ЕО Ақ үйден жаңа тарифтер жайлы хат күтуде. Акциялар арзандады

Еуропалық Одақ АҚШ президенті Дональд Трамптан жаңа кедендік тарифтер туралы ресми хат күтуде. Бастапқыда Брюссель Вашингтонмен ауқымды сауда келісіміне қол жеткізуді көздеген еді. Алайда бірнеше айға созылған келіссөздерден кейін ЕО тарапынан мынадай тұжырым жасалды: енді орта жолдан келісуге тура келуі мүмкін. 11 шілдедегі сауда кезінде инвесторлар тариф көлемі жарияланбас бұрын еуропалық акцияларды жаппай сата бастады.
Егжей-тегжейі
Reuters агенттігінің хабарлауынша, жұма күні Еуропалық Одақ АҚШ-тың сауда және инвестиция саласындағы басты серіктесі ретінде жаңа кедендік баж салығы енгізілетіні туралы ресми ескерту жіберетін Дональд Трамптың хатын күтеді. Соңғы күндері Трамп сауда соғысын күшейтіп, Жапонияға – 25%, Бразилияға – 50%, Канадаға – 35% көлемінде тариф енгізіп үлгерді. Сонымен қатар АҚШ-қа әкелінетін барлық мыс импортына 50 пайыздық баж салығы салынды. NBC News арнасына берген сұхбатында Трамп ЕО-ға жаңа тарифтер туралы хат «бүгін немесе ертең» жолданатынын айтып, АҚШ өзге де сауда серіктестеріне 15 немесе 20 пайыздық әмбебап тариф енгізуді қарастырып жатқанын жеткізді. «Біз қалған елдердің бәрі 15 не 20 пайыз төлейтінін айтамыз. Қазір соны шешіп жатырмыз», – деді АҚШ президенті. Қазіргі кезде әмбебап тарифтің негізгі мөлшері – 10%.
Reuters агенттігінің жазуынша, бастапқыда ЕО мен АҚШ екіжақты келісім жасап, өнеркәсіптік тауарларға салынатын кедендік алымдарды толық алып тастайды деп күтілген. Бірақ ұзаққа созылған келіссөздер нәтижесінде еуропалықтар орта жолдан шешім қабылдауға мәжбүр екенін түсіне бастады. «АҚШ-тың нақты не қалайтынын білу үшін хрусталь шар қажет еді», – деді аты-жөнін атамауды өтінген ЕО дипломаты Reuters-ке.
Нарықтың реакциясы
– 11 шілдедегі саудада жалпыеуропалық Stoxx 600 индексі шамамен 1% төмендеді.
– Германияның DAX индексі 0,8%-ға құлдырады.
– Францияның CAC 40 индексі 0,8%-дан астам түсті.
– Италияның негізгі индексі FTSE MIB ең көп төмендеп, 1,3%-ға арзандады.
Сарапшылардың пікірі
«ЕО АҚШ-пен жекелеген секторлар бойынша да, жалпы өзара кедендік баж салығы жөнінде де келіссөз жүргізіп жатыр... Көпшілік нәтижесінде тиімді мәміле болады деп күтті, бірақ қазіргі жағдай керісінше өрбуі мүмкін», – деді Reuters агенттігіне CMC Markets компаниясының бас нарық талдаушысы Йохен Штанцль.
«Бұл – тәуекелдер жайлы ескерту ме, әлде уақытша кідіріс пе – белгісіз. Бірақ бір нәрсе анық: белгісіздік жаздың соңына дейін сақталады», – деді AJ Bell инвестициялық талдаушысы Дэн Коутсуорт CNBC келтірген жазбасында. Ол келесі аптада нарықтағы назар АҚШ-тың жетекші банктері ашатын корпоративтік есеп беру маусымына ауысатынын атап өтті. Бұл компаниялардың жаһандық белгісіздікке қалай бейімделіп жатқанын көрсетеді.








