Мұнай мен Трамп: АҚШ-тың энергетикалық үстемдігіне қандай қауіп төніп тұр?

«Бұрғылай бер, сәулем, бұрғыла» сөзі — Дональд Трамптың сайлауалды науқанының басты ұрандарының бірі болды. Мұнай саласының өкілдері бұл сөзді өздеріне арналғандай қабылдап, оны белсенді қолдады. Өйткені Трамп үнемі АҚШ-тың энергетикалық үстемдігін тілге тиек ететін. Бірақ осы қыста ол ОПЕК елдеріне мұнай өндірісін арттырып, бағаны төмендету туралы үндеу тастағанда, бастапқыда оған аса мән берілмеді. Алайда жағдай күрт өзгерді.
Бір-біріне қайшы келетін жайттар
Трамп инаугурациясынан кейін бірнеше ай өткенде-ақ америкалық мұнай өндірушілер шығындарын қысқартуға мәжбүр болып, өндіру көлемін азайтуды ойлай бастады. Себебі мұнай бағасының төмендеуінен кейбір компаниялар үшін өндіріс тиімсіз бола бастады. Мамыр айының басында америкалық WTI мұнайы барреліне шамамен 57 долларға дейін арзандаса, Brent бағасы 60 долларға түсті. Жыл басынан бері бұл екі марка тиісінше 14,1% және 13,6%-ға арзандап, жұма күні 62,5 $ және 65,4 $ шамасында саудаланды.
Мұнай компанияларының шығындары Трамп енгізген болатқа және өзге де шетелдік өнімдерге салынған импорттық баждар салдарынан күрт өсті. Ал мұнай бағасының қалпына келу перспективалары тым бұлыңғыр. Өйткені АҚШ президентінің бастамасымен басталған сауда соғысы жаһандық экономиканың баяулауына алып келді. Бұдан бөлек, Парсы шығанағындағы елдер кенеттен өндіріс көлемін арттырып, ОПЕК+ аясындағы кейбір мемлекеттер де белгіленген квоталарға қарамастан «бұрғылай» бастады.
Апта ішінде Трамп Таяу Шығыс елдеріне жасаған сапары кезінде ондағы монархтарға мақтау жаудырып, Иранмен ядролық келісімге жақындап қалғанын мәлімдеді. Егер келісім жасалса, мұнай нарығында онсыз да артық ұсыныс бар кезде оған ирандық мұнайдың жаңа көлемі қосылады.
«Мұнай бағасы 50 $ болып тұрған кезде “бұрғылай бер, сәулем” деген болмайды. Бұл екеуі бір-біріне сәйкес келмейді», – дейді АҚШ-тағы жетекші бұрғылау қызметін ұсынатын Patterson-UTI Energy компаниясының бас директоры Энди Хендрикс (Bloomberg келтірген дәйексөз).
ОПЕК+ көлем арқылы табыс табуға көшті
2025 жылғы 15 мамырда Brent маркалы мұнай бағасы 2%-дан аса төмендеді. Бұған АҚШ президенті Дональд Трамптың «АҚШ Иранмен ядролық бағдарлама бойынша келісімге жақын» деген мәлімдемесі себеп болды.
Дегенмен, Иранның сыртқы істер министрі Аббас Аракчи әлдеқайда ұстамды пікір білдіріп, АҚШ-ты келесі келіссөздер кезеңіне реалистік тұрғыдан қарауға шақырды.
Соған қарамастан, «небәрі 24 сағат ішінде жағдай Иранға қарсы жаңа санкциялар енгізуден дипломатиялық серпіліс туралы ашық мәлімдемелерге дейін өзгеріп үлгерді», – дейді A/S Global Risk Management компаниясының бас талдаушысы Арне Лохманн Расмуссен. Оның айтуынша, егер келісім жасалса, жыл соңына қарай мұнай нарығында елеулі артық ұсыныс қалыптасуы мүмкін, әсіресе ОПЕК+ тарапынан жоспарланған өндіру көлемінің артуымен қатар келген жағдайда.
Macquarie банкінің мұнай және газ нарығы бойынша стратегия жөніндегі маманы Викас Двиведидің бағалауынша, егер келісім жүзеге асса, Иранның тәуліктік экспорт көлемі 200–300 мың баррельге артады. Бұл – сәуір айындағы 1,7 млн баррельге қосымша деген сөз.
Ал бұл кезде ұсыныс онсыз да өсіп келеді. ING банкінің шикізат нарығындағы стратегия директоры Уоррен Пэттерсонның айтуынша, ОПЕК+ енді бағаны қорғаудан гөрі нарықтағы өз үлесін сақтап қалуға көбірек көңіл бөле бастады.
Картель мен оған мүше елдер мамыр және маусым айларында жоспардан тыс екі ірі көлемдегі жеткізілім өсімін жариялады. Мұндай тәулігіне 411 мың баррель мұнай щығарылады. Алғашқы жоспар бойынша, ОПЕК+ 18 ай ішінде нарыққа орташа тәуліктік 2,2 млн баррель мұнайды қайта енгізуі тиіс болатын. Алайда Пэттерсон атап өткендей, қазір тек үш айдың ішінде нарыққа 1 млн баррельді қайта жеткізуді көздеп отыр. Егер осы қарқынды сақтаса, 2,2 млн баррель жоспардан 12 ай бұрын қайтарылады.
Бұл өзгерістің басты себебі – ОПЕК+ ішіндегі өсе түскен келіспеушіліктер. Сауд Арабиясы кейбір елдердің, атап айтқанда, Қазақстан мен Ирактың квотадан артық өндіруіне наразы.
Bloomberg агенттігінің хабарлауынша, Қазақстан маусым айында Каспий құбыр консорциумы (КТК) арқылы Новороссийскіден теңіз арқылы экспорт көлемін тәулігіне 1,65–1,7 млн баррельге дейін арттырмақ. Бұл – рекордтық көрсеткіш, оған Қазақстан бір-ақ рет, биылғы ақпанда, Теңіз кен орны кеңейтілгеннен кейін ғана қол жеткізген.
Содан бері КТК арқылы экспорт көлемі ОПЕК+ белгілеген мамыр айындағы 1,4 млн баррельдік квотадан едәуір артық. Bloomberg елдің Энергетика министрлігі деректеріне сүйеніп жасаған есеп бойынша, мамырдағы нақты өндіру көлемі 1,75 млн баррельге жетеді.
Теңіз кен орнын игеруші басты компания – Chevron Қазақстан билігі тарапынан өндірісті шектеу жөнінде ешқандай нұсқау алмағанын хабарлады. Қазақстан ОПЕК+ аясындағы міндеттемелерін орындаудың барлық мүмкін жолдарын қарастырып жатыр, – деп мәлімдеді мамыр айының басында Энергетика министрлігі.
Осының нәтижесінде 2025 жылы әлемдегі мұнай ұсынысы орташа есеппен тәулігіне 1,6 млн баррельге артып, 104,6 млн баррельге жетеді. Бұл – Халықаралық энергетика агенттігінің (ХЭА) жаңа шолуында жарияланған мәлімет. Агенттік сәуір айындағы болжамымен салыстырғанда бұл көрсеткішті 380 мың баррельге жоғарылатты.
Ал сұраныс өсімі, керісінше, баяулайтын болады. Бұған әлемдік экономиканың баяулауы мен электромобильдердің таралуы себеп. ХЭА мәліметінше, бірінші тоқсанда сұраныс тәулігіне 990 мың баррельге артса, қалған уақыт ішінде бұл өсім 650 мың баррельге дейін түседі. Жалпы тұтыну көлемі 2025 жылы 103,9 млн баррельді құрайды.
«Әлемдік нарықта мұнай ұсынысының сұраныстан артық болуы ұзақ мерзімді үрдіске айналды», – дейді мұнай-газ нарығының сарапшысы Михаил Крутихин. ОПЕК+ елдері өндірісті шектеу арқылы нарықты реттей алмайтынын түсініп, енді өздерін шектеуден толық бас тартуға дайындалып жатыр. Сауд Арабиясы бастаған елдер жоғары баға емес, өндіріс көлемі арқылы табыс табуға көшуде.
Осы артық ұсыныстың өсуіне байланысты ING 2025 жылға Brent мұнайының орташа бағасына қатысты болжамын 70 доллардан 65-ке дейін төмендетті. (Bloomberg дерегінше, мамыр айындағы орташа баға –63$, бұл – 2021 жылдан бергі ең төменгі көрсеткіш). Жыл соңындағы жеткізілімдердің артуы мұнай бағасына қосымша қысым жасайды, сондықтан ING IV тоқсанда Brent бағасы барреліне 59 $ болады деп болжайды.
АҚШ-тың энергия саласындағы үстемдігіне қауіп төне бастады
Goldman Sachs сарапшыларының хабарлауынша, Трамп мұнайдың баррелі 40–50 $болғанын қалайды. Әңгіме WTI маркалы мұнай туралы, ол әдетте Brent мұнайынан шамамен 2–3 долларға арзан.
Сарапшылар осы тақырыпта Трамп жазған шамамен 900-ге жуық постты талдап, оның WTI мұнайының ең қолайлы бағасы 40–50 $ аралығында екенін болжады.
«WTI бағасы 50 доллардан асып кеткенде Трамп көбінесе бағаның төмендеуін талап етеді немесе құлдырауына қуанады, – деп жазады Goldman Sachs. Ал баға тым төмен (WTI $30-дан төмен) болғанда, керісінше, оны көтеруге шақырады. Мұндай пікірлер, әдетте, АҚШ-тағы мұнай өндірушілерге қолдау көрсету аясында айтылады». Соңғы рет 2020 жылдың мамырында WTI бағасы 30 доллардан төмен түскен.
Алайда мұндай төмен баға АҚШ мұнай өндірушілеріне тиімсіз. Канзас қаласындағы Федералдық резерв банкі жүргізген соңғы тоқсандық сауалнамаға сәйкес, барланған кен орындарын тиімді игеру үшін WTI бағасы барреліне орта есеппен 65 $ болуы керек. Ал бұрғылау белсенділігін елеулі арттыру үшін 85 $ қажет.
Даллас қаласындағы Федералдық резерв банкі жүргізген зерттеу бойынша, АҚШ мұнай өндірушілері 2025 жылғы инвестицияларын WTI мұнайының 68 $ бағасына негіздеп жоспарлап отыр. Ал инвестиция көлемінің 10%-ға қысқаруы — өндіру көлемінің тәулігіне 400 мың баррельге төмендеуіне әкеледі, дейді S&P Global сарапшылары. Сол баяндамада 2025 жылы америкалық мұнай-газ компаниялары 2024 жылмен салыстырғанда капитал салымдарын 2,5%-ға азайтуды жоспарлап отырғаны көрсетілген.
Бұл деректер Трамп сәуірде жалпы импорттық баж салығын енгізетінін жарияламай тұрып тіркелген болатын, ал сол мәлімдемеден кейін мұнай бағасы қатты құлдырады.
ING және Халықаралық энергетика агенттігі (ХЭА) дерегінше, АҚШ мұнай өндірушілеріне енді өндірісті қысқартуға тура келеді. Вашингтондағы Стратегиялық және халықаралық зерттеулер орталығының аға ғылыми қызметкері Клейтон Сейглдің айтуынша, мұнай бағасы орташа өзіндік құнынан төмен болған жағдайда, компаниялар президенттің энергетикалық үстемдік орнату үндеуіне жауап бере алмайды.
«Инвесторлар үшін АҚШ-тың энергетикалық үстемдігі маңызды емес, оларға энергетикалық дивидендтер қажет», – дейді ол.








