БастыЖаңалықтар
Бөлісу

АҚШ-та инфляция төрт айдағы ең жоғары деңгейге жетті. Пайыздық мөлшерлеме не болмақ?

Виктория Сирота

Виктория Сирота

Oninvest тілшісі
АҚШ-та инфляция төрт айдағы ең жоғары деңгейге жетті. Пайыздық мөлшерлеме не болмақ?

Маусым айындағы АҚШ инфляциясы туралы есеп көрсеткендей, Федералдық резерв жүйесі (ФРЖ) үшін негізгі көрсеткіш саналатын Core PCE индексі 0,3 пайызға өсті. Бұл – жыл басынан бергі ең жоғары өсімдердің бірі. Сонымен қатар, жалпы PCE индексі де дәл осындай өсімді көрсетті. Екеуі де сарапшылардың болжамынан жоғары болды. Алайда нарық бұл дерекке теріс жауап қатпады. Керісінше, бейсенбі күні АҚШ-тың негізгі биржалық индекстері компаниялардың мықты қаржылық есептері аясында өсті.

Егжей-тегжейі

Core PCE деп аталатын жеке тұтыну шығындарының базалық индексі маусым айында 0,3 пайызға өсті. Бұл көрсеткіш азық-түлік пен энергия бағасындағы құбылмалылықты есепке алмайды. Сондықтан ол ФРЖ үшін инфляцияны өлшейтін басты құрал саналады.

Bloomberg дерегіне қарағанда, сарапшылар бұл көрсеткішті 0,29 пайыз болады деп болжаған. Алайда нақты дерек одан асып түсті. Бұл – жыл ішіндегі ең жоғары қарқындардың бірі. Reuters хабарлауынша, осы маусым айын қоса есептегенде, соңғы 12 айда Core PCE 2,8 пайызға өсті. Сарапшылар бұл көрсеткіш 2,7 пайыз болады деп күткен.

Жалпы PCE индексі де маусым айында 0,3 пайызға артты. Жылдық көрсеткіш бойынша 2,6 пайыз болды. Мамырда бұл көрсеткіш 2,3 пайыз еді. Бұл – ФРЖ белгілеген 2 пайыздық мақсат деңгейінен жоғары. MarketWatch-тың жазуынша, маусымдағы өсім соңғы төрт айдағы ең жоғарысы болды. Бұл да Уолл-стриттің 0,23 пайыздық болжамынан асып түсті. Reuters қосымша ақпарат ретінде сарапшылар жылдық PCE-ні 2,5 пайыз деңгейінде болжайды деп жазды.

Мамырда қысқарған америкалықтардың тұтыну шығындары маусымда сәл артты. АҚШ тұрғындарының жеке табысы да 0,3 пайызға өсті. Бұған дейін мамыр айында табыс күтпеген жерден 0,4 пайызға қысқарған болатын.

31 шілде күні АҚШ-тың негізгі қор индекстері Meta мен Microsoft компанияларының мықты есептері аясында өсіммен ашылды. Reuters дерегінше, S&P 500 индексі 0,5 пайыздан астамға артты. Nasdaq Composite шамамен 1 пайызға көтерілді. Dow Jones 0,1 пайызға өсті.

Бұл нені білдіреді?

Инфляцияның күрт өсуі мен тұтыну шығындарының айтарлықтай өзгермеуі ФРЖ ішінде пайыздық мөлшерлемені болашағына қатысты келіспеушілікті күшейтті. Bloomberg жазуынша, бір жағынан, инфляция төмендеуді тоқтатты. Сонымен қатар, Трамп енгізген баж салығы да бағаға қысым түсіре бастады. Екінші жағынан, тұтыну бәсеңдеді. Еңбек нарығы да салқындай түсті. Бұл экономикалық баяулау қаупін күшейтеді.

Сәрсенбі күні ФРЖ базалық пайыздық мөлшерлемені қатарынан бесінші рет 4,25–4,5 пайыз деңгейінде қалдырды. Алайда Федералдық ашық нарық комитеті (FOMC) мүшелерінің пікірі екіге жарылды. Екі қатысушы ставка мөлшерін төрттен бір пайызға төмендетуді ұсынды. Мұндай келіспеушілік 1993 жылдан бері алғаш рет тіркеліп отыр.

ФРЖ төрағасы Джером Пауэлл осы шешімнен кейін өткен баспасөз мәслихатында инвесторларға үміт бермеді. Ол комитет мүшелерінің көпшілігі «біршама шектеулі» ақша-несие саясатын әлі де орынды деп санайтынын атап өтті. Нарық бұл пікірді «қатал риторика» деп қабылдады. Ал қыркүйекте пайыздық мөлшерлемені төмендетуді күткен трейдерлер үшін бұл суық жаңалық болды.

Пауэлл сондай-ақ сауда саясатының әсеріне назар аударды. Оның айтуынша, Ақ үйдің саудаға қатысты шешімдері әзірге енді ғана инфляция мен бағаға әсер етіп жатыр. Бұған дейін ол бірнеше рет жаз айларындағы нақты көрсеткіштер шыққанға дейін шешім қабылдауды кейінге қалдырғысы келетінін айтқан.

The Wall Street Journal басылымы жазғандай, сарапшылардың көпшілігі сауда шектеулері жылдың соңында инфляцияны одан әрі өсіруі мүмкін деп есептейді.

Bloomberg келтірген мәлімет бойынша, St. James's Place инвестициялық компаниясының бас инвестициялық директоры Джастин Онуэквуси былай дейді: «Қысқа мерзімде баж салығы инфляцияны күшейтеді, ал ұзақ мерзімде дефляцияны тудыруы мүмкін. Бірақ қазіргі жағдайда инфляцияның сипатын анықтау өте қиын».

CME FedWatch қызметінің дерегінше, трейдерлердің тек 39 пайызы ғана қыркүйек айында ставканы төмендетіледі деп болжайды. Алайда 47 пайызы қазанда өтетін отырыстан кейін ФРЖ ставка мөлшерін төрттен бір пайызға төмендетеді деп есептейді.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары