Таңғы жаңалықтар: Nebius пен Microsoft келісімі, Nikkei рекорды және алтынның өсуі

Қазақстан тумасы, «Яндекстің» негізін қалаушылардың бірі Аркадий Волож негізін қалаған Nebius стартапы Microsoft компаниясымен 19,4 млрд долларға бес жылдық келісімшартқа қол қойды. Сонымен қатар, Жапонияда Nikkei индексі жаңа рекорд орнатып, әлемдік нарықта жасанды жады (AI) саласындағы инвестициялар өсіп жатыр. Cognition атты тағы бір AI стартап 10,2 млрд долларға бағаланып, 400 млн инвестиция тартты. Осы және басқа да маңызды оқиғалар — 9 қыркүйек таңына арналған шолуда.
Nebius пен Microsoft: 19,4 млрд долларлық келісім, акциялар 47%-ға өсті
Nebius Group-тың акциялары АҚШ-тағы кеңейтілген саудада 47%-ға, ал кей сәттерде 60%-дан астамға өсті. Бұл Microsoft компаниясымен жасанды жады модельдерін оқытуға арналған есептеу қуатын жеткізу туралы келісім аясында болды.
Келісім мерзімі – бес жыл, құны – 19,4 млрд доллар. Компания бұрын Yandex NV атауымен танымал болған және қазір Нью-Джерсидегі деректер орталығын пайдаланып, АҚШ-та белсенді кеңеюде. Nebius-тің нарықтық құны 15 млрд доллардан асады.
Microsoft соңғы уақытта OpenAI және басқа серіктестері үшін бұлтты инфрақұрылымды кеңейту мақсатында сыртқы провайдерлермен тығыз жұмыс істеп келеді. Сондай-ақ, ол CoreWeave-пен де миллиардтаған долларлық келісімдер жасасты, ал OpenAI тікелей Google-пен жұмыс істеуде.
Nebius мәліметінше, GPU жеткізілімі 2024–2025 жылдары кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Келісімнің негізгі бөлігі 17,4 млрд долларға бағаланса, тағы 2 млрд-қа дейін кеңейту мүмкіндігі бар. Компания Сан-Франциско, Даллас және Нью-Йорк қалаларында кеңселер ашты.
Nikkei рекорд жаңартты: саяси өзгеріс және жаңа қолдауға үміт
Жапонияның Nikkei 225 индексі премьер-министр Сигэру Исибаның отставкаға кететіні туралы хабардан кейін 1,2%-ға өсіп, тарихи максимумға жетті. Алайда күн соңында өсімін жоғалтып, төмендей бастады.
Күндізгі өсімге технологиялық компаниялар себеп болды: Advantest акциялары 7,6%-ға, Tokyo Electron — 3,6%-ға, ал Renesas — 2,6%-ға көтерілді. Инвесторлар жаңа премьер-министрден экономиканы ынталандыруға бағытталған шараларды күтуде. Сарапшылар Nikkei индексі келесі жылы 46 000 тармаққа дейін өсуі мүмкін дейді. Иена долларға қатысты 0,1%-ға нығайды.
Cognition стартапы — жаңа AI-жалғызмүйіз: 400 млн доллар инвестиция, бағалануы 10,2 млрд
Жасанды жадымен жұмыс істейтін Devin атты бағдарламашы-ботты жасап шығарған Cognition компаниясы Windsurf стартапын сатып алғаннан кейін қарқынды дамып, 400 млн доллар инвестиция тартты. Осы келісімнен кейін компанияның нарықтық бағасы 10,2 млрд долларға жетті.
Инвестициялық раундты Питер Тильдің Founders Fund қоры басқарды. Оған Lux Capital, 8VC және Bain Capital Ventures қосылды. Cognition бас директоры Скотт Ву Devin және Windsurf өнімдерін дамытуға белсенді инвестиция салуды жалғастыратынын айтты.
Қазір Cognition OpenAI, Anthropic және Sierra секілді өз саласындағы «10 млрд долларлық клубқа» кірді.
Алтын бағасы тарихи максимумға жетті: ФРЖ мөлшерлемесін төмендетуі мүмкін
Алтынның бір унциясының бағасы $3647-ден асып, жаңа рекорд орнатты. Бұл АҚШ-тағы пайыздық мөлшерлемелердің төмендеуіне қатысты үмітпен байланысты.
Жұмыспен қамту саласындағы әлсіз статистика нарықтың осы жылы үш мәрте мөлшерлеме төмендетіледі деген күтілімін күшейтті. Сондай-ақ, орталық банктердің белсенді сатып алуы, геосаяси қауіптер және Дональд Трамптың сауда саясатына қатысты алаңдаушылықтар алтынның құнын арттырды.
Goldman Sachs егер инвесторлар облигациядан алтынға бет бұратын болса алтын бағасы $5000-ға дейін жетуі мүмкін деп болжап отыр. ETF қорларына қаржы ағымы да артып келеді.
Нарықтағы жағдай
Жапониялық: Topix -0,5%, Nikkei 225 -0,3% түсті;
Оңтүстік Корея: Kospi +0,9%, Kosdaq +0,5% қосты;
Үндістан: Nifty 50 +0,4% қосты;
Гонконг: Hang Seng +1,5% (2021 жылдан бергі максимум) көрсетті;
Индонезия: Jakarta Composite -1,7%, рупия -1,17% (қаржы министрі отставкаға кетті) құлдырады;
АҚШ: Nasdaq +0,45% (тарихи максимум), S&P 500 +0,21%, Dow Jones +0,25% көтерілді;
Фьючерстер: S&P 500 +0,1%, Nasdaq 100 +0,15%, Dow +0,03% қосты.








