Small-cap акцияларға инвестиция жасайтын қор баж салығынан ең көп зардап шекті

Royce Small-Cap Opportunity қоры Уолл-стриттің аңызға айналған инвесторы Чак Ройс құрған барлық қорлар секілді, кішігірім капитализациялы компанияларға инвестиция салуға мамандандырылған. Алайда, бұл қор президент Трамптың енгізген импорттық баж салығынан ең көп зардап шеккендердің бірі болды, деп анықтады Morningstar рейтингтік агенттігі.
Сонымен қатар агенттіктің мәліметтері бойынша негізгі зардап шеккендер арасында Кэти Вудтың флагмандық ARK Innovation EFT қоры және «қоқыс» облигацияларына инвестиция салатын Fidelity Leveraged Company қоры бар деп хабарлайды Barron’s басылымы.
Morningstar аға директоры Дэн Каллотонның айтуынша «ең көп шығынға шағын және орта капитализациялы компаниялардың акциялары, сондай-ақ қаржылық жағдайы тұрақсыз немесе бизнес-моделі әлсіз эмитенттердің бағалы қағаздары тап болды».
ARK Innovation EFT 3 және 4 сәуірдегі баж салығы енгізілгеннен кейінгі екі күнде 14% жоғалтты. Қордың негізгі салымдары Илон Масктың Tesla электромобиль өндірушісі мен Roblox Corporation компьютерлік ойындар әзірлеушісінде болған.
Royce Small-Cap Opportunity сол кезеңде 13% төмендеді. Портфелінде 230 акциясы бар бұл қор әртүрлі компанияларға жақсы диверсификацияланған, бірақ көбіне акциялары арзандау шағын компанияларға инвестиция жасайды. Мұндай активтер жиі тәуекелге бейім деп сипаттайды Каллотон. Бұл инвестициялық стратегияны ол «немесе той, немесе аштық» деп атады.
Fidelity Leveraged Company екі күнде 14% жоғалтты. Қор негізінен қарыз қаражаттары бар компаниялардың қарапайым акцияларына және сапасы төмен қарыз міндеттемелеріне инвестиция салады. Қор өзінің портфелінде бірнеше табысты идеяларды тапқанына қарамастан әрқашан тұрақсыз болған, дейді Каллотон.








