ЖИ дәуірі енді басталды. Инвесторлар үшін Goldman Sachs не ұсынады?

Goldman Sachs сарапшылары баж салығы мен жаһандық белгісіздік жасанды интеллекттің (ЖИ) дамуын тежеп отырғанын талдап, бұл жағдай әлемдегі жеке инвесторлар үшін не білдіретінін түсіндірді.
Олардың пікірінше, ЖИ алдағы жылдардың басты технологиялық трендтерінің бірі болып қала береді. Алайда нарық енді тікелей өсу кезеңінен өтіп, іріктеу, түзету және саяси тұрақсыздық фазасына кіріп отыр. Осындай жағдайда инвесторларға стратегияларын қайта қарау ұсынылады: ауқымды жобаларға бәс тігудің орнына, қазірдің өзінде нәтиже беріп жатқан бағыттарға назар аудару маңызды.
ЖИ-дың шегі мен инвестициялық шындық
Соңғы екі жылда технологиялық алыптар ЖИ-ға 250 млрд доллардан астам қаражат құйды. Атап айтқанда деректер орталықтары, тілдік модельдер және бұлтты шешімдерге дейінгі ауқымды жобалар қамтылды. Alphabet жыл сайын бұл бағытқа 75 млрд $ жұмсаса, Meta шамамен 70 млрд $, Amazon 100–110 млрд $ аралығында инвестиция салуда. Goldman Sachs сарапшысы Эрик Шеридан атап өткендей, «бұл сома бүкіл компаниялардың нарықтық құнына тең, ал олар бұл қаржыны тек ЖИ-ға жұмсап отыр».
Мұндай ауқымды инвестициялар ЖИ көшбасшысы болуға деген ұмтылыспен қатар, артта қалып қоярмын деген қорқыныш барын да аңғартады. Бұрын технологиялық өзгерістер кезінде жаңа компаниялар ескілерін тез ығыстыратын болса, қазір ойын ережесін ірі корпорациялар өздері белгілеп отыр.
Дегенмен, бизнес жағындағы белсенділікке қарамастан, инвесторлар арасында скептицизм басым. Шериданның айтуынша, компаниялар әлі күнге дейін ЖИ-инфрақұрылымның нақты қолданбалы шешімдерге қалай айналатынын көрсете алмай отыр. Ал инвесторлар болса шыдамсыз: «егер нәтиже бір тоқсанға кешіксе немесе болмашы кідіріс болса, нарықтағы оптимизм тез жойылады». Қазір үш-бес жылдық перспективаны күтетін инвестор өте аз, ал қысқа мерзімді тұрақсыздық негізгі назарда қалып отыр.
Компаниялар басымдықтарын өзгертіп жатыр
Meta ЖИ-ға арналған капиталдық шығындарды арттырып жатыр, бірақ бір мезгілде операциялық шығындарын қысқартып, жасанды интеллектті ішкі тиімділікті арттыруға бағыттауда. Шериданның айтуынша, Meta-ның ЖИ саласындағы бес басымдығының төртеуі ішкі міндеттерге арналған: автоматтандыру, дербестендіру және өнімді тез шығаруға қатысты.
Alphabet өз іздеу жүйесіне Gemini моделін енгізіп жатыр, бірақ табысының негізгі бөлігі бұрынғыдай жарнамаға негізделген. Amazon болса қазіргі ЖИ дамуын «бірінші иннингтегі алғашқы соққы» деп сипаттайды. Яғни бұл сала енді ғана дамып келеді және әлі де жетілмеген.
Тарифтер мен саяси тәуекелдердің әсері
Жыл басында Goldman Sachs сарапшылары 2026 жылы технологиялық компаниялардың капиталды шығындары өсуді жалғастырады деп болжаған. Бірақ сол кезде 2024–2025 жылдардағыдай қарқынды болмайтынын және жылдық өсім 10–15% шамасында болатынын атап өткен. Алайда бірнеше ай ішінде бұл болжамдар үш рет өзгерді: әуелі шығындар тым төмен бағаланды, кейін тым жоғары деп танылды, ал АҚШ-тың сауда саясатына қатысты жаңалықтардан кейін қайтадан түзетілді.
Meta мысалы – бұл үрдісті анық көрсетеді. Соңғы тоқсан қорытындысы бойынша компания бір мезгілде капиталды шығындар болжамын арттырып, операциялық шығындарға қойылған жоспарды төмендетті. Конференц-қоңырау барысында атап өтілгендей, капиталды шығындардың бір бөлігі импорттық баж салығымен байланысты — ол деректер орталықтарында қолданылатын жабдық пен бөлшектердің өзіндік құнын өсіріп отыр. Яғни инвестиция көлемі өзгермегенімен, олардың жүзеге асуы қымбаттап барады.
Шериданның айтуынша, қазір инвесторлар бұл шығындардың жұмыс істейтін технологиялық шешімдерге қалай айналатынын көргісі келеді. Бұрынғыдай «үлкен инвестиция — үлкен мүмкіндік» деген түсінік енді жарамсыз. Енді маңыздысы – қандай технологиялар шынымен іске қосылды және олар қаншалықты ауқымды түрде қолданылып жатыр.
Болжамдарды қайта қарау
Қазір инвесторлар бұлтты платформа саналатын AWS, Azure, Google Cloud-қа көбірек назар аударуда. Себебі бұл салада инвестиция мен табыс арасындағы байланыс айқын байқалады. Кейінгі тоқсанда AWS табысы 17%-ға, Google Cloud — 28%-ға, ал Azure — 30%-дан астамға өсті. Бірақ осы көрсеткіштерге қарамастан, нарық ойыншылары болашаққа деген көзқарастарын қайта қарастырып жатыр. Жасанды интеллектке қызығушылық сақталғанымен, ол енді шынайырақ сипатқа ие: инвесторлар нақты өнімдер мен тұрақты бизнес үлгілерін, сондай-ақ түсінікті монетизация жолдарын күтуде.
Тұтынушылық сегментте бәсеке өте жоғары. ChatGPT, Gemini, Meta AI, Perplexity және басқа жобалар әмбебап ЖИ-ассистент болуға таласуда. «Қазір алтыға жуық қосымша смартфондарда басты ЖИ-көмекші болуға жарысып жатыр. ChatGPT алға шықты, Meta жеке Meta AI қосымшасын таныстырды... Тұтынушылық нарықта қатаң бәсеке жүріп жатыр. Алайда инвесторлардың назары барған сайын корпоративтік шешімдерге ауысып келеді», — дейді Эрик Шеридан.
Инвесторлар не істеуі керек?
Жасанды интеллектінің қазіргі кезеңі жеке инвесторлар үшін тақырыптан мүлде бас тартатын уақыт емес, бірақ сонымен бірге шектен тыс оптимизм де орынды емес. Шектеулермен, кідірістермен және саяси тәуекелдердің өсуімен болса да даму жалғасуда. Goldman Sachs сарапшылары өзгерген ортаға бейімделуге көмектесетін бірнеше тәсілді атады.
1. Бұлтты платформалар табысының өсуін бақылау
Шериданның айтуынша, дәл осы салада инвестиция мен кіріс арасындағы тікелей байланыс көрініс табуда. Соңғы тоқсанда AWS табысы 17%-ға, Google Cloud — 28%-ға, Azure — 30%-дан астам өсті. Инвесторлар осындай нақты көрсеткіштерге назар аударады, өйткені олар капиталдық салымдардың нақты жұмыс істей бастағанын көрсетеді.
2. Тұтынушылық ЖИ-қосымшаларға ерте ставка жасамау
Тұтынушылық деңгейдегі ЖИ әлі қалыптасу сатысында. Қазір алтыға жуық қосымша негізгі ЖИ-ассистент болуға таласып жатыр. ChatGPT-нің артықшылығы бар, бірақ Google, Meta және Amazon да өз шешімдерін белсенді дамытып жатыр. Бұл жарыстың жеңімпазы әлі анықталған жоқ.
3. Сауда саясатының әсерін ескеру
Кедендік баж салығы маңызды факторға айналды. Goldman Sachs Global Institute-тің тең жетекшісі Джордж Лидің айтуынша, инвесторлармен әңгімеде бұл тақырып тіпті AWS-ті талқылаудан да басым түсті. Meta компаниясы жабдық бағасының қымбаттауына байланысты капиталдық шығындарды қайта қарап шықты: инвестиция көлемі өзгермесе де, оны жүзеге асыру әлдеқайда қымбатқа түседі. Шериданның айтуынша, тұрақсыз макроортада осындай шығындар бизнес-жоспарларға тікелей әсер етеді.
4. Жай ғана инвестиция көлемін емес, масштабталу мүмкіндігін бағалау
Инвестиция көлемі бұрынғыдай сенімділік көрсеткіші емес. Шеридан атап өткендей, инвесторлар жиі «нақты не жасалды? қалай жұмыс істейді?» деген сұрақтар қоя бастады. ЖИ-дің нақты қолданылу құнын көрсете алған компаниялар нарықта артықшылыққа ие болады.
5. Қолданбалы шешімдерге көңіл бөлген дұрыс
Нағыз серпілістер қолданбалы деңгейде туындайды. Сарапшы Эрик Шеридан мұны Uber мен Airbnb-дің мысалымен түсіндіреді – олар интернеттің жаңа дәуірінде адамдардың мінез-құлқын түбегейлі өзгерткен. Сондықтан ірі компаниялардан емес, нақты қажеттілікті шешетін шағын жобалардан да үлкен табыс тууы мүмкін.








