Апта жаңалықтары: OpenAI мәмілесі, Трамптың қысымы, биткойн рекорд жаңартты

АҚШ президенті Дональд Трамп жұма күні Truth Social платформасында екі жазба жариялап, Еуропалық Одақ пен Apple компаниясына баж салығын енгізу туралы ескерту жасады. OpenAI өз тарихындағы ең ірі мәмілені жасап, жасанды интеллект негізіндегі гаджет жасаумен айналысып жатыр. Ал биткойн жаңа рекорд орнатты. 19–23 мамыр аралығындағы басты жаңалықтар шолуын ұсынамыз.
Аптадағы қақтығыс: Трамп ЕО мен Apple-ге баж салығымен сес көрсетті
23 мамыр, жұма күні Дональд Трамп Truth Social әлеуметтік желісінде күтпеген жерден Еуропалық Одақтан келетін тауарларға 1 маусымнан бастап 50% көлемінде тікелей баж салығын енгізуді ұсынатынын жариялады. Оның айтуынша, ЕО «өте қиын серіктеске» айналып, өзара сауда шарттарын қайта қарау бойынша келіссөздер «еш нәтиже бермеген».
Сол күні ол Apple-ге де сес көрсетті. Трамптың жазуынша, АҚШ-та сатылатын Apple өнімдері ел ішінде өндіріліп, құрастырылуы керек. «Мен Apple басшысы Тим Кукке бұрыннан айтып келем: АҚШ-та сатылатын iPhone телефондары Америкада жасалуы тиіс, Үндістанда немесе басқа жерде емес», – деді ол. Сондай-ақ Трамп баж салығы басқа да өндірушілерге, оның ішінде Samsung-ке де қатысты болатынын ескертті.
Бұған дейін Apple АҚШ нарығына арналған құрылғылар өндірісін Қытайдан Үндістанға көшіруді жоспарлап отырғанын хабарлаған еді. Себебі АҚШ пен Қытай арасындағы өзара баж салығы үш таңбалы көрсеткішке жетіп, компания сауда соғысының әсерін азайтуды көздеген.
Bloomberg жазуынша, бұл қауіптер АҚШ-тың негізгі тұтыну тауарлары саудасын түбегейлі өзгертіп жіберуі мүмкін, әрі инвесторлар үшін жаңа күйзеліс көзіне айналды. Трамптың мәлімдемелерінен кейін Еуропа мен АҚШ қор индекстері құлдырады. Apple акциялары бір күнде 4%-дан астам арзандады. Reuters хабарлауынша, S&P 500 индексі апта ішінде 2,6%-ға төмендеп, наурыздан бергі ең нашар көрсеткішті көрсетті. Apple акциялары бір аптада 7,6%-ға құлдырап, жұма күнгі саудада 195,27 $ деңгейінде жабылды. Еуропаның Stoxx 600 индексі бір аптада 0,75%-ға төмендеді.
Barclays сарапшыларының пікірінше, егер АҚШ ЕО-дан келетін тауарларға 50% баж салығын енгізсе, бұл елдің ЖІӨ өсіміне қосымша 0,5 пайыздық тармақ салмақ түсіріп, экономиканы рецессия шегіне жақындатуы мүмкін. Ал Citi сарапшылары бұған сақтықпен қарайды: олар бұл салық ұзаққа созылмайды деп есептейді.
Apple-ге қатысты талаптарды сарапшылар орындалуы қиын деп бағалап отыр. Rosenblatt Securities компаниясының аға сарапшысы Бартон Крокеттің айтуынша, Apple өндірісті қысқа мерзімде АҚШ-қа көшіре алмайды. Ал Wedbush Securities сарапшысы Дэн Айвз есептеуінше, iPhone-ды АҚШ-та шығару бір телефонның бағасын 3500 долларға дейін жеткізеді, бұл қазіргі бағасынан 2–3 есе қымбат.
Апта мәмілесі: OpenAI iPhone дизайнерінің стартабын сатып алады
ChatGPT жасаушысы OpenAI 21 мамырда тарихындағы ең ірі мәмілені жариялады: компания жасанды интеллектке негізделген құрылғылар әзірлейтін io стартапын 6,5 млрд долларға сатып алмақ. Бұл стартаптың негізін қалаушылардың бірі — iPhone-ның бұрынғы бас дизайнері Джони Айв.
Қазіргі уақытта OpenAI іс жүзінде тек идея үшін 6,5 млрд $ төлеуге келісіп отыр: io әзірге ешқандай өнімін таныстырмаған. OpenAI өзіне тиесілі жаңа гаджет жасап шығарғысы келеді. Мұндай құрылғы жасанды интеллектіні смартфон мен компьютер экранынан тыс әлемге шығара алады. Бірақ оның нақты қандай болатыны әзірге белгісіз.
Жобаның шығармашылық жетекшісі қызметін Джони Айв атқарады, ал io-ның құрамындағы бұрынғы Apple дизайнерлері мен тағы 55 қызметкер OpenAI құрамына өтеді.
Business Insider басылымының жазуынша, бұл — генеративті жасанды интеллект нарығындағы жаңа кезең. Қазір ірі ойыншылардың бәрінде мықты модельдер бар, бірақ жеңіске жететін — технологияны пайдаланушыға ең тиімді жеткізе білген компания.
Алғашқы құрылғылар 2026 жылы шығарылады деп күтілуде. Мәміле осы жазда жабылады. Ол 5 млрд $ көлеміндегі акциялармен есептесуді және тараптар 2024 жылдың соңында келіскен әріптестікті қамтиды. Bloomberg дерегінше, келісім бойынша OpenAI io стартапының 23%-ын иеленбек.
Апта рекорды: биткойн 111 $ мың деңгейінен асты
22 мамыр, бейсенбі күні биткойн жаңа баға рекордын орнатып, 111 мың $-дан жоғары деңгейге көтерілді. Coin Metrics деректері бойынша, әлемдегі ең басты криптовалюта бағасы 111,53 мың $-ға дейін жетті. Алайда бұл көрсеткіш ұзаққа созылған жоқ: жұма кешінде биткойн шамамен 108 мың $ шамасында саудаланды.
CoinShares компаниясының зерттеу бөлімінің жетекшісі Джеймс Баттерфилл CNBC-ге берген сұхбатында: «Биткойн бағасының өсуіне бірнеше фактор әсер етті: оң динамика, АҚШ-та криптовалютаны реттеу мәселесіне қатысты оптимизмнің артуы және институционалдық инвесторлар тарапынан қызығушылықтың сақталуы», – деді.
Bloomberg басылымы криптонарықтағы соңғы раллиді реттеушілік ортадағы оң өзгерістермен де байланыстырады. АҚШ Сенатында стейблкоиндерге (бағасы дәстүрлі валюталарға байланған цифрлық активтер) қатысты заң жобасы талқылануда. 19 мамыр күні құжат демократтардың бір бөлігінің қарсылығын жеңіп, индустрия үшін маңызды қадамға айналды.
АҚШ-тың ең ірі банкі – JPMorgan-ның бас директоры әрі бұрыннан криптовалюталарға күмәнмен қарайтын Джейми Даймон осы аптада инвесторларға банк клиенттеріне биткойн сатып алуға мүмкіндік беретінін хабарлады. Бірақ ол бұл шешім өзінің жеке көзқарасын өзгертпейтінін атап өтті: «Мен темекі шекпеу керек деп есептеймін, бірақ сіздің темекі шегу құқығыңызды қорғаймын. Сол сияқты, мен сіздің биткойн сатып алу құқығыңызды да қорғаймын», – деді Даймон.
Апта презентациясы: Google инвесторларға не көрсетті
20 мамырда Google компаниясы жыл сайынғы Google I/O атты әзірлеушілерге арналған конференциясын өткізді. Бұл жолғы шараның басты тақырыбы — жасанды интеллект болды. Google жаңа өнім — Flow құралын таныстырды. Ол мәтін немесе графикалық нұсқаулар негізінде қысқа бейнероликтер құрастыра алады.
Flow-да Google-дың ең озық ЖИ шешімдері қолданылған:
• Gemini – мәтінге негізделген ЖИ,
• Veo 3 – видео мен дыбыс жасайтын жаңа модель (диалогтар да жасай алады),
• Imagen 4 – сурет генерациялауға арналған құрал.
Сондай-ақ Google жаңа мүмкіндіктерін таныстырды:
• Google Meet платформасына ағылшын және испан тілдерінде синхронды аударма функциясы қосылды.
• Gmail-де ЖИ енді хаттарды сұрыптап, автоматты түрде жауап жазып бере алады.
• Google Docs енді ЖИ көмегімен қажетті презентация, кесте не есептерді тіркеп ұсынуға көмектеседі.
JPMorgan сарапшылары Google I/O конференциясын «біршама оң бағаланатын» шара деп атап, Google-дың ЖИ саласында көптеген бағыттар бойынша көш бастап келе жатқанын айтты.
Evercore ISI сарапшысы Марк Махани CNBC-ге: «ЖИ жарысында бір ғана жеңімпаз болмайды, бірақ Google өз орнын алдыңғы қатардан ешқайда жібермейтінін дәлелдеді», – деді.
Маск жоспары: әлемдегі ең бай адам Катар форумында не айтты?
Илон Маск Катардағы экономикалық форумда Bloomberg арнасына сұхбат берді. Ол Tesla, Starlink, SpaceX компаниялары туралы, сондай-ақ өзінің саяси жоспарлары жайлы не айтты?
Tesla туралы:
«Алдағы бес жылда мен Tesla компаниясының бас директоры қызметінен кетуді жоспарламаймын... Қазіргі кезде біздің сатылым жақсы жүріп жатыр. Қор нарығы да бұны мойындап отыр — нарықтық капитализациямыз 1 трлн доллардан асты. Біз кейбір солшыл сатып алушыларымызды жоғалттық, бірақ орнына оңшыл клиенттер келді. Қазір біз сұраныс жағынан мәселе көріп тұрған жоқпыз...»
Starlink туралы:
«Болашақта Starlink биржаға шығуы мүмкін. Бірақ мен бұл іске асығудың қажеті жоқ деп санаймын. Биржаға шығу — ақша табудың бір жолы, бірақ ол үлкен үстеме шығындар мен міндетті түрде болатын сот істерімен қатар жүреді».
SpaceX туралы:
«SpaceX — ғарыштық ұшырылымдар саласында үстем ойыншы. Биылғы орбитаға ұшырылатын зымырандардың 90%-ын біз жасаймыз. Қалғанының жартысы — шамамен 5% — Қытайға тиесілі. Тағы 5%-ы бүкіл әлемге, соның ішінде АҚШ-қа да бөлінеді. Яғни, SpaceX жалғыз өзі бүкіл әлемге қарағанда он есе көп, ал Қытайдан жиырма есе көп ұшырылым жасайды... SpaceX дрон өндірмейді. Біз зымырандар, спутниктер және интернет-терминалдар жасаймыз. Қазіргі кезде SpaceX қару-жарақ бизнесіне араласады деп күтпеймін».
Саясат туралы:
«Келешекте мен саясатқа кететін қаржыны айтарлықтай қысқартамын деп ойлаймын».
2024 жылы Маск Трамптың сайлау науқанына 288 млн $ жұмсады және АҚШ-тағы түрлі ведомстволардың шығынын қысқартумен айналысатын DOGE — Мемлекеттік басқару тиімділігін арттыру департаментінің басшылығын қабыл алды.
Апта келіссөзі: АҚШ пен Иран ядролық келісім бойынша ортақ шешімге келе ме?
Жұма күні Римде АҚШ пен Иран арасында ядролық келісімге қатысты тікелей емес жаңа келіссөздер өтті. Reuters-тің хабарлауынша, тараптар нақты келісімге қол жеткізбесе де, диалогты жалғастыруға уағдаласты.
Бұл келіссөздердің мұнай нарығына әсері зор. Иран — ОПЕК құрамындағы үшінші ірі өндіруші ел. Егер келісімге қол жеткізілсе, ирандық мұнай көлемі нарыққа қайта шығып, бағаның төмендеуіне әсер етуі мүмкін.
Бірақ баға әлі де құбылып тұр. Бұған келіссөздер барысына қатысты қайшылықты ақпараттар себеп. Мысалы, сейсенбі күні CNN Израильдің Иранның ядролық нысандарына шабуыл жасау жоспарын жариялаған соң, Brent маркалы мұнайдың бағасы 66 доллардан асып кетті.
Bloomberg атап өткендей, мұндай шабуыл келіссөздер үдерісін тоқтатып, Таяу Шығыстағы тұрақсыздықты күшейтер еді. Аймақ әлемдегі мұнайдың үштен бірін өндіреді.
ОПЕК-те жағдайға қосымша белгісіздік әкеліп отыр. Bloomberg деректері бойынша, ұйым шілде айында мұнай өндірісін тәулігіне 411 мың баррельге арттыруды қарастырып жатыр. Бұл мамыр мен маусымда жоспарланған ұлғайтулардан кейінгі қадам.
Жұма кешінде Brent шілде фьючерстері 64,78 $ деңгейінде саудаланды.
Апта дәйексөзі: Citigroup басшысы инвесторлар мінезі туралы
Citigroup компаниясының бас директоры Джейн Фрейзер былай деді: «Егер сіз нарықтан анықтық іздесеңіз — сәл болсын көңіліңіз қалуы мүмкін. Бірақ егер сіз белгілерді іздесеңіз олар барлық жерде бер. Мемлекеттік облигациялардың табыстылығы өсіп жатыр, ал акция нарығы тұрақсыз. «Тыныш айлақ» саналған доллар күтпеген жерден әлсірей бастады… Инвесторлар бұрынғы сенімдеріне күмән келтіре бастады. Капиталдың қозғалысынан бұл айқын көрінеді. Зейнетақы қорлары мен активтерді басқарушылар енді Жапония, Үндістан мен кейбір Еуропа елдеріне қарай бет бұрды. Хедж-қорлар да таңдаулы бола бастады. Сәуірде акциялар бағасы көтерілген кезде олар қосылуға асықпады. Мемлекеттік қорлар әртараптандыруды күшейтті. Ал долларға қарсы хеджирлеу көлемі соңғы бірнеше жылдағы ең жоғары деңгейге жетті».
Апта барысында бірнеше ірі банк жетекшілері әлемдік нарықтар тәуекел мен стратегияларды қайта бағалау кезеңіне аяқ басты деп мәлімдеді.
JPMorgan Chase басшысы Джейми Даймон Bloomberg-ке берген сұхбатында АҚШ-та стагфляция қаупі туралы ескертті. Себептері: геосаяси шиеленістердің күшеюі, бюджеттік тапшылық және инфляциялық қысым. Ол АҚШ-тың Федералдық резерв жүйесінің байыпты күту позициясын дұрыс деп есептейтінін айтты.
Financial Times мәліметі бойынша, ірі инвесторлар америкалық қарыз құралдарының үлесін азайта бастады. Бұған себеп — Трамптың салықтық бастамалары (олар АҚШ-тың қарыз жүгін арттырады) және жаңа сауда тарифтері, соның салдарынан америкалық қазынашылық облигациялар енді «қауіпсіз аймақ» деген мәртебесінен айырылып жатыр.
30 жылдық облигациялар бойынша кірістілік апта ішінде 5,1% деңгейінен асты.Бұл 2023 жылдың соңынан бергі ең жоғары көрсеткіш.
Goldman Sachs сарапшылары 2025 жылдың І тоқсанында хедж-қорлар АҚШ-тың технологиялық алпауыттарынан үлесін азайтып, америкалық биржаларда тіркелген қытай компанияларының акцияларына көбірек инвестиция жасағанын айтады. Алайда бұл стратегия ақталмады. «Керемет жетілік» — Amazon, Apple, Alphabet, Meta, Microsoft, Nvidia және Tesla қайтадан өсті, ал қытай акциялары жаңа геосаяси тәуекелдердің салдарынан арзандады.








