Қор нарығы ЖИ арқасында 16 трлн долларға өсуі мүмкін — Morgan Stanley

Компаниялардың өнімділігін жасанды интеллект есебінен арттыру қор нарығының құнын 13–16 трлн долларға ұлғайтуы ықтимал, деп санайды Morgan Stanley сарапшылары. Бұл S&P 500 индексін тағы үштен біріне өсіреді, деп жазды Business Insider. Банк пікірінше, ЖИ ең көп пайда әкелетін салаларға күнделікті тұтыну тауарларын дистрибуциялау, бөлшек сауда, жылжымайтын мүлік және көлік жатады.
Егжей-тегжейі
Morgan Stanley стратегтерінің айтуынша, өнімділіктің артуы және ЖИ технологияларын енгізу есебінен шығындарды кеңінен оңтайландыру S&P 500 индексінің капитализациясын 13–16 трлн долларға арттыра алады. Бұл туралы Business Insider келтірген банк жазбасында айтылған. Жоғарғы шек индекстің қазіргі деңгейден тағы 29%-ға өсуін білдіреді.
Бұл болжамдар нақты мерзімдерге байланбаған, бірақ ЖИ мүмкіндіктері «жылдам жетілдіріледі» және компаниялар технологияны жаппай енгізеді деген жорамалға сүйенеді, деді стратегтер. Жылдық есепте бұл ірі корпорацияларға шамамен 920 млрд $ таза пайда әкелуі ықтимал — негізінен персоналды қысқарту, шығындарды азайту және жаңа табыс көздерінің пайда болуынан.
Сарапшылар жеке атап өткен бағыттардың бірі — ЖИ агенттер. Мысалы, Salesforce-тың Agentforce жүйесі генеративті ЖИ-ден гөрі өз бетінше шешім қабылдап, әрекет етуге бейім. Morgan Stanley бағалауынша, бұл S&P 500 компанияларына қосымша 490 млрд $ құн әкелуі мүмкін. Ал Tesla-ның Optimus секілді гуманоид роботтары тағы 430 млрд $ қосуы ықтимал. Бұл факторлардың жиынтығы S&P 500 компанияларының құнын салық салынғанға дейінгі түзетілген пайдасынан 25%-дан артық өсіреді.
Кімдер ұтады?
Morgan Stanley пікірінше, ең көп пайда алатын салалар — күнделікті тұтыну тауарларын дистрибуциялау, бөлшек сауда, жылжымайтын мүлік пен көлік. Ұзақ мерзімде бұл сегменттерде құн өсімі 2026 жылға болжанған салыққа дейінгі пайдадан екі есе көп болуы мүмкін.
Зерттеу барысында Morgan Stanley бизнес жасанды интеллектті қолдануда «бұрылыс нүктесіне» жеткенін атап өтті.
«Мұндай ауқымды құн генерациясы тек технология толық енгізілген жағдайда мүмкін болады. Бұл жылдарға созылады және мерзім әр компания мен салаға байланысты өзгереді. Егер ЖИ мүмкіндіктері бейсызық қарқынмен дами берсе, оның әсері біздің жоғары бағалауымыздан да асып түсуі ықтимал», — делінген банктің жазбасында.
Еңбек нарығына ықпалы
ЖИ-ді жаппай енгізу еңбек нарығына қиындықтар туғызады: кей қызметкерлер жаңа дағдыларды меңгеруге немесе мамандығын ауыстыруға мәжбүр болады. Morgan Stanley есебі бойынша, жасанды интеллект қазіргі жұмыс орындарының шамамен 90%-ына әсер етеді, бірақ сонымен қатар жаңа мамандықтар да пайда болады. Мысалы, «ЖИ жеткізу тізбегі талдаушысы» немесе «ЖИ этика маманы».
«Тарих көрсеткендей, ЖИ түптің түбінде жұмыспен қамтудың таза өсіміне әкелуі мүмкін, бірақ жұмысшыларды ығыстыру кезеңдері бәрібір орын алады. Қызметкерлердің қайта оқып, тезірек еңбекке оралу қабілеті шешуші факторға айналады», — деді стратегтер.
Morgan Stanley бағалауларымен бәрі келісе бермейді. 2023 жылы Goldman Sachs ЖИ толықтай шамамен 300 млн жұмысты автоматтандыра алады деп есептеген, әсіресе әкімшілік және құқық салаларында. Ал Anthropic компаниясының бас директоры Дарио Амодеи алдағы бес жыл ішінде ЖИ бастапқы деңгейдегі кеңселік орындардың жартысын жойып жіберуі мүмкін деген болжам айтты. Оның пікірінше, бұл жұмыссыздық деңгейін 20%-ға дейін көтеруі ықтимал.








