БастыЖаңалықтар
Бөлісу

Таңғы жаңалықтар: ФРЖ шешімі, Microsoft–OpenAI текетіресі, Трамп пен Иран

Ангелина Клейменова

Ангелина Клейменова

Таңғы жаңалықтар: ФРЖ шешімі, Microsoft–OpenAI текетіресі, Трамп пен Иран

АҚШ-тың Федералды резервтік жүйесі (ФРЖ) мөлшерлемені өзгеріссіз қалдырды, бірақ инфляция мен өсімге қатысты болжамын қайта қарап, «жеңіл стагфляция» қаупін күшейтті. Сонымен қатар Microsoft пен OpenAI арасындағы шиеленісті келіссөздер жалғасып жатыр: Microsoft ЖИ технологияларына қолжетімділікті тиімді шарттармен алмаса, келісімді бұзамыз деп ескертті. Ал ChatGPT жасаушысы коммерциялық құрылымға өтіп, инвестиция тартуға ұмтылуда. Геосаяси тұрақсыздық аясында Дональд Трамп Иранға әскери соққы жасау мүмкіндігін қарастырып отыр, бұл Израильмен қақтығысқа байланысты шиеленісті күшейтті. 19 маусым таңындағы басты жаңалықтарға шолу ұсынамыз.

ФРЖ инфляция қаупіне қарамастан мөлшерлемені төмендету бағытын сақтап отыр

Сәрсенбіде АҚШ Федералды резервтік жүйесі негізгі мөлшерлемені жылдық 4,25–4,5% деңгейінде қалдырды, бірақ 2025 жылы оны екі рет төмендету жоспарын сақтады. Бұл Уолл-стриттің күткен нәтижесімен сәйкес келді. Алайда ФРЖ экономикалық өсім болжамын төмендетіп, инфляция бойынша күтулерін арттырды, бұл сарапшылардың стагфляция – яғни әлсіз өсім мен бағаның жоғары қарқыны қатар жүретін сценарийден алаңдауына себеп болды.

ФРЖ төрағасы Джером Пауэлл «нүктелік диаграммаға» аса мән бермеуге шақырып, ақша-несие саясаты нақты деректерге сүйеніп жүргізілетінін айтты. Негізгі қауіп – кедендік баж салықтарының әсері, олар жұмыссыздық артса да, инфляцияны ұстап тұруы мүмкін.

CNBC-дің хабарлауынша кей сарапшылар бұл жағдай мөлшерлемені төмендетуге мүмкіндік бермейді десе, басқалары бұл шешімді «жұмсақ үзіліс» деп, 2025 жылдың екінші жартысында ФРЖ саясатын жұмсартуға дайын деп бағалауда. Қауіптердің ішінде геосаяси жағдай, сұраныстың баяулауы және ФРЖ-ның мұнай жеткізудегі үзілістер немесе тарифтік шоктарға қарсы құралдарының әлсіздігі аталды.

JPMorgan Asset Management-тің сарапшысы Дэвид Келли мөлшерлемелер жақын арада төмендемейді деп есептейді. «ФРЖ әзірге ондай қадамға бармайды», – деді ол. Morgan Stanley-ден Джим Карон: «Инфляция мен жұмыссыздық тәуекелдері жоғарылап отыр. Бұл жағдай нарықтарда стагфляция сценарийі ретінде қабылдануда, бірақ шын мәнінде бұл — тәуекелдердің бөлінуі», — деді. Comerica Bank-тен Билл Адамстың айтуынша ФРЖ-да тарифтер немесе мұнай тапшылығы сынды стагфляциялық шоктармен күресетін тиімді құралдар жоқ.

Трамп Иранға соққы жасау туралы шешімді соңғы сәтке қалдырды

Сәрсенбіде Дональд Трамп Израиль мен Иран арасындағы әскери қақтығысқа АҚШ-тың араласу мүмкіндігін талқылау үшін кеңесшілерімен кездесу өткізді, деп хабарлайды Bloomberg. Алайда Ақ үй президенттің Иранның ядролық бағдарламасын жоюға бағытталған соққыларға қосылу жөнінде нақты шешім қабылдағанын жариялаған жоқ.

Трамп журналистерге нақты шешім әлі жоқ екенін, бірақ Иран билігін келіссөздердегі баяулық үшін айыптайтынын айтып, Иранның ядролық қаруға ие болуына жол бермейтінін растады. Wall Street Journal-дың мәліметінше сейсенбіде Трамп кеңесшілеріне шабуыл жоспарын мақұлдағанын, бірақ Иранның жауабын күту үшін іске асыруды кейінге қалдырғанын айтқан.

«Не істеу керек екенін білемін. Бірақ мен соғыс секілді жағдайларда шешімді соңғы секундтарда қабылдағанды жақсы көремін», – деді Трамп.

Bloomberg дереккөздерінің айтуынша АҚШ Батыс елдерінің үкіметтеріне Иран берілуге келіспесе, әскери араласатынын жария түрде де, жасырын түрде де ескерткен. АҚШ-тың ықтимал әрекеті алдағы 24 сағат ішінде басталуы мүмкін.

Трамптың айтуынша Иран Вашингтонға делегация жіберіп, келіссөз жүргізуге ұсыныс жасаған, бірақ ол Тегеран мұны жүзеге асыра алатынына күмәнданатынын айтты. Ол Иран ядролық қаруды жасауға «бірнеше апта қалды» деп мәлімдеді — бұл АҚШ барлау қызметтерінің бағасынан нақтырақ.

«Олар сол келісімге келулері керек еді — деді Трамп. — Енді олар сол алғырттығы үшін өкінеді». Израиль шабуыл жасаған жұма күні АҚШ пен Иран делегациялары арасында тағы бір кездесу жоспарланған болатын, бірақ ол өтпей қалды.

Трамптың екіұшты мәлімдемелері Израиль мен Иран арасындағы шиеленістің артуына әсер етуде. Бұрын Таяу Шығыстағы соғыстарға қарсы болған президент бұл жолы АҚШ-тың араласуына қарсы шығатын жақтастарымен келіспеушілікке тап болды, деп жазады Bloomberg.

Microsoft пен OpenAI арасындағы дау ушығып барады

Microsoft пен OpenAI (ChatGPT жасаушысы) арасындағы көп миллиардтық серіктестік болашағына байланысты келіссөздер тығырыққа тірелуі мүмкін. Егер негізгі мәселелер бойынша келісімге келе алмаса, Microsoft келіссөздерден шығуға дайын екенін хабарлады Financial Times.

Келіссөздер сәтсіз аяқталса, Microsoft 2030 жылға дейін OpenAI технологияларына қолжетімділікті сақтап қалмақ. Бұл — бұған дейін жасалған коммерциялық келісім негізінде мүмкін болады. Дегенмен, тараптар күнделікті келіссөздерін жалғастырып, келісімге жетеміз деп үміттеніп отыр.

OpenAI коммерциялық емес ұйымнан кәдімгі корпорацияға айналу үшін Microsoft-тың келісімін алуы қажет. Бұл компанияға қосымша қаржы тартуға және IPO-ға дайындалуға мүмкіндік береді. Келісімсіз OpenAI миллиардтаған инвестициядан — мысалы, SoftBank секілді инвесторлардан айырылып қалуы мүмкін.

Екі тараптың келісе алмай отырған даулы мәселесі  — Microsoft жаңа құрылымда қанша пайыз акцияға ие болуы керек — бұл көрсеткіш 20%-дан 49%-ға дейінгі аралықта талқылануда. Сонымен қатар 2019 жылы Microsoft $1 млрд инвестиция салған кездегі келісім шарттары да қайта қаралуда.

Қазіргі келісім бойынша Microsoft OpenAI модельдеріне эксклюзивті сатылым құқығына ие және компания табысының $92 млрд-қа дейінгі 20%-ын алады. Microsoft бұл шарттардан бас тартуға немесе өз үлесін азайтуға асықпайды.

Келісімдегі даулы мәселелердің қатарында: OpenAI өнімдерін тек Azure бұлттық платформасы арқылы сату құқығы, Microsoft-қа инфрақұрылым ұсынудағы басымдық және OpenAI-дың интеллектуалды меншігіне қолжетімділік бар. Соңғы мәселе — «жалпы жасанды интеллект» (AGI) деңгейіне жеткенге дейінгі құқық — жаңа келісімнен алынып тасталуы мүмкін.

Нарықтағы жағдай

Бейсенбі күні Гонконгтағы Hang Seng индексі Азия-Тынық мұхиты аймағындағы нарықтардың ішінде ең көп құлдырады — 2%-дан астам төмендеді. Инвесторлар АҚШ ФРЖ мөлшерлемені өзгеріссіз қалдырған шешімін және Израиль мен Иран арасындағы қақтығысты бағалап жатыр, деп жазады CNBC.

  • Қытайдың материктік бөлігіне тиесілі CSI 300 индексі 0,78%-ға төмендеді.

  • Жапонияның Nikkei 225 индексі 0,8%-ға, ал Topix 0,52%-ға төмендеді. Оңтүстік Кореяның Kospi индексі 0,15%-ға азайды.

  • Австралиялық S&P/ASX 200 индексі өзгеріссіз қалды.

  • Ал Уолл-стритте сәрсенбі күнгі сауда әртүрлі нәтижемен аяқталды: Dow Jones 44,14 пунктке немесе 0,10%-ға төмендеп, 42 171,66-ға түсті. S&P 500 индексі 0,03%-ға төмендеп, 5980,87-ге жетті. Nasdaq Composite 0,13%-ға өсіп, 19 546,27 деңгейінде жабылды.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары