Францияның жаңа премьері — қорғаныс министрі және Макронның сенімді одақтасы

Франция президенті Эммануэль Макрон премьер-министр Франсуа Байрудың орнына жаңа үкімет басшысын тағайындады. Байруға алдыңғы күні Ұлттық ассамблея сенімсіздік вотумын білдірген еді. Үкіметті бұған дейін қорғаныс министрі қызметін атқарған Себастьен Лекорню басқарады, деп хабарлады Елисей сарайы.
Макрон Лекорнудан жаңа кабинет құрамын жасақтағанға дейін парламенттегі барлық саяси күштермен келіссөз жүргізуді сұрады. Мақсат — бюджет және басқа да мәселелер бойынша ымыраға келу. Reuters мұндай қадам француз саясаты үшін әдеттен тыс екенін атап өтті.
Жаңа премьер кім?
Bloomberg-тің жазуынша, жаңа премьер — Макронның сенімді серігі. Ол — 2017 жылы Макрон президент болғаннан бері үкімет құрамында үздіксіз жұмыс істеп келе жатқан жалғыз министр. 39 жастағы Лекорню Францияның әскери қуатын арттыруға бағытталған бастамалардың табанды жақтаушысы ретінде танымал. Оның ішінде армия бюджетін күрт көбейту де бар.
Лекорню Францияда соңғы екі жылда тағайындалған бесінші премьер болады. Оның алғашқы басты сынағы — 2026 жылғы бюджетті қабылдау. Бұған дейінгі екі премьер ел бюджеті тапшылығын қысқартуға арналған бағдарламалар қабылдай алмай, қызметінен кеткен. Францияның тапшылығы қазір ЕО белгілеген ЖІӨ-нің 3%-дық шегінен екі есеге жуық асып отыр. Bloomberg-тің пікірінше, Лекорнудың да дәл осындай тағдырға ұшырамауы үшін ол фискалдық жоспарларды жедел түзетіп, Макронның кейбір саяси қарсыластарының қолдауына ие болуы тиіс.








