АҚШ-тың Ресей мұнайына енгізген санкциялары жаһандық тәуекел тудырады — ХЭА

Халықаралық энергетикалық агенттігі (ХЭА) 13 қарашада АҚШ енгізген соңғы шектеулерге байланысты Ресей мұнай өндіру болжамының «елеулі төмендеу қаупі» бар екенін атап өтті. Қазірге дейін шикізат ағымдары тұрақты болғанымен, ірі ресейлік мұнай компанияларының жаһандық тізбектерінің бұзылуы әлемдік деңгейдегі салдарға әкелуі мүмкін, деп ескертті агенттік.
Егжей-тегжейлі
Қазан айында АҚШ Ресейге қарсы ең қатаң энергетикалық санкцияларын енгізіп, «Роснефть» пен «Лукойлды» — Ресейдегі ең ірі екі мұнай өндірушіні қара тізімге қосты. 13 қарашада шыққан айлық есепте ХЭА бұл қадамды әлемдік мұнай нарығына әсер ету жағынан санкциялар енгізілгелі бергі ең маңызды шара болуы мүмкін деп атады, деп жазды Bloomberg.
«Ресейден шикі мұнай ағындары әзірге айтарлықтай өзгермегенімен, «Роснефть» пен «Лукойлдың» жаһандық құн жасайтын тізбектерінің бұзылуы Ресей шекарасынан әлдеқайда кең ауқымдағы тәуекелдер туғызады», — деп ескертті ХЭА. Агенттік Ресейдің ағымдағы тоқсанға және 2026 жылға арналған мұнай өндіру болжамын тәулігіне 9,3 млн баррель деңгейінде сақтап қалды — санкциялардың қалай қолданылатыны және оларды айналып өту жолдары туралы ақпарат анықталғанға дейін.
Ресей билігінің шектеулерге тез бейімделдік деген мәлімдемелеріне қарамастан, ХЭА теңіздегі танкерлердегі мұнай көлемі өсіп жатқанын, ал дәстүрлі сатып алушылар тәуекелдерді бағалап отырғанын атап өтті. Ресей жаңа логистикалық тізбектер құру арқылы жағдайды өтеуге тырысуда: агенттік дерегінше, қазанда жаңадан құрылған үш кеме компаниясы тәулігіне шамамен 1 млн баррель ресейлік мұнай мен мұнай өнімдерін экспорттаған. Бірақ соңғы америкалық санкциялар бұрынғыларға қарағанда «күштірек көрінеді» — мұны Үндістанға жөнелтілімдердің азаюы дәлелдейді, деді ХЭА.
Мұнай бағасының ахуалы
Эталондық Brent маркалы мұнайдың және Солтүстік Американың WTI фьючерстері 13 қарашада шамамен 1% қымбаттап, тиісінше барреліне $63,3 және $59-ға дейін жетті. Мұнай бағасы 12 қарашадағы 4%-ға жуық құлдыраудан кейін түзеліп жатыр. Бұл құлдырауға себеп, ОПЕК болжамының өзгеруі — картель 2026 жылы мұнай ұсынысында тапшылық емес, керісінше профицит күтілетінін мәлімдеді.
Батыс санкциялары Ресейден жеткізілімдерді қиындатқанына қарамастан, жаһандық мұнай нарығы 2026 жылы одан да үлкен профицитпен бетпе-бет келеді — тәулігіне 4,09 млн баррельге дейін, яғни әлемдік сұраныстың шамамен 4%-ы. Бұл ОПЕК+ елдері мен басқа да өндірушілердің өндірісті арттыруы және сұраныс өсімінің баяулауы аясында қалыптасады, деп болжады ХЭА.
«Жаһандық мұнай нарығындағы баланс барған сайын бұрмаланып көрінеді, өйткені әлемдік мұнай ұсынысы тез өсіп жатқанда, сұраныс өсімі тарихи өлшеммен алғанда өте әлсіз», — делінген Reuters келтірген ХЭА-ның қараша айындағы есебінде.








