Таңғы шолу: ОПЕК+ өндіруді тоқтатады, ал Nvidia-ның озық чиптері тек АҚШ-қа бұйырмақ

АҚШ президенті Дональд Трамп Nvidia Blackwell атты ең алдыңғы қатарлы чиптер тек америкалық компанияларға ғана қолжетімді болатынын мәлімдеді. ОПЕК+ жаһандық мұнай профицитінің артуы мен Brent бағасының барреліне $65-тен төмен түсуіне байланысты 2026 жылдың алғашқы тоқсанында мұнай өндірісінің өсімін тоқтатпақ. Осы және өзге де маңызды жаңалықтар — 3 қараша таңына арналған шолуда.
ОПЕК+ мұнай өндіруді баяулатты
Bloomberg-тің мәліметінше ОПЕК+ желтоқсандағы аздаған өсімнен кейін, 2026 жылдың бірінші тоқсанында мұнай өндірісін арттыруды уақытша тоқтатады. Сауд Арабиясының қолдауымен қабылданған бұл шешім маусымдық сұраныстың төмендеуі және нарықтағы мұнай артықшылығының күшеюімен байланысты. Халықаралық энергетикалық агенттік рекордтық деңгейдегі ұсыныс профицитін болжайды, ал Brent бағасы $65-тен де төмендеп кетті.
Ресейге — картельдің басты серіктесіне — қарсы салынған санкциялар жеткізілімдерге қатысты болжамдарды одан әрі бұлыңғыр етті. Bloomberg-тің сұхбат алған сарапшылары бұл үзілісті «сақтық қадамы» деп бағалайды: бір жағынан — артық ұсыныстан сақтану, екінші жағынан — АҚШ тарапынан отын бағасын төмендету туралы қысымға қарамастан, өз нарық үлесін қорғауға дайын екенінің белгісі.
JPMorgan мен Goldman Sachs сарапшылары мұнай бағасы $60-тан да төмен түсуі мүмкін деп болжайды. Ал 30 қарашаға жоспарланған ОПЕК+ жиыны ұйымның 2026 жылға арналған саясатын айқындауда шешуші болмақ.
Трамп Nvidia Blackwell чиптерін шетелге шығаруға тыйым салмақ
Yahoo Finance-тың хабарлауынша АҚШ президенті Дональд Трамп Nvidia-ның ең заманауи Blackwell чиптері тек америкалық компанияларға арналатынын айтты. Ол: «АҚШ-тан басқа ешкім ең озық чиптерге ие болмайды», — деп, ЖИ-технологиялары саласында экспорттық шектеулерді күшейтуге ишара жасады. Бұл шешім Қытай мен өзге де елдерге қатысты жаңа техноблокада толқынын тудыруы мүмкін.
Алтын бағасы $4000 төмен түсті
Bloomberg-тің дерегінше Қытай алтынның бөлшек сатушыларына берілетін салықтық жеңілдіктердің бір бөлігін алып тастағаннан кейін, алтын бағасы унциясына $4000-нан төмендеді. Алайда кейін қайта өсіп, жарияланған сәтте шамамен $4026 деңгейінде болды.
Жаңа саясатқа сәйкес 2027 жылдың соңына дейін шағын дүкендер енді Шанхай биржасынан алынған алтынды сатқанда ҚҚС-ты шегере алмайды. Бұл жеңілдік енді тек ең ірі ойыншылар — банктер, аффинаж зауыттары мен ірі өндірушілерге ғана сақталады.
Алтын бағасы жыл басынан бері 50%-дан астам өскеніне қарамастан, әлемдегі ең ірі тұтынушы — Қытайдағы өзгерістер нарықта түзету болады деген күдік тудырды. Сарапшылардың айтуынша соңғы «алтын бумы» көбіне Қытай сұранысына емес, орталық банктер мен қорғаныс активтерін іздеген инвесторларға байланысты болғанымен, бұл шара жаһандық көңіл күйді суытуы мүмкін. Дегенмен, ұзақмерзімді перспективада алтынға деген қызығушылық сақталуда.
Baidu автономды көліктер саны бойынша Waymo-ға жетті
CNBC хабарлағандай, Қытайдың Baidu компаниясы Apollo Go қызметі толықтай жүргізушісіз орындалған сапарлар саны бойынша АҚШ-тық Waymo-мен теңесті — 31 қазанға қарай аптасына 250 000 сапар тіркелген.
Apollo Go роботакси жүйесін Ухань, Бейжің, Шанхай және Шэньчжэнь қалаларында белсенді дамытып жатыр. Сонымен қатар Қытайдан тыс — Гонконг, Дубай, Абу-Даби және Швейцарияда да қызмет көрсетуде. Іске қосылғаннан бері 17 млн тапсырыс қабылдап, 240 млн шақырым жол жүрген, оның 140 миллионы — толық автономды режимде. Компанияның мәліметінше, елеулі апаттар тіркелмеген.
Нарықтағы ахуал
— Жапонияның кең Topix индексі 1% өсті, Nikkei 225 — 2,1%-ға көтерілді.
— Гонконгтың Hang Seng индексі 0,9%-ға, материктік Қытайдың CSI 300 индексі 0,1%-ға артты.
— Оңтүстік Кореяда Kospi 2,8%-ға, Kosdaq 1,6%-ға қымбаттады.
— Аустралияның S&P/ASX 200 индексы 0,2%-ға өсті.
— S&P 500 фьючерстері 0,1%-ға, Nasdaq 100 — 0,2%-ға көтерілді, ал Dow Jones Industrial Average келісімшарттары айтарлықтай өзгерген жоқ.








