Нью-Йорктегі таң: нарыққа бірнеше жағымды жаңалық серпін берді

Freedom Capital Markets Research директорының орынбасары Михаил Денисламов әзірлеп ұсынған АҚШ қор нарығындағы оқиғаларға күнделікті шолу және болжам.
Күтілетін оқиғалар
Бүгін нарық қатысушыларының басты назары АҚШ Федералдық сотының Дональд Трамп әкімшілігінің импорттық баж салығын арттыру бастамасын бұғаттау жөніндегі шешімінің айналасындағы жағдайға ауады. Халықаралық сауда соты Ақ үй сілтеме жасаған заң президентке көптеген елдерге қатысты мұндай ережелерді біржақты енгізу құқығын бермейді деп шешті. Трамп әкімшілігі сот шешімі жарияланған соң бірден апелляция берді.
Жасанды интеллект (AI) саласына қуатты оң серпін берген фактор – Nvidia (NVDA) компаниясының бірінші тоқсанға арналған мықты есептілігі болды. Компанияның табысы мен акцияға шаққандағы пайдасы былтырғы деңгейден едәуір асып, консенсусты да басып озды. Басшылық Қытайға қатысты экспорттық шектеулердің осы тоқсанға ықпалын $8 млрд деп бағалап отыр, бірақ табысты $45 млрд деңгейінде (±2%) болжайды, бұл LSEG дерегі бойынша $45,9 млрд консенсусы шамасына жуық. Компанияның бас директоры Дженсен Хуанг Nvidia өнімдеріне сұраныс одан әрі артады деп үміттенетінін айтты.
Инвесторлар үшін бүгін қызықты болатын деректердің қатарында сәуір айындағы қайталама тұрғын үй нарығындағы сату көрсеткіштері бар (консенсус: −1% ай/ай, наурызда: +6,1% ай/ай), сондай-ақ АҚШ-тың бірінші тоқсандағы ЖІӨ-нің нақты бағалауы (консенсус: −0,3% тоқсан/тоқсан, алдын ала мәліметтермен бірдей). Әдеттегідей бейсенбі күні алғашқы жұмыссыздық бойынша өтініштердің саны жарияланады (консенсус: 226 мың, алдыңғы мән: 227 мың). Осы статистикадан нарық айтарлықтай тосынсый күтпейді.
Негізгі сессия басталғанға дейін Hormel Foods (HRL) және Burlington Stores (BURL) тоқсандық есептерін жариялайды. Ал сауда сессиясы жабылғаннан кейін Costco Wholesale (COST), Dell Technologies (DELL), Marvell Technology (MRVL), Zscaler (ZS), Ulta Beauty (ULTA) компаниялары есеп береді.
АҚШ индекстерінің фьючерстері сенімді өсімді көрсетіп отыр. Тәуекел балансы оң бағытта. Келесі сессияда импорттық тарифтердің сот арқылы бұғатталуы және Nvidia-ның есебіне байланысты инвесторлар реакциясының әсерінен орташа деңгейден жоғары құбылмалылық болжанады. Біз S&P 500 индексі бойынша қозғалысты 5880–6040 тармақ аралығында (28 мамырдағы жабылу деңгейінен −0,1%-дан +2,6%-ға дейін) күтеміз.
Назарда
— Salesforce (CRM) компаниясының бірінші тоқсанға арналған EPS және табысы сарапшылар күткен деңгейден жоғары болды. Осыған байланысты акцияға шаққандағы түзетілген табысқа арналған болжам $11,09–11,17 аралығынан $11,27–11,33-ке дейін көтерілді, ал табыс болжамы $40,5–40,9 млрд орнына $41,0–41,3 млрд болып жаңартылды. Бұл операциялық көрсеткіштердің жақсарғанын білдіреді.
— Tesla (TSLA) 12 маусымда Техас штатындағы Остин қаласында Robotaxi қызметін іске қоспақ. Қазіргі таңда жүргізушісіз Model Y көліктері қалалық сынақтан өтіп жатыр, деп хабарлайды Bloomberg.
— Moderna (MRNA) АҚШ Денсаулық сақтау министрлігі H5N1 құс тұмауына қарсы мРНҚ-вакцина бағдарламасына бөлінген $766 млн көлеміндегі қаржыландыруды тоқтатқанын растады. Дегенмен, компания зерттеуді өз күшімен жалғастыратынын мәлімдеді.
Кешегі нарықтағы жағдай
28 мамыр күні АҚШ қор нарығының сауда-саттығы теріс аймақта аяқталды. S&P 500 –0,56%, Nasdaq 100 –0,45%, Dow Jones –0,58%, ал Russell 2000 –1,08% төмендеді. Кең нарық индексіне кіретін барлық секторлар сесияны қызыл аймақта аяқтады. Ең көп қысымға ұшырағандар: шикізат өндірушілер (XLB: −1,36%), коммуналдық қызметтер жеткізушілері (XLU: −1,4%) және энергетика секторы (XLE: −1,27%). Қарсы тұру қабілетін тек коммуникация секторы (XLC: −0,02%) көрсетті.
FOMC-тің мамыр айындағы отырысының хаттамалары күткендей тосынсый әкелмеді. ФРЖ мөлшерлемені төмендетуде сақтық танытатынын растады. Комитет мүшелері инфляцияның болжанғаннан тұрақты екеніне алаңдаушылық білдірді, сондай-ақ еңбек нарығы мен экономикалық өсудің баяулау белгілерін атап өтті. Алайда, бұл бағалар біршама өзектілігін жоғалтты, себебі отырыс Қытаймен сауда шиеленісінің бәсеңдеуінен бұрын өткен. CME Group-тың FedWatch құралының дерегі бойынша, нарық 2025 жылы екі рет мөлшерлеме төмендейді деп күтіп отыр.
Financial Times хабарлауынша АҚШ-пен сыртқы сауда бойынша келіссөздерге қатысып жатқан ЕО өкілдері барлық тауарларға қатысты 10%-дық импорттық баж салығы ұзақ мерзімге дейін сақталады деп санайды. Толыққанды сауда соғысының алдын алудың жалғыз жолы — Вашингтонға елеулі жеңілдіктер жасау болуы мүмкін.
Компания жаңалықтары
— Cadence Design Systems (CDNS: −10,7%) акциялары АҚШ президентінің қытайлық клиенттерге арналған автоматтандырылған жобалау бағдарламаларын (EDA) сатуды тоқтату туралы бұйрығы жайлы FT мақаласынан кейін қысымға ұшырады.
— Mobileye Global (MBLY: +3,6%) компаниясы өздерінің радарлық көру технологиясын әлемдік автоөндірушілердің бірі жүргізушісіз басқару режимін жүзеге асыру үшін таңдағанын хабарлады. Бұл Mobileye шешімдерінің автономды көлік саласында бәсекеге қабілетті екенін растайды.
— Fannie Mae (FNMA: +2,2%) акциялары OTC нарығында Дональд Трамптың бұл ипотекалық алпауытқа және оның баламасы Freddie Mac (FMCC) компаниясына жария акционерлік мәртебе беру ниеті туралы жаңа мәлімдемесінен кейін өсті. Президент мемлекеттік кепілдіктер сақталатынын, ал екі агенттіктің қаржылық жағдайы жақсы екенін айтты.








