Негізгі жаңалықтар: Nvidia шығынға ұшырады, алтын бағасы көтерілуде

Дизайнерлерге арналған Figma бұлттық платформасы АҚШ-та IPO-ға өтініш берді. Бұл шешім Adobe компаниясымен жасалмақ болған келісім антимонополиялық шектеулерге байланысты бұзылғаннан кейін, бір жылдан аса уақыт өткен соң қабылданды. Сонымен қатар, Дональд Трамп жаңа тергеу бастай отырып, әлемдік сауда соғысында тағы бір майдан ашуы мүмкін деген қауіптен кейін алтын бағасы рекордтық деңгейге жетті. Ал Nvidia компаниясы H20 графикалық процессорларын Қытай мен басқа елдерге экспорттауға шектеулер қойылғандықтан, тоқсандық шығын ретінде 5,5 миллиард долларды есептен шығаратынын мәлімдеді. 16 сәуірдегі әлемдік БАҚ шолуларында осы және басқа да жаңалықтар туралы оқи аласыз.
Adobe-пен мәміле бұзылғаннан кейін, Figma алғашқы жария ұсынысқа (IPO) өтініш берді
Figma дизайнерлерге арналған бұлттық платформасы Америка Құрама Штаттарында алғашқы жария ұсыныс (IPO) өтінішін берді. Бұл шешім компанияны сатып алу үшін Adobe-пен жоспарланған мәміле антимонополиялық шектеулерге байланысты бұзылғаннан кейін, бір жылдан аса уақыт өткен соң қабылданды. Reuters агенттігінің мәліметінше бұл мәміле іске асқанда бағдарламалық жасақтама стартапын сатып алу бойынша ең ірі келісімдердің бірі болар еді.
2023 жылдың соңында Еуропалық және Британиялық реттеушілер келісімді тоқтатқаннан кейін, Figma-ның IPO-ға шығу мүмкіндігі талқылана бастады. Өткен жылы компанияның құны $12,5 млрд-қа бағаланып, қызметкерлер мен бастапқы инвесторларға өз үлестерін жаңа және бар инвесторларға сату мүмкіндігі берілді.
PitchBook венчурлық капитал бойынша аға сарапшысы Кайди Гаоның айтуынша, “IPO нарығындағы көңіл-күй әлі де әлсіз, ал жоғары құбылмалылық экономикалық саясаттағы айқындықтың жоқтығымен байланысты. Соңғы айларда бірнеше технологиялық стартаптар жария ұсынысқа өтініш бергенімен, кейін жоспарларын кейінге қалдырды”.
2012 жылы Дилан Филд негізін қалаған Figma платформасы сайттардың, мобильді қосымшалардың және басқа да сандық өнімдердің дизайнын жасау, тестілеу және бөлісу үшін қолданылады. Оның клиенттері арасында Adobe, Uber, Spotify және Google бар.
Nvidia $5,5 млрд шығынға ұшырайды, экспортқа салынған жаңа шектеулер кесірін тигізді
Nvidia H20 чиптерін экспорттауға енгізілген жаңа шектеулер салдарынан тоқсандық шығындарды $5,5 млрд-қа дейін жеткізетіні туралы мәлімдеді, деп хабарлады CNBC. Осы хабарландырудан кейін компания акциялары кеңейтілген сауда барысында 6%-дан астам төмендеді.
9 сәуірде АҚШ үкіметі Nvidia-ға бұл чиптерді Қытайға және басқа елдерге экспорттау үшін енді лицензия қажет екенін хабарлады. Бұл шешім, CNBC-дің айтуынша, Nvidia-ның тарихи өсуінің баяулау қаупін көрсетуі мүмкін, себебі американдық билік мұндай чиптерді әскери мақсаттағы суперкомпьютерлер жасау үшін қолдануы мүмкін деп санайды. Компанияның бірінші қаржылық тоқсанның нәтижелері 28 мамырда жарияланады.
Джо Байденнің президенттігі кезінде АҚШ 2022 жылы ИИ чиптерін экспорттауды шектеген, ал 2023 жылы жаңа ережелер енгізіп, одан да жетілдірілген процессорларды сатуға тыйым салды. H20 чипі Қытай нарығы үшін осы шектеулерді ескере отырып арнайы жасалған, және оның 2024 жылы компанияға $12-15 млрд табыс әкелгені болжанған.
Nvidia бас директоры Дженсен Хуанның айтуынша экспорттық бақылау енгізілгенге дейінгі кезеңмен салыстырғанда Қытайдағы сатылымдар екі есеге қысқарды. Ол сондай-ақ Қытайдағы бәсекелестіктің өскенін атап өтті: Nvidia өз жылдық есебінде Huawei-ді қатарынан екі жыл бойы негізгі бәсекелесі деп атаған.
Компания есебіне сәйкес, Қытай сатылым көлемі бойынша АҚШ, Сингапур және Тайваньнан кейін төртінші орын алады. Компанияның кірісінің жартысынан астамы американдық клиенттерден түседі.
Nvidia болашақта чиптерді экспорттауға қосымша шектеулер АҚШ-тың технологиялық көшбасшылығына қауіп төндіріп, бәсекелестікті әлсіретуі мүмкін деп мәлімдейді. Бұған дейін компания 2022 жылғы шектеулерден кейін Қытайдан операциялардың бір бөлігін, соның ішінде тестілеу мен логистиканы, ауыстырған болатын.
2025 жылы Nvidia акциялары негізгі сауда серіктестерінен импортқа жаппай пошлин енгізу туралы Дональд Трамптың мәлімдемесіне байланысты 16%-ға төмендеді.
Азия нарықтары Уолл-стриттің төмендеуі және жаңа баж салықтарына қатысты қауіптерге байланысты құлдырады
CNBC хабарлауынша Азия-Тынық мұхиты аймағындағы нарықтар негізінен төмендеді. Бұған Уолл-стриттің кеше құлдырауы мен АҚШ-тың жаңа баж салықтарына қатысты алаңдаушылықтың күшеюі әсер етті. Инвесторлар компаниялардың қаржылық есептерін саралап, жағдайды бақылап отыр.
Гонконгтың Hang Seng индексі 2,11%-ға төмендеді, Қытайдың CSI 300 индексі 0,84%-ға құлады. Қытай экономикасы бірінші тоқсанда жылдық көрсеткіш бойынша 5,4%-ға өсіп, Reuters сауалнама жүргізген сарапшылардың болжамынан (5,1%) жоғары болды. Бірақ АҚШ-тың тариф саясатына қатысты күмән ірі инвестициялық банктерді Қытайдың экономикалық өсіміне арналған болжамдарын қайта қарауға итермеледі.
Жапонияның Nikkei 225 индексі 0,3%-ға төмендеді, Оңтүстік Кореяның Kospi индексі 0,47%-ға, Kosdaq индексі 0,44%-ға төмендеді. Жалғыз ерекшелік Австралияның S&P/ASX 200 индексі болды, ол 0,19%-ға көтерілді.
Жақында UBS банкі Қытайдың 2025 жылғы экономикалық өсу болжамын 3,4%-ға, ал 2026 жылғы болжамын 3%-ға дейін төмендетті. Банктің Қытай бойынша бас экономисі Тао Ван АҚШ-тың баж салықтарының көтерілуі Қытай экономикасының дамуын 2 пайыздық тармақтан артық төмендетуі мүмкін деп есептейді.
Сейсенбіде Bloomberg агенттігі АҚШ-пен баж салығы соғысының шиеленісуіне байланысты Қытай барлық әуе компанияларына Boeing ұшақтарын қабылдауды тоқтатуға бұйрық бергенін хабарлады. Navellier & Associates компаниясының негізін қалаушы Луи Навельенің пікірінше бұл жағдай екі ел арасындағы келіссөздерді бастау ықтималдығын арттырады. «Boeing пен технологиялық компаниялар Ақ үйге қысым жасай бастағандықтан, Қытаймен сауда жанжалын реттеу мүмкіндігі қазір өсті», — деді Навелье.
Гонконгта саудаланатын қытайлық компаниялардың акциялары сауда соғысының күшеюіне байланысты құлдырап жатыр
Гонконгтағы қытайлық компаниялардың акциялары АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысының күшеюіне байланысты құлдырады, деп хабарлайды Bloomberg.
Hang Seng China Enterprises индексі 3,2%-ға төмендеді, ал CSI 300 материктік индексі 0,9%-ға түсіп, Азиядағы ең нашар көрсеткіштердің бірін көрсетті.
Құлдырау АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігі Nvidia компаниясының Қытайға арналған чиптерінің экспортына жаңа шектеулер енгізгеннен кейін басталды. Бұл жағдай екі ел арасындағы сауда жанжалының тарифтерден бөлек технологиялық секторға да таралу қаупін арттырды. Мұндай шектеулер чип өндірушілерінің табысына соққы болып, Қытайдың жасанды интеллект саласындағы жаһандық амбицияларын баяулатуы мүмкін.
«Гонконгтағы қытайлық акциялардың төмендеуі АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысының тарифтерден басқа салаларға, әсіресе американдық технологиялар мен қаржы нарығына таралу қаупіне байланысты», — деп пікір білдірді Allspring Global Investments портфельдік менеджері Гэри Тан. Оның айтуынша, Nvidia-ға салынған шектеулер қысқа мерзімде Қытайдағы жасанды интеллекттің дамуын баяулатады.
Алтын бағасы рекорд орнатты
Алтын бағасы Дональд Трамп әлемдік сауда соғысында жаңа бағыт ашатын тергеу бастауға тапсырма бергеннен кейін тарихи максимумды жаңартты, деп хабарлайды Bloomberg. Бұл жаңалық инвесторлардың акциялардан бас тартып, қорғаныс активтеріне сұранысын арттырды.
16 сәуір, сәрсенбі күні алтын бағасы 1,4%-ға өсіп, унциясына $3275 деңгейінен асты. Бұл осы аптаның басында орнатылған алдыңғы рекордтан жоғары көрсеткіш. Трамптың маңызды пайдалы қазбаларға баж салықтарын енгізу қажеттілігін анықтауға қатысты тергеу бастау туралы шешімі инвесторлардың алаңдаушылығын күшейтті.
Жыл басынан бері алтын бағасы 20%-дан астам қымбаттады. АҚШ-тың тарифтік саясатының тұрақсыздығы әлемдік нарықтарды тұрақсыздандырып, инвесторларға ұзақ мерзімді шешім қабылдауды қиындатып отыр.
Нарықтың құбылмалылығына қарамастан, ірі банктер алтынға қатысты оптимистік көзқарасын сақтап отыр. Инвесторлар алтынмен қамтамасыз етілген биржалық қорлардағы позицияларын көбейтуде, ал орталық банктер алтын резервтерін ұлғайтып жатыр. Goldman Sachs болжамы бойынша, 2026 жылдың ортасына қарай алтын бағасы унциясына $4000-ға жетуі мүмкін.
«Әлемдік саясаттағы күштердің тепе-теңдігі өзгеруде, — дейді Шанхайдағы Galaxy Futures аналитигі Лючэнь Ван. — Алтын қорғаныс активі ретінде жақын және орта мерзімді кезеңде қымбаттай бермек».








