Алтын Трамптың сауда қаупі салдарынан қымбаттады. Мұның люкс брендтерге әсері

Алтын бағасының күрт өсуі зергерлік бұйымдар шығаратын жетекші өндірушілердің табысына кері әсер етіп отыр. Олардың ішінде Tiffany брендіне иелік ететін LVMH компаниясы да бар, деп хабарлады сарапшылар. Бағаның көтерілуі АҚШ-тағы сауда баждары мен доллардың әлсіреуімен бірге нарыққа қосымша қысым түсірді. 13 қазандағы саудада алтынның бағасы рекорд орнатып, алғаш рет унциясы 4100 доллардан асты.
Егжей-тегжейі
Kepler Cheuvreux компаниясының сарапшысы Джон Кокстың айтуынша, алтын бағасының өсуі, баж салығы және доллар бағамы жеке алғанда аса қауіпті болмас еді, бірақ үшеуі қатар әсер еткенде бұл жағдай люкс брендтеріне бұрынғы табыс деңгейін сақтауды «айтарлықтай қиындатады». «Маржаға қысымның әсері сөзсіз сезіледі», — деді ол Reuters агенттігіне.
Алайда Vontobel сарапшысы Мануэль Ланг бұл әсер шектен тыс емес екенін айтады. Себебі зергерлік бұйымдардың бағасы қолданылған алтын құнынан орта есеппен он есе жоғары. Ал ең жоғары санаттағы сәндік брендтерде алтынның өзіндік үлесі небары 5–8 пайыз шамасында, дейді Bernstein талдаушысы Лука Солька. Оның пікірінше, мұндай компаниялар үшін тіпті аз ғана баға көтеру алтынның қымбаттау әсерін азайтуға жеткілікті болар еді.
Дегенмен, өндірушілерге маржа шығынын тұтынушыларға толық аудару оңай емес. Бағаны көтеру сұранысқа кері әсер етуі мүмкін, сондықтан мұндай қадамдар өте сақтықпен жасалады, деп жазады Reuters. Мысалы, Cartier және Van Cleef & Arpels брендтерінің иесі Richemont компаниясы зергерлік сегментте мықты көрсеткіштерге ие болғанымен, бұл табыс болжамын жақсартқан жоқ. UBS сарапшысы Зузанна Пуштың айтуынша, бұған себеп — компанияның бақылауынан тыс тұрған факторлар: валюта бағамдары мен алтын бағасы.
Уолл-стрит сарапшылары не дейді?
14 қазанда люкс нарығының әлемдік көшбасшысы LVMH үшінші тоқсанның қаржылық есебін жариялайды. VisibleAlpha болжамына сәйкес, компанияның жалпы кірісі өткен жылдың деңгейінде қалуы мүмкін, бірақ сән және былғары бұйымдар сатылымы шамамен 4 пайызға төмендеп, сағат пен зергерлік бұйымдар сатылымы 1 пайызға өседі деп күтілуде.
Reuters жазғандай, соңғы уақытта Tiffany мен Bulgari (LVMH), Cartier мен Van Cleef & Arpels (Richemont), сондай-ақ Boucheron (Kering) сияқты зергерлік брендтер сән өнімін өндірушілеріне қарағанда жақсы нәтиже көрсетіп келеді. Дегенмен, LVMH компаниясының жалпы табысының тек 12 пайызы сағат пен зергерлік бұйымдардан түседі, ал сән сегменті шамамен жартысын қамтамасыз етеді.
MarketScreener дерегіне сүйенсек, Уолл-стрит сарапшылары LVMH акцияларын «нарықтан жоғары» (Outperform) деп бағалап, сатып алуға кеңес береді. Richemont акцияларына да дәл осындай баға берілген. Ал Kering акцияларына қатысты пікірлер бейтарап — рейтинг «ұстап тұру» (Hold) деңгейінде.
13 қазанда Париж биржасындағы сауда қорытындысы бойынша LVMH акциялары 1 пайызға арзандады. Kering қағаздары 1,7 пайызға төмендеді, ал Швейцарияда Richemont акциялары керісінше 0,5 пайызға өсті.








