Баж cалығы, чиптер және Зеленский: Трамп Конгресте не айтты

АҚШ президенті
Дональд Трамп Конгресте 100 минуттық бағдарламалық сөз сөйледі – бұл Америка
тарихындағы ең ұзақ баяндамалардың бірі болды. Оның сөзі негізінен
республикашылдарға бағытталған еді, олар жиі қол шапалақтап, «АҚШ» деп
ұрандатып отырды, ал демократтар наразылық білдіріп, қарсылықтарын айқайлап
жеткізді. Нәтижесінде Техас штатының конгресмені Эл Грин Өкілдер палатасының
отырыс залынан шығарылды.
Өзінің сөзінде
Трамп негізінен ішкі мәселелерге тоқталды, соның ішінде кедендік баждар,
микросхема өндірушілеріне субсидиялар мен гранттар, салықтық жеңілдіктер туралы
айтты. АҚШ-тың сыртқы мәселелеріне аз уақыт бөлді. Ол Украина президенті
Владимир Зеленскийге ынтымақтастығы үшін алғыс білдірді, бірақ Киевке әскери
көмек көрсету мәселесін қозғамады.
Баж салығы –
басты құрал
Трамп осы
аптадағы нарықтардың құлдырауы оның баж салықтарын көтеруге деген шешіміне әсер
етпегенін ашық айтты. Ол кедендік алымдардан «триллиондаған» доллар табыс
табуға үміттенетінін мәлімдеді. «Баж салығы – Американы қайтадан бай әрі ұлы
етудің жолы, – деді Трамп. – Аздаған тұрақсыздық болады, бірақ біз бұған
дайынбыз». АҚШ президенті осы аптада Канада мен Мексикаға енгізілген баж
салықтарын жоюды жоспарлап отырғанын нақтыламады, бірақ Сауда министрі Говард
Латник бұл мәселе бойынша келіссөздер жүргізуге болатынын меңзеді.
Жартылай
өткізгіштерге төнген қауіп
Трамп күтпеген
жерден өзінің алдындағы президент Джо Байден қабылдаған CHIPS және ғылым туралы
заңын (CHIPS and Science Act) жоюды ұсынды. «Сіздердің CHIPS Act атты
заңдарыңыз – бұл сұмдық нәрсе», – деп мәлімдеді Трамп. Ол Өкілдер палатасының
спикері Майк Джонсонды бұл заңды жоюға және оның бағдарламасына бөлінген
қаражаттың қалғанын «қарызды азайту немесе кез келген басқа мақсатқа»
бағыттауға шақырды.
CHIPS заңы АҚШ-та
микросхемалар өндірісін ынталандыру үшін 52 миллиард долларлық субсидия бөлуді көздейді.
Байден әкімшілігінің соңғы апталарында Сауда министрлігі 33 миллиард доллардан
астам грант бөлуді аяқтады. Оның ішінде 4,7 миллиард доллар Samsung Electronics компаниясына, 7,9
миллиард доллар Intel компаниясына, 6,6
миллиард доллар TSMC компаниясына, 6,1
миллиард доллар Micron компаниясына
берілді.
Трамптың бұл
мәлімдемесі қолданыстағы жобалардың болашағына күмән тудырады. Дегенмен
Конгресті бұған көндіру оңай болмайды: республикашылдар өз аймақтарында
мемлекеттік субсидиялар есебінен салынатын жаңа зауыттардан айырылғысы
келмейді, деп жазады Bloomberg.
Салықтық
жеңілдіктер
Трамп тағы да
шайпұл, үстеме жұмыс төлемдері және әлеуметтік қамсыздандыру жәрдемақыларынан
салықты алып тастауды ұсынды. Сондай-ақ, америкалық автокөліктерге алынған
несиелер бойынша пайыздық төлемдерді салық салынатын табыстан шегеруді ұсынды.
Республикашылдар
Трамптың алғашқы мерзімінде енгізілген салықтық жеңілдіктерді ұзартуға және
жаңаларын енгізуге тырысуда. Bloomberg
деректері бойынша бұл өзгерістердің жалпы құны 5 триллион доллардан асады.
Сонымен қатар, Трамп тағы бір амбициялық мақсат қойды: «жақын болашақта»
бюджетті теңестіруді көздейді.
Украина
мәселесі
Трамп АҚШ алдында
тұрған өткір халықаралық мәселелерге аз уақыт бөлді. Тек сөзінің соңында ғана
Украинадағы қақтығыс, Таяу Шығыстағы жағдай және ұлттық қауіпсіздік
мәселелеріне тоқталды. Ол Украина президенті Владимир Зеленскийден хат алғанын
айтты. Хатта Зеленский бейбітшілікке ұмтылатынын және жер қойнауы жөніндегі
келісімге қол қоюға дайын екенін білдірген. Бұл хат олардың Ақ үйдегі
кездесуінен төрт күн өткен соң келген еді. Сол кездесуде екеуі арасында ашық
пікірталас туындаған болатын.
Трамп бұл хат
үшін алғыс білдіріп: «Сонымен бірге біз Ресеймен маңызды келіссөздер жүргіздік
және олардың бейбітшілікке дайын екені туралы қуатты белгілер алдық», – деді.
АҚШ президенті өз
сөзінде Киевке әскери көмекті тоқтату туралы мәселені қозғамады, деп атап өтеді
BBC.








