UGG және Hoka иесінің акциялары баж салдарынан құлдырады: сатып алуға тұрарлық па?

Америкалық Deckers Outdoor котировкалары ағымдағы тоқсанға арналған әлсіз болжамнан кейін күрт төмендеді. Hoka кроссовкалары мен UGG мех бәтеңкелерін шығаратын компания жылдық болжам беруден бас тартты. Басты себеп — жаһандық нарықтардағы белгісіздік пен сауда баждары әлеуеті. Сарапшылар Hoka брендіне қатысты өсім болжамына күмән келтіріп, таргетті төмендетті. Ал күтпеген жерден сатылымды алға сүйреген UGG болды.
Егжей-тегжейлі
Deckers акциялары Нью-Йорк қор биржасындағы премаркетте 19% құлдырады. Негізгі сауда басталғанда құлдырау 22%-ға жетті — бұл Трамптың ЕО-дан импортқа 50% баж енгізу қаупіне байланысты жалпы нарықтағы төмендеудің аясында орын алды.
Deckers акцияларын жаппай сату, компания ағымдағы тоқсандағы табысы $890–910 млн болады деп мәлімдегеннен кейін басталды — бұл Barron's келтірген FactSet консенсусынан ($925 млн) төмен. Бір акцияға шаққандағы табысын $0,62–0,67 деңгейінде болжайды, бұл сарапшылар күткен $0,79-дан төмен. Сонымен қатар, Deckers басшылығы наурызда басталған қаржы жылына болжам беруден бас тартты, себебі «макроэкономикалық белгісіздік» сақталып отыр.
Reuters мәліметінше, АҚШ — Deckers компаниясы үшін ең ірі нарық, ал өнімінің шамамен 20%-ы Қытайдағы фабрикалардан жеткізіледі. Deckers компаниясының қаржы директоры Стивен Фашинг сарапшылармен өткен телефон конференциясында компания баж салығына байланысты шығындардың бір бөлігін өз мойнына алуға дайын екенін, бірақ АҚШ-та бағаны көтеру мүмкіндігін де қарастырып жатқанын айтты. Бұл қадам «тұтынушылық белсенділіктің жалпы әлсіреуімен» қатар келсе, сұраныстың төмендеуіне әкелуі мүмкін.
Сарапшылар қалай қабылдады
KeyBanc инвестициялық банкі Deckers акцияларының рейтингін «нарықтан жоғары» (overweight) деңгейінен бейтарапқа (sector weight) төмендетті. Банк Hoka брендіне қатысты мәселелерді атап өтіп, «жаңа клиенттер ағынының бәсеңдеуі мен макроэкономикалық қысым, өсім қарқынының айтарлықтай төмендеуіне әсер еткенін жеткізді. Hoka енді басқа серпінді жүгіру брендтерімен салыстырғанда бұрынғыдай бәсекеге қабілетті көрінбейді», дейді KeyBanc.
— Deckers компаниясының инвестициялық рейтингін Telsey Advisory да төмендетіп, акцияларға арналған бағалау таргетін бірден $240-тан $120-ға түсірді. Сол сияқты Evercore ISI де мақсатты бағасын $235-тен $110-ға дейін қысқартты.
— Ал Seaport Research Partners сарапшылары Deckers акцияларына қатысты бейтарап рейтингін сақтап қалды. Олардың айтуынша, компания өткен қаржы жылында пайда мен табыс бойынша нарық күткен көрсеткіштерден асып түскен. Ерекше нәтиже көрсеткен — UGG бренді: оның сатылымы 15% төмендейді деп болжанса да, нақты өсім 4% болған.
— Deckers акцияларына бейтарап рейтингті Wells Fargo да сақтап қалды — Уолл-стриттегі ірі инвестициялық банк, таргетті $120-дан $100-ға дейін төмендеумен шектелді.
— Deckers акцияларына қатысты оптимизмді жалғастырғандар: Truist, Baird, Raymond James, Barclays, BNP Paribas, Needham және TD Cowen. Олар «сатып алу» (Buy, Strong Buy) немесе «нарықтан жоғары» (Overweight, Outperform) рейтингтерін растады, алайда таргетті төмендетті.
— 2025 жылдың басынан бері Deckers акциялары екі есеге арзандады. FactSet дерегінше, 25 сарапшының 15-і бұл қағаздарды сатып алуға кеңес береді, ал сатуға ешкім ұсынбады.








