БастыЖаңалықтар
Бөлісу

«Бәріңізге жанкүйермін»: X әлеуметтік желісінің бас директоры отставкаға кетті

Венера  Сайфутдинова

Венера Сайфутдинова

Oninvest тілшісі
«Бәріңізге жанкүйермін»: X әлеуметтік желісінің бас директоры отставкаға кетті

X әлеуметтік желісінің (бұрынғы Twitter) бас директоры Линда Яккарино қызметінен кететінін мәлімдеді. Ол бұл қызметке Илон Маск компанияны сатып алғаннан кейін келген еді. Оның отставкасы Маск негізін қалаған xAI стартапының X-ті өз құрамына қосып алуынан кейін орын алды.

Егжей-тегжейі

Линда Яккарино X әлеуметтік желісінің бас директоры қызметінен кететінін 9 шілдеде X парақшасында хабарлады. Бұл лауазымға оны екі жыл бұрын Илон Маск тағайындаған болатын.

«Сіздер әлемді өзгертуді жалғастыра беріңіздер. Мен сіздерге жанкүйермін», – деп жазды ол. Яккарино Маскқа «сөз бостандығын қорғау, компанияны жаңа деңгейге шығару және X-ті әмбебап қосымшаға айналдыру міндетін сеніп тапсырғаны үшін» алғыс айтты. Оның айтуынша, ол жұмыс істеген кезеңде X пайдаланушылар қауіпсіздігі мен жарнама берушілердің сенімін қалпына келтіруге басымдық берген.

Контекст

Бұған дейін NBCUniversal медиакорпорациясының жарнама бағытын басқарған Яккарино X-тің бас директоры қызметіне 2023 жылдың мамырында келді. Ол Масктың контент модерациясындағы күтпеген шешімдері мен жеке жазбаларынан кейін шошып қалған жарнама берушілерді қайтаруға тиіс болды, деп жазады Bloomberg.

The Wall Street Journal мәліметінше, Verizon Communications және Ralph Lauren сияқты кейбір жарнама берушілерді қайтару үшін тіпті сотқа беретінін айтып қысым жасауға тура келген. Дегенмен X контентті модерациялау мәселесімен әлі де бетпе-бет келіп отыр. Яккариноның отставкасы туралы жаңалықтың алдында кезекті жанжал болған. Масктың xAI компаниясы жасаған Grok чат-боты X платформасында антисемиттік пікірлер жариялап, қоғамның кең наразылығын туғызды. 9 шілдеге қараған түні xAI бұл жазбаларды өшіру жұмыстары жүріп жатқанын хабарлады.

WSJ жазуынша, Яккариноның болашағы бірнеше ай бұрын-ақ белгісіз бола бастаған. Көктемде Маск X желісін Grok чат-ботының әзірлеушісі xAI стартапымен біріктіріп, әлеуметтік желіні жасанды интеллектке бағытталған ірі құрылымның бір бөлігіне айналдырды. Басылымның жазуынша, «ЖИ-дің жоғары әлеуеті инвесторлар үшін Яккарино басқаратын әлеуметтік желіден маңыздырақ болып шықты».

Ақпарат көздерінің мәліметінше, Яккарино жақын ортасына кейбір жарнама берушілердің оралуы және xAI-мен бірігуден кейін X желісінің компания табысындағы үлесінің қысқаруы оның кетуіне ыңғайлы сәт тудырғанын айтқан. eMarketer зерттеу компаниясы X биыл Маск сатып алғаннан кейін алғаш рет жарнама түсімі бойынша өсім көрсетуі мүмкін екенін хабарлады.

Ал xAI өз кезегінде ай сайын жасанды интеллектінің дамыған үлгілерін әзірлеуге 1 млрд доллар жұмсап жатыр. Bloomberg дерегінше, жыл қорытындысы бойынша стартап 13 млрд доллар шығынға ұшырауы мүмкін. Осы олқылықты жабу үшін Масктың стартапы 9,3 млрд доллар көлемінде қарыз немесе инвестиция тартуға тырысып жатыр.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары