Рекордтық өсім жасаған алтын кейінгі 4 жылда болмаған ең ірі құлдырауға түсті

21 қазан күні өткен сауда-саттықта алтын бағасы 4%-дан аса төмендеп, трой унциясы үшін 4168,07 долларға дейін құлдырады. Бұл кейінгі төрт жылдағы ең ірі төмендеу болды. Bloomberg бұған дейін бірнеше апта бойы бағалы металл шарықтап өскенін жазды.
Қорғаныш активтеріне деген қызығушылық төмендеп тұр. Себебі нарықтағы шиеленіс бәсеңдеп келеді. Осы ретте АҚШ президенті Дональд Трамп пен ҚХР төрағасы Си Цзиньпин келесі аптада кездесіп, сауда саласындағы келіспеушіліктерді талқылауды жоспарлап отыр. Сонымен қатар, Bloomberg Үндістанда маусымдық алтын сатып алу белсенділігі аяқталғанын жазды. Бұған қоса, АҚШ долларының нығаюы да қысым тудырды. Бұл шетелдік сатып алушылар үшін бағалы металдарды қымбаттатып жіберген.
«Сауданың кейінгі сессияларында трейдерлер сақтық таныта бастады, олар нарықта түзету (коррекция) мен шоғырлану (консолидация) болуынан қауіптеніп отыр», — деді Saxo Bank компаниясының шикізат нарығы жөніндегі стратегi Оле Хансен Bloomberg-ке берген түсініктемесінде.
«Дәл осындай кезеңдерде нарық өзінің шынайы қуатын көрсетеді, және бұл жолы да ерекшелік болмауы мүмкін: іргелі (фундаменталды) сұраныс бағаның кері шегіну ауқымын шектейді», — деп қосты ол.
Оның айтуынша, АҚШ үкіметінің жұмысын уақытша тоқтатуы (шатдаун) салдарынан нарық қатысушылары алтын мен күміс фьючерстері бойынша хедж-қорлар мен инвесторлардың ұстанымдарын көрсететін Сауда тауар фьючерстері жөніндегі комиссияның (CFTC) апта сайынғы есебінен айырылып қалды. Хансеннің пікірінше, бұл мәліметтердің жоқтығы қазіргі кезде ерекше сезілуде, себебі алыпсатарлық бағыттағы ұзақ позициялар шектен тыс деңгейге дейін өскен болуы мүмкін, ал бұл түзету тәуекелін арттырады.








