БастыЖаңалықтар
Бөлісу

«Алда одан да қызық істер бар»: «Құлдырауға қарсы ойынның» инвесторы өз қорын жапты

Альберт Фахрутдинов

Альберт Фахрутдинов

«Алда одан да қызық істер бар»: «Құлдырауға қарсы ойынның» инвесторы өз қорын жапты

Америкалық қаржыгер Майкл Бьюрри — жылжымайтын мүлік нарығына қарсы ойыны арқылы «Құлдырауға қарсы ойын» фильміне шабыт берген инвестор  өзінің хедж-қоры Scion Asset Management-ті АҚШ-тың Бағалы қағаздар және биржалар жөніндегі комиссиясы (SEC) тіркеуінен алып тастады. Бұл жөнінде реттеуші басқаратын ашық деректер сайтында хабарланды.

Сайттағы мәліметке сүйенсек, Scion Asset Management қорының тіркеуі 10 қарашадан бастап «тоқтатылған». MarketWatch басылымының жазуынша мұндай тіркеу активтері $100 млн-нан асатын қорлар үшін міндетті. Тіркеудің тоқтатылуы Scion-ның енді SEC-ке есеп тапсырудан босатылатынын білдіреді. Мұндай есептер әдетте ашық түрде жарияланып, инвесторлар мен журналистерге қордың қандай мәмілелер жасайтынын бақылауға мүмкіндік беретін. Investing.com мәліметінше, бұл шешім Бьюрридің енді Scion-ды отбасылық инвестициялық кеңсе ретінде басқаруға көшетінін білдіруі мүмкін. Мұндай формат кеңес беру қызметіне жатады және SEC тіркеуін де, ақпаратты ашуды да қажет етпейді.

Сонымен қатар, әлеуметтік желілерде Scion Asset Management қорының жабылуы мен инвесторларға капиталды қайтару туралы делінген хаттың скриншоты тарады. Онда хатты Бьюрри 27 қазанда жібергені айтылады. Құжатта оның «бағалы қағаздардың құнын бағалау тәсілі біраз уақыттан бері нарықтық шындыққа сәйкес келмей тұрғаны» жазылған. Алайда хаттың түпнұсқалығы ресми түрде расталған жоқ.

Бьюрри қордың жабылуына қатысты ешқандай пікір білдірмеді. Бірақ X әлеуметтік желісіндегі барған сайын белсенді бола түскен аккаунтында ол 25 қарашада «одан да қызығырақ істерге» кірісетінін меңзеді. Сондай-ақ ол БАҚ-ты Palantir Technologies — жасанды интеллект бағдарламалық қамтылым әзірлеушісінің акцияларына арналған пут-опциондарға жұмсаған қаражатын шамадан тыс көрсетуге айыптады. Бьюрридің айтуынша, ол $912 млн емес, бар болғаны $9,2 млн жұмсаған.

Тағы бір жазбасында Бьюрри «Құлдырауға қарсы ойын» фильмінен үзінді жариялап, актер Кристиан Бэйл еденде жатқан кадрды қойды. «Барлығы сәтті өтті, — деп жазды ол. — Әрі бәрі де сәтті өтеді».

MarketWatch еске салғандай, бұл Бьюрридің қорды жапқаны бірінші рет емес. 2008 жылы, яғни Scion Asset Management құрылғанға бес жыл қалғанда, ол өзінің алғашқы Scion Capital қорын да жауып тастаған болатын.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары