«Ауыртпалық аяқталады деген кепіл жоқ»: неге сарапшылар Lockheed-ке көңілі қалды

Инвестициялық компания Truist Securities қорғаныс саласындағы алпауыт Lockheed Martin-нің акцияларына деген рейтингін төмендетіп, оларды сатып алу туралы ұсынысынан бас тартты. Бұған күтпеген шығындар мен операциялық іркілістердің толқыны себеп болды. Сарапшылардың айтуынша бұл компанияның ұзақмерзімді өсу стратегиясын қауіпке ұшыратуы мүмкін. Бұл туралы Seeking Alpha хабарлады. Lockheed бұл шығындарды нақты түсіндіре алмай отыр, өйткені олар құпия бағдарламаға қатысты. Бірақ одан да сорақысы – компания құпия жобадан келген бұл шығын соңғысы болатынына кепілдік бере алмайды.
Егжей-тегжейлі
Lockheed Martin компаниясының екінші тоқсандағы есебінде көрсетілген 1,8 млрд доллар көлеміндегі шығындар Truist Securities күткеннен де ауқымды әрі тереңірек болды, деп жазды 22 шілдеде аэроғарыш және қорғаныс өнеркәсібі жөніндегі сарапшы Майкл Чармоли. Ол Lockheed акцияларының рейтингін «сатып алу» деңгейінен «бейтарап» деңгейге (яғни «ұстап тұру» ұсынысына) дейін төмендетіп, мақсатты бағасын 554 доллардан 440 долларға түсірді. Бұл баға акциялардың қазіргі нарықтық құнынан әлі де 5% жоғары.
«Мүмкін бұл жаңа қаржы директорының тағайындалуына байланысты «жалпы тазалау» тоқсаны шығар. Дегенмен, біз болашақта да компания жұмыс істеп жатқан бағдарламалар бойынша қосымша шығындарға тап болуы мүмкін деп есептейміз, өйткені бақылау мен қадағалау күшейді», — деп жазды Чармоли Seeking Alpha-да жарияланған жазбасында.
Екінші тоқсандағы шығындар Lockheed компаниясының аэроғарыш және тікұшақ бөлімшелеріне (Rotary and Mission Systems) қатысты болды және сарапшының пікірінше бұл бұрын қолданылған жобаларды басқару жүйесінде құрылымдық мәселелердің бар екенін көрсетеді.
«Lockheed акцияларының рейтингін төмендетудеміз, себебі басшылықтың жарияланған ұзақмерзімді өсу стратегиясын орындай алатынына сенімсізбіз», — деді Чармоли.
Truist-тің айтуынша негізгі қауіптерге жаңа шығындардың ықтималдығы, еркін ақшалай ағынның (FCF) азаюы және F-35 пен баллистикалық зымырандарға қарсы жаңа буын перехват жүйесі (Next-Gen Interceptor, NGI) сияқты жобалар төңірегіндегі белгісіздік жатады.
Lockheed қандай шығындарды тіркеді:
— 950 млн доллар — Skunk Works бөлімшесінің құпия жобасынан салыққа дейінгі шығын. Бұл бөлімше озық авиациялық және қорғаныс технологияларын жасайды.
— 570 млн доллар — Канаданың әскери-теңіз тікұшақ бағдарламасынан келген шығындар. Мұның себебі – міндеттердің кеңеюі және күтілімдердің қайта қаралуы.
— 95 млн доллар — Түркияға арналған тікұшақ жеткізу бағдарламасынан келген шығын (TUHP). Бұл шығын АҚШ-тың Түркияға қарсы 2020 жылы салған санкцияларына байланысты туындады (С-400 сатып алғаны үшін).
— 66 млн доллар — NGAD (Next Generation Air Dominance) – алтыншы буын жойғыштарын жасау жобасынан келген шығын. Жоба Boeing-ке берілген.
Жалпы шығын көлемі 1,77 млрд доллар болды. Соның салдарынан операциялық маржа 3,1% деңгейіне дейін төмендеді – бұл өткен жылмен салыстырғанда 8 пайыздық тармаққа аз. Аэроғарыш сегментіндегі маржа теріс мәнге (-1,3%) түсті, ал Rotary and Mission Systems бөлімшесінде -4,3%-ға дейін азайды. Бір акцияға шаққандағы түзетілген табыс небәрі 1,46 доллар болды, ал сарапшылар күткен орташа болжам — 6,52 доллар. Демек, жобалар бойынша шығындар әр акциядан 5,83 долларды «жеп қойды».
Болашағы қандай?
Lockheed акцияларына қосымша қысым жасаған тағы бір фактор — компанияның 4,6 млрд доллар салықтық міндеттемеге ұшырауы мүмкін екені белгілі болды. Бұл 2017 жылы мақұлданған, бірақ кейін АҚШ-тың Салық қызметі күмән келтірген есеп саясатының өзгеруімен байланысты. Seeking Alpha-ның хабарлауынша Lockheed осы мақсатта 100 млн доллар резерв жасап, талапқа қарсы арыз беруді, қажет болса, соттасуды жоспарлап отыр.
Truist сондай-ақ Lockheed компаниясының 2026 жылға арналған еркін ақшалай ағыны (FCF) бойынша болжамын 11%-ға төмендетіп, 6 млрд долларға дейін түсірді. Бұл шығындардың ұзақмерзімді салдары болады деген пікір білдірілді. Еркін ақшалай ағын – бұл компанияның операциялық қызметін қаржыландыру, қарыз төлеу, дивиденд төлеу немесе өсуге инвестиция салу қабілетін көрсететін негізгі көрсеткіш. Бұған дейінгі болжамдар FCF өсімі 1–5% аралығында болады деген.
«Екінші тоқсанның оқиғаларын, 2026 жылғы FCF-ке күтілетін қысымды және жобалар бойынша жаңа шығындар қаупін ескере отырып, енді Lockheed өз стратегиялық болжауының жоғарғы шегіне жете алады деп сенбейміз», — делінген Чармолидің есебінде.
Сарапшы ерекше назарды NGI жобасы мен жалпы аэроғарыш бағытына аударады. Оның айтуынша ішкі аудит күшейген жағдайда бұл жерде жаңа мәселелер анықталуы мүмкін. «Бұл бұрын қолданылған жобаларды бағалау және бақылау жүйесінде негізді кемшіліктер болғанын көрсетеді», — деді ол.
2025 жылы салық заңнамасындағы соңғы өзгерістер ақшалай ағынға түсетін қысымды ішінара жұмсартуы мүмкін (күтілетін жеңілдік — 400–600 млн доллар). Алайда сарапшы жалпы ахуалдың әлі де қолайсыз екенін атап өтті.
«Жыл соңына дейін өсімді ынталандыратын факторлар болмағандықтан, Lockheed акциялары бір орнында қалып, бәсекелестерінен арзандау бағамен саудалана береді», — деп түйіндеді Чармоли.
Басқа сарапшылар не дейді?
«Ауыртпалық аяқталады деген ешқандай кепіл жоқ», — деп жазды Vertical Research Partners сарапшысы Роб Сталлард Barron’s басылымында. Оның айтуынша Lockheed басшылығы бұл шығындардың екінші тоқсанда тіркелуінің себептерін түсіндіргенімен, инвесторларға бұл тәуекелдер артта қалды деген сенімді бере алмады. «Lockheed бұл [құпия] Skunk Works жобасының қанша уақытқа созылатынын айта алмайды, өйткені бұл құпия», — деді ол.
Сталлард Lockheed акцияларының мақсатты бағасын 505 доллардан 460 долларға дейін төмендетіп, оларды «ұстау» (Hold) туралы кеңес береді. MarketWatch мәліметінше, Lockheed акцияларын бақылайтын 25 сарапшының 9-ы ғана оларды сатып алуға кеңес береді (бір ай бұрын ондайлар 11 болған). 15 сарапшы — «ұстау» дейді, ал 1-еуі — «сату» ұсынады. Уолл-стриттің орташа болжамы 491,8 доллар, бұл сәрсенбі күнгі жабылу бағасынан 17%-ға жоғары.








