Табысын 41%-ға арттырған Figma-ның есептен кейін акциялары неге құлады?

Дизайнерлерге арналған бағдарламалық жасақтама әзірлеушісі Figma IPO-дан кейінгі алғашқы есебінде тоқсан ішінде табысты 41%-ға ұлғайтқанын хабарлады. Алайда компания сарапшылардың пайда жөніндегі күткенін ақтай алмады. Figma акциялары негізгі сауда сессиясы жабылғаннан кейін құлады.
Егжей-тегжейі
Дизайнерлерге арналған софт әзірлеушінің акциялары есеп жарияланған соң 3 қыркүйекте қосымша саудада 14%-ға арзандап, $58,08 болды. Бұл 2025 жылдың екінші тоқсанына қатысты есептен кейін орын алды. Баға 31 шілдедегі жабылу деңгейінен шамамен 50%-ға төмен түсті, ол — IPO-дан кейінгі алғашқы сауда күні. Сол кезде акциялар $115,5-ке дейін көтерілген еді.
Есепте компания жаңа клиенттердің келуі және бар клиенттермен ынтымақтастықты кеңейту арқылы табысты арттырғанын айтты. Түсім $249,6 млн болды. FactSet дерегінше, бұл сарапшылардың консенсус-болжамына сай келді, деп жазады The Wall Street Journal.
Ал пайда жағы әлсіздеу шықты. Тоқсан қорытындысы бойынша Figma акционерлерге тиесілі $846 мың таза пайда тапты, бұл іс жүзінде нөлдік нәтиже, деп жазады WSJ. Сарапшылар бір акцияға $0,09 пайда күткен. Бір жыл бұрын компания $827,9 млн немесе бір акцияға $4,39 шығын көрсеткен. Ол кезде есепке қызметкерлерге акция төлеуге кеткен $858,4 млн шығын кірген еді.
Есеп соншалықты жаман ба?
Figma сайттар, мобильді қосымшалар және басқа да цифрлық өнімдерге арналған дизайнды бірлесіп жасауға мүмкіндік беретін платформа ұсынады. Компания бас директоры Дилан Филдтің айтуынша, сұраныс ірі корпорациялардан да, стартаптар мен шағын және орта бизнестен де өсіп отыр. Компания тұтынушылардың таза ұстау коэффициентін 129% деңгейінде көрсетті, бұл бар тапсырыс берушілерден түсетін табыстың артқанын білдіреді. CNBC дерегінше, бірінші тоқсанда бұл көрсеткіш 132% болған. Жылдық табысы $10 000-нан асатын клиенттер саны бір жыл ішінде 31%-ға өсті. Ал $100 000-нан жоғары табыс әкелетін клиенттер 42%-ға артты.
Алдағы уақытта Figma жасанды интеллектті дамытуға қаржы сала бермек. Екінші тоқсанда бірнеше ЖИ функцияны іске қосқан компания оларды ұзақ мерзімде ақылы етуге ниетті. «Біз сенеміз: ЖИ дизайнерлер мен әзірлеушілердің жұмыс үдерістерін өзгертуде маңызды рөл ойнайды. Біздің философиямыз — модельдер бізбен бірге жетілуі тиіс», — деді Филд.
Figma қаржылық жылдың соңына қарай табыс $1,02 млрд-тан сәл асады деп болжайды. Бұл өткен жылға қарағанда 37% көп және сарапшылар бағасына сәйкес келеді. Үшінші тоқсанда табыс $263–265 млн диапазонында болады деп күтілуде, бұл шамамен 33% өсім. Сарапшылар $261,7 млн болжап отыр.
Қазір MarketWatch дерегінше, Figma қағаздарын 11 сарапшы бақылап отыр. Олардың жетеуі стартап акцияларын ұстауға (Hold), төртеуі сатып алуға (Buy) кеңес береді. Уолл-стрит консенсус бағасы $75,6 болып тұр, бұл сәрсенбі күнгі негізгі сауда жабылу бағасынан 11% жоғары.
Контекст
Бұл — Сан-Франциско стартапының шілдедегі табысты IPO-дан кейінгі алғашқы тоқсандық есебі. Figma-ның алғашқы орналастырылуы соңғы жылдардағы ең жарқын IPO-лардың бірі болды: акциялар $33 бағасымен орналастырылып, алғашқы сауда күнінде үш еседен астам өсіп, $115,50 деңгейінде жабылды. Содан бері қағаздар айтарлықтай арзандап, 3 қыркүйек кешінде $66,85 шамасында саудаланды.
IPO-дан кейін акцияларды сатуға болмайтын локап мерзімі компания қызметкерлерінің 25%-ы үшін 4 қыркүйек сауда жабылған соң аяқталады. Акциялардың А класының жартысынан астам иелері локапты ұзартуға келісті, ал қалған 35% тек 2026 жылдың тамызында ғана босатылады, деп жазады CNBC.








