Нью-Йорктегі таң: ФРЖ сигналдары назарда

Freedom Capital Markets Research директорының орынбасары Михаил Денисламовтың АҚШ қор нарығына күнделікті шолуы және болжамы.
Бүгіннен не күтеміз
Сәрсенбі — Федералдық резерв жүйесі (ФРЖ) басшылығының өкілдері сөз сөйлейтін маңызды күн болмақ. Нарық қатысушылары олардың алдағы ақша-кредит саясатына қатысты нақты бағыт-бағдарын күтіп отыр. Ерекше назар Нью-Йорк ФРБ президенті Джон Уильямстың US Treasury Market Conference-тегі баяндамасына аударылады. Сондай-ақ инвесторлар ADP-нің әлсіз еңбек статистикасынан кейін Атланта ФРБ басшысы Рафаэль Бостик пен басқарма мүшелері Кристофер Уоллер мен Стивен Миранның экономикалық және еңбек нарығы жайлы пікірлерін күтуде.
Күннің басты оқиғаларының бірі — АҚШ президенті Дональд Трамптың ең ірі қаржы институттарының жетекшілерімен, соның ішінде Nasdaq (NDAQ) және J.P. Morgan Chase (JPM) басшыларымен кездесуі болмақ. Оның мақсаты — капитал нарықтарын қолдау мен өндірістік тізбектерді қалпына келтіруге бағытталған бастамаларды ілгерілету үшін бизнес қауымдастықпен байланыс орнату. Осы саммит қарсаңында J.P. Morgan ұлттық қауіпсіздік үшін стратегиялық маңызы бар салаларға $1,5 трлн көлемінде он жылдық инвестициялық бағдарлама жариялады.
Сауда басталар алдында есептерін Circle (CRCL), TransDigm (TDG), Onon (ONON), Hudbay (HBM), GlobalFoundries (GFS) және Tencent Music (TME) ұсынады. Ал негізгі сессия аяқталғаннан кейін Cisco (CSCO), Pan American Silver (PAAS), Serve Robotics (SERV), Grail (GRAL), Ascendis Pharma (ASND), Celcuity (CELC) және Firefly (FLY) компанияларының есептері күтіледі.
АҚШ индекстерінің фьючерстері өсім көрсетіп тұр. Алдағы сауда сессиясы үшін тәуекел теңгерімін бейтарап, ал құбылмалылықты орташа деп бағалаймыз. S&P 500 индексінің тербеліс диапазоны — 6805–6900 пункт (алдыңғы жабылудан -0,6% пен +0,8% аралығында).
Назарда
— Advanced Micro Devices (AMD) акциялары 11 қарашадағы негізгі сессияда 2,7%-ға төмендеді. Алайда постмаркеттің өзінде қағаздар 6%-ға жуық өсті. Компания орта мерзімді стратегиясын, болжамдарын және кіріс динамикасын жариялады: алдағы 3–5 жылда түсімнің орташа жылдық өсімі 35%-дан жоғары, ал non-GAAP акцияға шаққандағы пайда $20-дан асуы мүмкін деп күтілуде. Негізгі өсім драйвері — дата-орталықтар сегменті, оның кірісі жылына шамамен 60%-ға ұлғаяды деп болжануда.
— Oklo (OKLO) компаниясының акциялары үшінші тоқсан нәтижесінен кейін 2%-ға көтерілді. Стартап бір акцияға шаққандағы шығынды $0,2 деп жариялады (болжам — $0,13). Компания әлі кіріс тапқан жоқ, бірақ 2027 жылға қарай алғашқы коммерциялық реакторын іске қосуды жоспарлап отыр. Дегенмен, ИИ инфрақұрылымына арналған ядролық энергетикаға қызығушылықтың артуы нәтижесінде оның акциялары жыл басынан бері 391%-ға өсті.
— Proficient Auto Logistics (PAL) қағаздары 15%-ға қымбаттады. Компанияның түзетілген операциялық пайдасы өткен жылғы $1,1 млн-нан $4,2 млн-ға өскен. Түсім 24,9%-ға артты (жылдық есеппен $114,3 млн). Дегенмен, қайта құрылымдауға кеткен шығындар салдарынан таза залал $3 млн-ға жетті.
— Bill Holdings (BILL) әртүрлі стратегиялық нұсқаларды, соның ішінде сату мүмкіндігін қарастыруда, деп хабарлады Bloomberg. Бұл жаңалық акциялардың 15%-ға өсуіне себеп болды. Компания белсенді инвестор Starboard Value LP-нің қысымына ұшыраған және әлеуетті сатып алушыларды іздеу үшін қаржылық кеңесші жалдады.
— Biohaven (BHVN) компаниясы $150 млн көлемінде жаңа акциялар шығаратынын мәлімдегеннен кейін оның қағаздары 9%-ға құлдырады. Инвесторлар үлесінің сұйылуынан қауіптенгенімен, тартылған қаражат жалпы корпоративтік мақсаттарға бағытталмақ.
Кешегі нарықтағы жағдай
11 қарашадағы АҚШ қор нарығындағы сауда сессиясы негізінен өсіммен аяқталды, бірақ технологиялық сектордан капиталдың қайта ағылуы байқалды. S&P 500 0,21%-ға, Dow Jones — 1,18%-ға, Russell 2000 — 0,11%-ға көтерілсе, NASDAQ 100 0,31%-ға төмендеді.
Инвесторлар жасанды интеллектке байланысты акциялардан пайдасын тіркеп, қаражаттарын цикликалық және қорғаныш секторларына бағыттады. Бұл жағдайда тең салмақты S&P 500 индексі капитализация бойынша өлшенген нұсқасынан асып түсті. NVIDIA (NVDA: -2,96%) және Tesla (TSLA: -1,26%) әлсірегенімен, денсаулық сақтау секторы (XLV: +2,31%) алға шықты, ал технология саласы (XLK: -0,85%) аутсайдер болды.
ADP есебі жұмыс орындарының 11 мыңға қысқарғанын көрсетті, бұл еңбек нарығының әлсіреуіне қатысты алаңдаушылықты арттырды. NFIB шағын бизнес оптимизм индексі қазан айында 98,8-ден 98,2-ге төмендеді (күтілгені — 98,3). Кәсіпкерлер кадр тапшылығын және табыстылықтың төмендеуін атап өтті. Бұл көрсеткіштер ФРЖ тарапынан саясатты жұмсарту бағытындағы күтулерді күшейтті.
Біз нарықтағы ықтимал қалыпты түзетулерге дайын болу керектігін және жыл соңына дейінгі өсім драйвері — мөлшерлеменің біртіндеп төмендеуі мен ірі ЖИ-компаниялардың оң бағалануы болатынын атап өтеміз.
Компания жаңалықтары
— NVIDIA (NVDA: -2,96%) қағаздары SoftBank-тың $5,8 млрд-қа акция пакетін сату жаңалығынан кейін төмендеді.
— Life360 (LIF: -22%) акциялары пайдаланушылар өсімінің баяулауына байланысты құлады (2-тоқсанда 25%, 3-тоқсанда 19%), бірақ жалпы есеп күткеннен жақсы болды. Компания $120 млн-ға Nativo жарнама компаниясын сатып алатынын хабарлады.
— Fermi (FRMI: -13,4%) үшінші тоқсанда бір акцияға $0,84 пайда көрсетті. Project Matador кампусының құрылысы басталғанын және оның 20%-ы орындалғанын растады. Жоба 2026 жылдың соңында іске қосылады.
— Nebius Group (NBIS: -7,1%) инвесторларды көңіл көншітпейтін есеп ұсынды: EBITDA және түсім болжамнан төмен, ал шығын жоғары болды. Компания Meta (META: -0,74%)-мен $3 млрд-тық бес жылдық келісімге қол қойды және 25 млн акция орналастыруды жоспарлап отыр.
— Rigetti Computing (RGTI: -5,1%) үшінші тоқсан нәтижелері аралас болды: бір акцияға пайда күткеннен жоғары шыққанымен, АҚШ үкіметінен қаржыландыру кідірісі себебінен түсім әлсіз болды.
— Coinbase (COIN: -4,4%) $2 млрд-қа бағаланған британдық BVNK стартапын сатып алу жоспарын тоқтатты. Себептері нақты аталмағанымен, мәміле қазан айынан бері тексеру сатысында болған.








