп жатыр. Бұл – шикізат нарығындағы «жоғарылаушы» кезеңнің бастапқы, ал АҚШ акцияларындағы «төмендеуші» кезеңнің соңғы сатысы.
Хартнетт активтерді тең төрт бөлікке бөлу (яғни, 25% акция, 25% облигация, 25% алтын, 25% қолма-қол қаражат) секілді әртараптандырылған портфельдер дәстүрлі 60/40 үлгісіне қарағанда тиімді болуы мүмкін деп санайды.
Сарапшы АҚШ акцияларының өсуіне кедергі келтіретін бірнеше факторды атап өтті:
* мемлекеттік шығындардың азаюы;
* халықаралық саудаға қойылатын кедергілер;
* еңбек өнімділігінің төмендеуі.
Сондай-ақ ол алтынның тарихта күрделі экономикалық кезеңдерде жақсы нәтиже бергенін еске салады. Мысалы:
* 1930-жылдары АҚШ-та кедендік салықтар күшейген кезде;
* 1970-жылдары инфляция мен экономикалық тоқырау қатар жүрген кезде;
* 2001 жылғы 11 қыркүйектегі терактілерден кейінгі кезеңде.
Ол кезде алтын бағасы тұрақты болып, инвесторлар үшін сенімді активке айналған.
Инвестор ескеруі керек жайттар
2025 жылдың басы оңай болмаған еді. Ал қазір АҚШ-тың акциялары әлі де соңғы бірнеше жылдағы орташа табыстан 35 есе қымбат бағамен саудаланып жатыр. Бұл – 1929 жылғы дағдарыс қарсаңындағы көрсеткішке ұқсас және дотком дәуірінің күйреуінен кейінгі кез келген кезеңнен жоғары деңгей.
Тарихқа сүйенсек, ұзақ мерзімді табыс жағынан акциялармен бәсекелесе алатын актив аз — бұл облигацияларға да, алтынға да, қолма-қол ақшаға да қатысты. Бірақ алтын бағасы да қазір тарихи шегіне жетті: кейінгі бір жыл ішінде ол 40%-ға қымбаттады. Сондықтан Barron’s басылымы дәл қазір ғана портфельге алтын қоса бастаған инвесторлар осы раллидің бастапқы мүмкіндігін өткізіп алғанын ескертті.
Контекст
Сәуір айының басында әлемдегі ең ірі инвестициялық компания — BlackRock-тың басшысы Ларри Финк инвесторларға жолдаған хатында «болашақ портфелі» тек акциялар мен облигациялардан тұрмауы керек екенін айтты. Оның пікірінше, енді портфельге балама активтерді де қосу қажет: жылжымайтын мүлік, инфрақұрылымдық жобалар және жекеменшік несиелер. Финктің айтуынша, мұндай портфельдің оңтайлы құрылымы былай бөлінуі мүмкін: 50% — акциялар, 30% — облигациялар және 20% — жеке активтер.








