Goldman Sachs есеп алдында бірқатар акциялардан аулақ болуға шақырды

Goldman Sachs сарапшылары инвесторларға есеп беру маусымының алдында кейбір компаниялардың акцияларынан аулақ болуға кеңес береді. Көптеген есептер келесі аптада жарияланады, бірақ банк инвесторларды шатастыруы мүмкін акциялардан қазірдің өзінде арылуға шақырады. Бұл туралы CNBC жазды.
Hershey
Тәтті тағамдар өндірушісі Hershey акциялары жыл басынан бері 3% жоғалтты, ал Goldman-ның бағалауынша олар тағы 3,6%-ға төмендеуі мүмкін. Ақпаннан бері банк бұл акцияларға $157 деңгейінде мақсатты бағаны ұстап келеді. Сарапшылардың айтуынша Hershey компаниясы кондитерлік өнімдер нарығындағы үлесінің азаюы, бәсекелестіктің күшеюі және касса маңындағы «импульстік сатып алулардың» қысқару қаупі салдарынан маржаға қысым көріп отыр. Шілде айының басында компанияда кадрлық өзгерістер болғаннан кейін акциялар құлдырады. Hershey-дің 20 жылдай жұмыс істеген, соның ішінде сегіз жыл бас директоры болған Мишель Бак компаниядан кетеді. Оның орнына бұған дейін Wendy’s мейрамханалар желісін басқарған Кирк Таннер келеді.
9 шілдеде Mizuho сарапшысы Джон Баумгартнер Barron’s-қа берген жазбасында: «Жаңа бас директор Hershey акцияларына қатысты басты белгісіздіктердің бірін жойды», — деп жазды. Оның айтуынша Таннердің тұтыну тауарлары, бренд құру, инновация және серіктестермен жұмыс саласындағы тәжірибесі Hershey-дің қажеттіліктеріне жақсы сәйкес келеді және «жаңа тәсілдерге сенімді негіз қалайды». Баумгартнердің болжамынша ұзақмерзімді перспективада компанияның таза сатылымы жылына 2–4%-ға, ал пайдасы 6–8%-ға өседі. Алайда жаңа CEO брендті дамытуға инвестицияны күшейтуі мүмкін, дейді ол.
Barron’s басылымы Hershey-дің бірқатар қиындықтарға тап болғанын атап өтті. Какао бағасының өсуі, импорттық баж салығы шығындары және тұтынушылардың тәтті тіскебасарларға қызығушылығының төмендеуі жығылғанға жұдырық болуда. 31 наурызда аяқталған бірінші тоқсанда бір акцияға шаққандағы түзетілген пайда 31,9%-ға, ал табыс 13,8%-ға төмендеді.
Victoria’s Secret
Goldman Sachs-тың мәліметінше Victoria’s Secret іш киім бренді акциялары тағы 18%-ға арзандауы мүмкін, ал жыл басынан бері олар қазірдің өзінде 54%-ға құлдыраған. 4 маусымда банк бұл акцияларға жаңа таргет орнатып, бағасын $15 деп көрсетті. «Бірінші тоқсан нәтижелері күткеннен жақсы болғанымен, деректердің таралуы компанияға деген сенімді әлсіретіп, Victoria’s Secret-тің тұрақсыз операциялық ортада жұмыс істей алу қабілетіне деген күмәнді күшейтті», — деп жазды Goldman аналитигі Брук Роуч. Оның айтуынша инвесторлар енді басшылықтың стратегиялық бастамалар аясында өсу факторлары туралы пікірлеріне назар аударады.
30 сәуірде Wells Fargo бұл акциялардың рейтингін «ортадан төмен» деңгейге түсірді, бұл — сатуға ұсыныс. Банк сарапшысы Айк Боручоу мақсатты бағаны $25-тен $12-ге дейін түсірді, бұл дүйсенбідегі сауда жабылу деңгейінен 37%-ға төмен. «Жаңа команда келіп, өнім мен маркетинг жаңартылғаннан кейін кейбір жетістіктер байқалады, бірақ біз әлі де сақтықпен қараймыз. Іш киім сегменті дәстүрлі түрде рецессияға сезімтал, ал Victoria’s Secret баға саясатын сақтап қала алатынын дәлелдеген жоқ», — деп жазады сарапшы.
eBay
Goldman-ның пікірінше, eBay-дің де болашағы бұлыңғыр. Банк 27 ақпаннан бері бұл акцияларға «сату» кеңесін беріп келеді, мақсатты баға — $56. Онлайн-платформаның акциялары жыл басынан бері 25%-ға өскен, бірақ сарапшылар алдағы 12 айда олар 28%-ға құлдырауы мүмкін деп санайды. Goldman сарапшысы Эрик Шериданның пікірінше компания екінші тоқсанда макроэкономикалық белгісіздіктер мен сауда баждары салдарынан қиындықтарға тап болады.
Сәуір айының соңында Bernstein сарапшысы Нихил Девнани бұл акцияларға «бейтарап» рейтинг қойып, мақсатты бағаны $5-ке төмендетіп, $65 деп белгіледі — бұл қазіргі деңгейден шамамен 16%-ға төмен. «eBay-дің негізгі өсім аймағы — Қытайдан келетін тауарлар (мысалы, автокөлік бөлшектері) — тариф саясатының белгісіздігіне байланысты қысымға ұшырауы мүмкін. Бұл ішінара қолданылған тауарлар мен балама жеткізушілер есебінен өтелуі мүмкін, бірақ eBay-дің үлесі көбінесе міндетті емес санаттарға тиесілі. Тым көп белгісіздік бар», — дейді Девнани.
American Airlines
Goldman сәуір айында American Airlines-тың рейтингін «бейтараптан» «сатуға» дейін төмендетіп, мақсатты бағасын $16-дан $8-ге дейін түсірді. Бұл — акциялардың қазіргі бағасынан 37%-ға төмен. Банк мұны ұшуға деген сұраныстың төмендеуімен және экономикалық белгісіздіктің күшеюімен түсіндірді. Жыл басынан бері бұл акциялар 30%-дан астам арзандаған.
Мамыр айында Jefferies сарапшысы Шейла Кахяоглу да бұл акцияларға мақсатты бағаны $12-ден $10,5-ке дейін төмендетті, бірақ «ұстау» рейтингін сақтап қалды. Ол American Airlines-тің қысқа ішкі бағыттардан түсетін табысы азаяды деп болжайды. Бұл бағыттар әуекомпания желісінің 75%-ын құрайды, ал жазда бұл сегменттегі табыс орташа немесе жоғары деңгейдегі бір таңбалы пайызбен төмендеуі мүмкін деп күтілуде.
Super Micro Computer
Goldman Supermicro акцияларының ұсынысын наурыз айында «сатуға» дейін төмендетті, себебі ЖИ серверлік жабдықтар нарығында бәсекелестік артып келеді. Мамыр айында банк сарапшысы Майкл Нг бұл ұсынысты растады, мақсатты бағаны $24 деп қалдырды — бұл қазіргі нарық бағасынан 55%-ға төмен. Оның айтуынша табыс өссе де, компанияның жалпы маржасы 11,3% деңгейінде қалып отыр.
10 шілдеде BofA Securities сарапшысы Рупл Бхаттачарья Supermicro акцияларының алдағы уақытта айтарлықтай өсуін күтпейтінін айтты. BofA бұл акцияларға «нарықтан төмен» рейтинг беріп, мақсатты бағасын $35 деп белгіледі — бұл да нарық бағасынан 34%-ға төмен. Barron’s басылымының жазуынша компания табысының өсуіне қарамастан, оның маржасы жылдан жылға азайып келеді: 2023 жылы — 18%, 2024 жылы — 13,9%, ал 2025 жылы болжам бойынша — 11,3%, ал 2027 жылға қарай — 9,4%.
Lazard
Goldman есеп беру қарсаңында бірігу мен қосылу бойынша кеңес берумен және активтерді басқарумен айналысатын Lazard компаниясының акцияларын ұстауға кеңес бермейді. Мамырда банк сарапшысы Ричард Рамсден бұл акцияларға мақсатты бағаны $35-тен $40-қа дейін көтерді, бірақ бұл да қазіргі деңгейден 23%-ға төмен. Банк осыдан екі жыл бұрын берген «сату» ұсынысын растады. 2025 жылдың басынан бері бұл акциялар небәрі 1%-ға ғана өскен, алайда соңғы үш айда 45%-ға жоғарылаған. Компания басшылығының айтуынша бірігу мен қосылу нарығы жанданып келеді және Lazard кеңестеріне сұраныс артып отыр. Сонымен қатар, компания өз процестеріне жасанды интеллект енгізуді жоспарлап отыр.
15 шілдеде Wells Fargo бұл акциялардың мақсатты бағасын $50-ден $52-ге дейін көтеріп, «бейтарап» рейтингін сақтады. Банк мұндай шешімді Lazard екінші тоқсан соңында басқаруындағы активтер көлемінің өсуімен түсіндірді. Осыған байланысты Wells Fargo бір акцияға шаққандағы табыс болжамын (EPS) екінші тоқсан үшін $0,34-тен $0,35-ке дейін, ал 2025 жылға — $2,1-ден $2,15-ке дейін көтерді.








