Tesla дағдарысы тереңдеді: акциялар 9 апта қатарынан құлдырады

Tesla компаниясы қиын кезеңді бастан кешіруде. Wedbush аналитигі Дэн Айвзтің пікірінше, компания Илон Масктың саясатқа тым қатты араласуынан дағдарысқа ұшырап отыр. Жыл басынан бері Tesla акциялары 45%-ға арзандады. Инвесторлар мен сарапшылар енді роботакси мен адамға ұқсас роботтардың таныстырылымын күтуде — бұл Tesla-ның жаңа стратегиясы. Сол арада компанияның автокөлік өндірісі түрлі елдерде жаңа қиындықтарға тап болуда.
Cybertruck-тың артқы панелі қозғалыс кезінде түсіп қалуы мүмкін
WSJ жазуынша, Tesla АҚШ нарығында сатылған барлық Cybertruck үлгілерін кері қайтарып алуда — 46 096 дана. Себебі, болаттан жасалған сыртқы панель қозғалыс кезінде ажырап кетуі мүмкін. Бұл ақауды қашықтан жою мүмкін болмаған. Tesla бұл кемшілікке қатысты 150-ден астам шағым алған.
Bloomberg хабарлауынша, 2023 жылдың қарашасында сатылым басталғаннан бері Tesla Cybertruck үлгісін алты рет кері қайтарып алған. Бұған дейін де презентация кезінде пикаптың терезесін сындырып алған жағдай болған.
Германиядағы жұмысшылардың наразылығы
Tesla-ның Еуропадағы жалғыз зауыты — Германиядағы «гигафабрика» — жұмысшылардың наразылығына ұшырады. IG Metall кәсіподағы жұмысшылардың тым жүктемелі жұмыс тәртібі мен санитарлық үзілістерге мүмкіндік берілмейтініне шағымданған. «Мұндай жағдайда зейнетке дейін жұмыс істеу мүмкін емес», — делінген мәлімдемеде.
Кәсіподақ қосымша үзілістер енгізуді, жұмысшылар құрамын көбейтуді және басшылық тарапынан қысым жасау әрекеттерін тоқтатуды талап етуде. Бұл талаптар жазылған петицияны 10 500 қызметкердің 3000-нан астамы қолдаған.
Аналитиктер Масктан нақты қадам күтеді
Wedbush аналитигі Дэн Айвз Илон Маскты инвесторларды сабырға шақыру үшін екі маңызды қадам жасауға шақырды: Ақ үй мен Tesla арасындағы уақытты тең бөлу және ұзақ күтілген арзан электромобильдерге арналған даму жоспарын жариялау.
Айвз Tesla акцияларына қатысты «Outperform» (қатты өсуі мүмкін) деген рейтинг беріп, бір жыл ішінде олардың бағасы 133% өсіп, $550-ге жетуі мүмкін екенін болжауда.
Министр акция сатып алуға кеңес берді
АҚШ-тың сауда министрі Говард Латник Fox News арнасында сөз сөйлеп, инвесторларға Tesla акцияларын сатып алуға кеңес берді. «Tesla акциялары дәл қазір өте арзан. Олар ешқашан мұндай арзан болмайды», — деді ол.
Бұл мәлімдеме этика тұрғысынан сұрақтар туындатты, деп жазады Seeking Alpha. Себебі, мемлекеттік шенеуніктердің нарыққа әсер етуі дұрыс емес. Айта кету керек, Латник бұрын Wall Street-тағы Cantor Fitzgerald инвестициялық компаниясын басқарған. Осы аптада дәл осы компанияның сарапшылары да Tesla акцияларын сатып алуға кеңес берген болатын.
Нарықтағы жағдай және Германиядағы сатылым
2024 жылдың басынан бері Tesla акциялары 40%-дан астам арзандады, ал желтоқсандағы шарықтау шегінен бері — 50%-ға. Негізгі себептер: автонарықтағы бәсекенің күшеюі, модельдік қатардың ескіруі және Масктың саяси белсенділігіне байланысты жағымсыз реакциялар. Осы аптада Tesla-ны Ванкувердегі автосалоннан алып тастады — ұйымдастырушылар Маскқа қарсы наразылықтардан қауіптенді.
Германияда да жағдай нашар: ақпанда Tesla сатылымы 76%-ға төмендеді, ал жалпы электромобиль нарығы 31%-ға өсті. Бұл құлдырауға Масктың Германиядағы ультраоңшыл AfD партиясын ашық қолдауы да әсер еткен болуы мүмкін, деп жазады Bloomberg.
Нарықтағы рекордты құлдырау
20 наурызда Tesla акциялары тағы 2,5%-ға арзандады. Бұл қатарынан тоғызыншы аптадағы құлдырау болуы мүмкін — бұл компания тарихындағы ең ұзақ сату толқыны, деп жазады MarketWatch.








