БастыЖаңалықтар
Бөлісу

Shein Лондоннан бас тартып, IPO-ны Гонконгте өткізбек — Reuters

Евгения Ватаманюк

Евгения Ватаманюк

Oninvest тілшісі
Shein Лондоннан бас тартып, IPO-ны Гонконгте өткізбек — Reuters

Онлайн-киім сатумен айналысатын Shein компаниясы Лондон қор биржасына шығудан бас тартты. Бұған себеп — Қытай реттеушілерінің келісім бермеуі. Енді компания Гонконгте IPO (бастапқы жария ұсыныс) өткізуге дайындалып жатыр. Бұл жайында Reuters үш дереккөзге сілтеме жасап хабарлады.

Нақты мәліметтер

Shein-нің Лондонда орналаспай қоюына Қытайдың Құнды қағаздар және фьючерстер жөніндегі комиссиясының (CSRC) келісім бермеуі себеп болған. Енді компания Гонконг биржасында листингке шығуды көздеп отыр. Агенттік дерегінше, алдағы апталарда Shein эмиссия проспектісінің жобасын Гонконг қор биржасына ұсынбақ. Екі дереккөздің айтуынша, IPO осы жылдың соңына дейін өткізілуі мүмкін.

Bloomberg мәліметіне қарағанда, Shein Лондондағы IPO-ға рұқсат алудың баяу жүруіне байланысты Гонконгке бет бұруға мәжбүр болған. Алайда әзірге түпкілікті шешім қабылданған жоқ, келіссөздер жалғасып жатыр.

Shein де, Қытайдың CSRC мекемесі де Reuters-тің пікір беру туралы сауалдарына жауап қайтармаған. Ал Гонконг қор биржасының өкілі нақты компанияларға қатысты түсініктеме беруден бас тартты. Сонымен қатар Reuters компанияның CSRC-ге өтінім беріп, рұқсат алған-алмағанын нақтылай алмаған.

Гонконг — ұтымды шешім бе, әлде қадам артқа ма?

Shein бұған дейін өзін қытайлық емес, жаһандық компания ретінде таныстырып, алдымен Нью-Йорк биржасына, кейін Лондонға шығуды көздеген. Мақсат — Батыс капиталына қол жеткізу, деп жазады Reuters. Renaissance Capital-дың сарапшысы Анджело Бочанистің айтуынша, АҚШ инвесторлары компанияны жоғарырақ бағалауы мүмкін еді.

Компания 2023 жылы жеке инвестициялау кезінде 66 миллиард долларға бағаланған. Ал Лондонда IPO өткізу үшін бұл бағаны 50 миллиард долларға дейін түсіруге дайын болғанын Reuters еске салады.

Гонконгтегі листинг Shein-нің жаһандық стратегиясымен сәйкес келмейді және оның халықаралық беделіне нұқсан келтіруі мүмкін, деп санайды агенттік. Дегенмен бұл шешім жергілікті нарық үшін ірі оқиға болмақ. 2025 жылдың басынан бері Гонконгте IPO және қосымша эмиссия арқылы 9,7 миллиард $ тартылған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда тоғыз есе көп (2024 жылы — небәрі 1,05 млрд $), деп нақтылайды Reuters LSEG деректеріне сүйене отырып.

Ал Лондонда IPO өткізілген жағдайда ол соңғы бірнеше жылдағы ең ірі орналастыру болар еді. Алайда инвесторлар тарапынан компанияның бизнес-моделі мен корпоративтік басқаруына, сондай-ақ сауда тарифтері жағдайындағы тәуекелдерге байланысты алаңдаушылық тудыруы ықтимал еді.

Bloomberg атап өткендей, Shein бұрын да еңбек жағдайларына қатысты сынға ұшыраған. Компанияны саясаткерлер мен құқық қорғаушылар жұмысшылардың құқығын бұзады деп айыптаған.

AJ Bell инвестициялық компаниясының директоры Росс Моулд бұл өзгеріске қатысты былай деп пікір білдірді: «Кейбір инвесторлар бұған көңілі қалып, оны беделге нұқсан мен жіберіп алған мүмкіндік ретінде қабылдауы мүмкін. Ал басқалары, керісінше, компанияның еңбек саясаттары мен жеткізу тізбегіне қатысты мәселелерді ескеріп, бұл шешімді оң бағалайды».

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары